ӨМІР. ӨРТ. АРПАЛЫС

0
357
SONY DSC

Өрт сөндірушінің тыныстіршілігі туралы онша айтыла да, жазыла да бермейді. Біз осы қағиданы бұзуға тырыстық. Алматы қалалық Төтенше жағдай департаментіне қарасты Өрт сөндіру бөлімінің мамандарымен бір тәулік жүріп, күн сайын не түрлі қиындықтармен бетпебет келетін өрт сөндірушінің өмірін көрдік. Осынау кәсіптің қаншалықты күрделі, әрі қиын екендігіне іс жүзінде көз жеткіздік.

SONY DSC

 Әзір…

Асанның қабағында кірбің бар. Бет-аузы кір қожалақ. Көздері ғана жылтырайды. Үсті түтін сасиды. Өз-өзінен жиіркеніп отыр. Тізесін дірілдетіп, дегбір таппай отырған әріптесі Әсеттің бүйірінен нұқып қалды.

– Әй, тыныш отыршы өзің. Онсыз да жүйкем тозып келеді.

Тілсіз жаумен күресетін қауіпті кәсіпті таңдағалы биыл он жылдан асыпты. Қазір тісқаққан, тәжірибелі маманның бірі. Өзінен кейінгілерге ақыл үйрететін жағдайға жетті. Сонда да болса қолқаны қабатын, құрып кеткір түтіннің иісіне үйрене алмай -ақ қойды. Қаланың қайбір түкпірінен өрт шықты десе, қатты қобалжиды. Бірақ қаулаған оттың ортасына қойып кеткенде маңдайынан шып-шып тер шығып, бойындағы қорқынышы да лезде тарап кетеді.

 

img-20140221-wa0017

Былтырғы жылдың 10 айында ел көлемінде 10980 өрт тіркелген. Бұдан келген шығын 3 млрд теңгені құрады. Өрттен қазақ тапқандардың саны – 329 адам, оның ішінде 38-і – бала. Сонымен қатар 452 адам түрлі жарақат алған. Бұдан бөлек, өткен жылы өрт сөндірушілер құны 50 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлікті сақтап қалыпты.

 

Бұдан бір сағат бұрын…

Бүгін қаладағы арнайы киімдер, газ тұтқыштар, жарылғыш заттар сақтайтын қоймадан өрт шықты. Бұлар оқиға орнына қаладағы кептелісті жеті атасына жеткізе сыбап, асығыс -үсігіс жетті. Көліктен апыл– ғұпыл түскен. Сөйтсе, қойманың жертөлесіндегі ескі -құсқы заттарға темекінің тұқылы түсіп кетіп, әжептәуір бықсыған екен. Әйтеуір өрттен ада.

«Осы адамдар қызық. Қойманың алдына үймелемей, ары таман тұрса болмас па еді?» деп ойлаған бұл. Әсіресе, анау бір кебеже қарын орыс кемпір діңкелетіп жіберді.

– Ну…и когда же вы потушите этот пожар? Не мало, не много, целый час уже возитесь.

Салғыласып жатуға дәрмен жоқ. Ал әлгі кемпірдің сабасына түсер түрі көрінбейді.

– Да мы там задохнемся от этого дыма!

Асанның жүйкесі шыдамай кетті.

«Әй, ана қотиын кемпірді әрі әкетші. Даусы жертөлеге дейін жетіп жатыр» деді жанындағы жастау әріптесіне.

Қою түтін тұмшалаған қойманың ішінен көздері ғана жылтырап, шыға-шыға келген өрт сөндірушілерді көргенде әлгі кемпір де жым болды. Тегі түсінсе керек, ойнап жүрмегендерін…

– Түгел түнек. Нақты ненің жанып жатқаны белгісіз. Бірдеңені басып кетіп жарылып кетпесек жарар еді, а?..

Бірнеше жыл бойы бірге істеп келе жатқан Әсеттің әр сөзінің артына «а» мен «ә»-ні жалғап сөйлеріне, төбеден түскендей қойып қалатын қисынсыз әзілдеріне бұл үйреніп кеткен.

