Ақшадан келген ажал

0
1913

(Болған оқиға ізімен)

 

Талғардың қысы жылдағыдай емес. Қарлы, аязды. Солдат сайынан соққан суық жел өңменнен өтеді. Алатаудың қойнауы аш қасқырдың апанындай ұзақ-ұзақ ұлитынды шығарған…

 

Тасжол бойында талшыбықтай, көркем қыз тұр. Сұлулығы соншалық, аяздың өзі аруды айналып өтетін сияқты: тоңғаны байқалмайды. Тік балтыр, тұран кеуде кермиық әлдебіреулерді күтетіндей: әлсін-әлсін жолға қарайды, ақ білегіндегі ай-күлше сағатына үңіледі. Екі кештің арасында мұндай кербез қызды күттірген кім екен? Сабырын таусып, сағын сындырған қандай жан: ер ме, ез бе?

Тағатын тауысқан аруды бір кезде қиқылдап-шиқылдаған ескі көлікпен келген екі жігіт салып алды. Бойжеткеннің сабырын сарыққан пәтшағарлардың жүзі суық.

Барын киініп, барқыт шүберекке малынған бұл арумен екеудің үлкені таныс. Тұрқы ірі, қара жігіт қыздың көзін жауласа керек. Нәзік жүрек өзінің оқыған, тоқыған біліміне, дәрігер деген кәп-кәдімгідей атына қарамай, жұмыссыз, «сайда саны, құмда ізі жоқ» осы бір пақырды сырттай қалайтын сияқты.

***

Олар ауруханада танысқан. Қара жігіт біреулермен төбелесіп, басын жарып, балтырын жаралап барды қыздың алдына. Ақ халатты абзал жан сүйекті жігіттің шыдамдылығына тәнті болды сол жолы. Дәрігерлік аз ғана жылдарда талай ауруды көрді, бірақ мынадай шыдамды адамды бірінші рет кездестіріп отыр…

Қыздың ықыласын көзқарасынан байқаған ол, жалынып-жалпайып жүріп телефон нөмірін сұрап алды. Одан кейінгі қарым-қатынас достыққа, бірте-бірте сыйлас, жақын жанға ұласты. Бірақ адам тәнін емдейтін қыз оның өзіне жар болмасын іштей сезетін. Өйткені ол мұнымен аралық тастап араласып жүрді. Содан ойлайтын «Қалталы қыз мені қайтсін?» деп. Әсілі, өзіне ықыласы болғанымен, жігіт ретінде ұнатпайтынын дәу қара бірінші күні-ақ аңғарыпты…

Арада апталап ай өтті. Бұл бір күні ақ халатты аруды жұмысынан күтіп алып, үйіне дейін шығарып салды. Көп сырласып, жақын досындай ақтарылды. «Өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» қылып айтып, періште көңілді қанаттандырған. Сол күні қыз оның адамдық қасиетіне іштей риза болып, жол бойы «кісілігі бар жігіт болды-ау» деп ойлады.

Табыссыз болса да, намысты көрінген. Жиі-жиі кафеден тамақтандырып, таксимен үйіне дейін шығарып салып жүрді. Бір күні жұмыс кезінде дәрігер қыз оны шақырып алып, шаруа тапсырады. Шаруа болғанда не дейсің, банк карточкасынан ақша шығарып әкелу. Ол елпек-ті: көнді де, балаша жүгіре кетті. Берген құпия сандарды теріп еді, бір жапырақ карточканың ішінде 220 мың теңге бар деп тілдей қағаз шаққан. Ол осы жасына дейін мұндай көп ақша көрмеген сорлы ғой, көзі жанып, жүрегі аттай тулап кетті-ау! Бірақ ол күні жаман ойы болмады. Тек жол бойы қасындағы сымбатты қызға: «Ақшаң көп екен» деп мағынасыз ыржақтаған.

Сол реткі кездесуден соң, әлгі қараның ішкен асы бойына тарамады. Күндіз-түні дәрігер арудың алақандай карточкасындағы 220 мың теңге есін алатын да тұратын. Күн өткен сайын ол қыздың өзіне емес, ақшасына аңсары ауғандай: көз алды көгілдір ақша, қызыл-жасыл карточка.