Ал бұл жолғы өрт бықсып қана тынды.

 

img-20140227-wa0024 Өткен жылғы өрттен келген шығын Алматы қаласында 172 млн 613 мың теңгені құрады. Былтыр қалада бас-аяғы 651 өрт тіркеліпті. Тілсіз жаудың салдарынан қаза болғандардың саны – 16 адам, сондай-ақ 68 адам түрлі жарақат алған. Дегенмен 2012 жылмен салыстырғанда, былтыр өрт 33 пайызға, адам өлімі 11 пайызға азайған.

 

Шайлығыма жетпейтін айлығым бар

«Бұрынғыдай емес, өрттің салдарынан болатын жайттарға байыппен қарайтын болыппын. Бұл ненің белгісі екен? Бәлкім, етім үйреніп кеткен болар. Әлде жүрегім…»

Мұның ойын Әсеттің даңғырлаған даусы бұзып жіберді.

– Әй, Асан әлгі кемпір сенің әбден ығырыңды шығарды, ә? – деді миығынан күліп. Қағытқысы келіп тұр. Бұл үндеген жоқ. Жауап қатса, әңгіменің ұзаққа созылып кетерін біледі.

Әсет мұның жауабын күтіп жатқан жоқ, әрі қарай өзі жалғастырып әкетті:

– Осы кемпірлерден көресіні көріп болдық, ә? Сол кемпірдің өзіне ана шләнгіні ұстатып қойып, өрт сөндіртіп қояр ма еді? Біресе «кешігіп келді» десе, енді бір кезде «сусыз келді» деп сөгеді. Кешігіп келсек, бекерден бекер соқтыққанша, соның себептерін іздемей ме? Кептеліс. Халық жол бермейді қазір. Өзің де білесің ғой? Есіңде ме, өткенде бір ақымақ тап алдымызға тоқтап, адам алғанын.

Биылғы жыл басынан бері Алматыда 166 өрт тіркеліпті. Ең бастысы, адам өлімі жоқ. Негізінен сауда орындары мен тұрғын үйлер өртенген. Нақтылап айтсақ, жыл басынан бері үш айдың ішінде орын алған өрттің 60 пайызы тұрғын үйлерге тиесілі.

Асан басын изеді.Әңгімеге өзге де өрт сөндірушілер араласа бастады:

– «Сусыз келді» дейді. Ал су тартатын орындарға белгісі тайға таңба басқандай көрініп тұрса да халық көлігін қойып тастайды. Барахолкадағы өрт кезінде соның зардабын тарттық қой.

– Иә, – деді Асан. – Жігіттер әңгіменің ауанын ауыстырсақ қайтеді? Осы от пен судың әңгімесінен шаршап кеттім.

– Әй Асан, айлық қашан түседі екен? – деді осы арада Әсет.

– Әй сен де қоймадың ғой, ит біліп пе ол жағын!

– Кешіктіріп жатыр ғой, бұл жолы…

– Алатының 60-70 мың теңге, қайда қашар дейсің.

– Кредитім қысып барады.

– Сенің бізде істегеніңе қанша болды?

– Жетінші жылға кетті.

– Айлығыңды өсіреміз демей ме?

– Деуі дейді ғой. Ары кетсе, 80 мыңға шығады екен. Онымен қай жыртығымды жамаймын.

– Ее, айлығым шайлығыма жетпейді десеңші одан да. Қосымша жұмыс істесеңші…

SONY DSC

10-15 жылдық өтілі бар өрт сөндірушінің айлығы 80-90 мың теңгенің төңірегінде. Орташа айлық – 70 мың теңге. Ал жұмысқа жаңадан тұрғандар 50 мың теңге айлық алады.

Көлік өрт сөндіру бөлімшесіне жақындай бере кілт бұрылды. Асандар сүртініп, тазаланып та үлгерген жоқ. Аумағы ат шаптырым дүкенді өрт шалыпты. Соған тартып кетті.

Думан Бықай

Алдыңғы ақпаратАлданған ару
Келесі ақпаратАқшадан келген ажал

ПІКІР ЖАЗУ