Мұны жерлес інісіне айтты. Ол да қаңғырлаған қара «темірінен» басқа түгі жоқ біреу-ді. Қараның сөзіне іштей ынтыққан. Содан «хабаршыға» ақыл айтты. Сол күні бұлар Талғардың тау жағындағы саяжайлардың бірінде «тойғанша» арақ ішті. Арақтың арты қыздың ақшасын қолға түсіру туралы тоқтаммен тынған.

 

***

Дәрігер қыздың жұмысынан ерте шығып, Талғардың тасжолында тас мүсіндей күтіп тұрғаны – солар. Қара жігіт оны туған күнге деп шақырыпты. Бұл сылтауы сезіліп қалмас үшін, кешігіп келген.

Наурыздың басы. Күн ұзармаған. Кешкі сегіздің өзі тас қараңғы. Барын малына киген бардам аруды көрген құмай көздер қызылсыраған құстай жұтынып кетті. Көлік тізгінінде отырған, жас шамасы қызбен құралпы шикіл сары қутыңдап: «Ағамның аңсары кім десем, сіз екенсіз ғой!» деп, қағыта танысты.

— Кімнің туған күні, қайда барамыз? – деп сөз бастады аңғал көңілді ару.

— Досымның. Талғардың бас жағындағы бір ауылда тұрады, сонда барамыз.

— Мен ертерек қайтуым керек. Ертең жұмыс.

— Алаңдама, мына сары қайның тұрғанда ешқайда кешікпейсің.

— «Қайын», «жеңге» дегенді доғарыңдар. Біз доспыз, басқаға жол жоқ.

Қыздың сөзі қатқыл шықты. Екіұдай боп келе жатқан дәуге бұл қамшы басқандай тиген. Мына шикілсарының айтқаны айнымай тұр: «Ол саған тимейді. Бізге оның ақшасы ғана керек» — дейді құлақ түбінінен жаңғырып.

 

%d0%ba%d1%80%d0%b8%d0%bc%d0%b8%d0%bd%d0%b0%d0%bb1

 

Бұлар Талғардан ұзай бере көлікті кілт тоқтатты да, жоспарлағандай сыртқа шығып, әңгіме пісірді. Іле-шала машинаға қайта мініп, тауды бетке алып зырлай жөнелген. Қыз ешнәрседен күдік келтірмейді.

Тасжол біткен жерде, тозған көлік Алатаудың бір суық қойнауына қарай сұғынды. Сол арада әлгі екеу тізгін тартып, қызға тиісе кетті. Нәпсі тәнге де, ақшаға де түскен…

Бұлар өздерімен бірге қара жерді басып жүрген бір адамның арын айрандай төккен соң, оның көзқұрт болған карточкасын алды. Сонан соң мұның арты қалай да жамандыққа соғатынын біліп, арамдықты адам сезбестей, суға ағызып, отқа жағып жібермек ниетте…

 

***

Сол түні қарт тау қатты күңіренгендей: таң ата боз тұман басып, ызғырық ұрды. Қыз дауысы қолат-қолаттың арасында қалып қойғандай, әлсін-әлсін жаңғырады.

Екі күн өткен. Дәрігер қызды жақындары мен дос-құрбылары, әріптестері іздей бастады. Жергілікті сақшыларға да мәлімдеген. Бір жамандықтың болғанын бәрін іштей сезеді.

Арада бір тәулік ауғанда, жіптің ұшы шықты.

Сақшылар із-түссіз жоғалған жанның телефон нөмірін тексеріп, соңғы рет кімдердің хабарласқанын анықтаған. Одан іс мандымаған соң, басқаша амалға көшті. Қыздың карточкасын кімдердің пайдаланғанын анықтамақ. Сол сәтте үш күн бұрын түр-түсі белгісіз бір жігіттің ақша алғанын табады. Қылмыскерлер құрыққа солай түсті.

arest

P.S. Қолды болған банк карточкасында 64 мың теңге болыпты. Мардымсыз тиын-тебен үшін біреудің оң босағасын қызартып отырған «қонаққа» қол жұмсағандардың жауыздығында шек жоқ екен.

 

Жарас КЕМЕЛЖАН

Алдыңғы ақпаратӨМІР. ӨРТ. АРПАЛЫС
Келесі ақпаратБаланың тұсауын дұрыс кесіп жүрміз бе?

ПІКІР ЖАЗУ