Дипломсыз қалаға

0
526

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз нәтижесін берді ме, бермеді ме – әңгімеміз бұл хақында емес. Диплом алып, ауылға ағылған жастан гөрі, дипломсыз қалаға ағылған қаракөздің саны мол екен. Бүгінгі жазбамыз оқуға түсе алмай, ауылдың күйкі тірлігінен безіп, қалаға келген, алып шаһарда жалданып, жанын бағып жүрген қаракөз тағдырына арналады. Алайда кейіпкеріміз «сирек» кездесетін кәсіптен нәсібін айырып жүрген жан.

 

Алматы тұрғындары арасында «Көкбазар» аталып кеткен сауда-саттық орталығы сенбі, жексенбі күндері араның ұясындай құж-құж қайнап жатады. Жұмыстан қайтқан жұрт базарды бір соқпай өтпейді. Әсіресе, базарға жақын маңдағы қала тұрғындары үшін Көкбазар көпір сияқты – олай бір, бұлай бір өткенде бұрылмаса, басы ауырады.

«Түркістан» қонақүйіне қарама-қарсы, көк шатырлы сауда сарайына кіреберісте бұрын «жабайы» сауда жайнап тұратын. Қазір жоқ. Бірақ соның орнында оңалмаған бір тағдыр қалып қойыпты. Оның аты – Мақпал. Кәсібі – кәсіп емес, нәсіп болсын деп қылған нәзік жандыға жат жұмыс (кейіпкердің есімін өзгертіп бердік).

image203

Әжетхана ашқан қыз

 

Мақпал қызды көптен бері көріп жүргем. Көзі мөлдіреген, жүзінен мұң мен сартап уайымның табы арылмаған талдырмаш ару. Ол Көкбазардың қасында дәретхана ашқан. Жұмысын мәдениетті түрде басқаша атайын дегем, бірақ балама таба алмадым. Мақпал осы жұмыспен ауру анасын бағып, студент інісін оқытады. Сөзге сараң. Сондықтан одан жөн сұрау қиынға соқты.

Жуырда Мақпалмен тілдесудің сәтін түсірдім-ау. Екі кештің арасы – жұрт аяғы басылған, базар жабылар шақ болатын. Ол «дүңгіршегінің» (дәретханасын өзі осылай атайды екен) қасында жалғыз отыр екен, жүзі сол баяғы самарқау, салқын. Амандастым. Ернін де жыбырлатпады. Мұнда келетін адамдардың шаруасы белгілі ғой. Ол мені сол көп жұрттың бірі сияқты «қарсы алды». Жүзіме де қараған жоқ. Әңгімені қалай бастарымды білмей: «Мақпал, мен неғылғалы келгем жоқ. Сенімен сөйлесейін деп едім…». Сасқалақтап, сөзімнің құты қашқанын сездім. Ол үндемеді. Орнынан да қозғалмады. Арада біраз уақыт өткенде: «Сонымен сізге не керек?» – деді түйеден түскендей. «Ешнәрсе керек емес, сізбен таныссам, әңгімелессем деп едім. Көптен бері өзіңізді білем,.. осы жерден көріп жүремін», – деп жатырмын. Ол тағы да тоң-торыс қалды. Әңгімені бастап алған соң, етім үйренді ме, сұрағымды ары қарай топырлата бердім.

– Атыңыз кім, қайдан боласыз?

– Үржардан келгем. Атым – Мақпал. Менен не сұрамақшысыз?

– Шынымды айтсам, сіздің жұмысыңыз туралы білсем деп едім.

– Мұның несін білмексің? Өзім де осы жұмыстан ұялып, жерге кірердей болып жүрмін. Бірақ басқа шаруаның жөні болмады.

– Неге, одан да оқымадың ба, қазір оқуға грант көп қой?

– Мен мектеп бітірген жылы әкем электр тоғына түсіп қайтыс болды, шешем ұзақ жылдан бері екі аяғынан жүре алмайды. Сал болып қалған. Ол кезде інім де жас еді. Сөйтіп, Семейдегі Шәкәрім атындағы университетке оқуға түсіп тұрған жерімнен артқа қайттым. Ауылды білесіз: не жұмыс, не тіршілік жоқ. Не керек, осы жаққа ертеректе кеткен нағашыларымның көмегімен Алматыға көшіп келдік.

– Содан?..

– Содан не болушы еді, осы базарға келіп сатушы болдым. Бір жылдай жұмыс істеген соң, қожайыным ақшасы мол жұмыс деп, осы дәретхананы ашып берді (өз сөзіне өзі мырс етті). Кім ойлаған, дәретхана бағып ақша табам деп? Басқа түскен соң амал бар ма, көніп келем. Көнбеске шара да жоқ, дипломсыз тәуір жұмыс болмады. Інімнің оқуы бар, шешемнің дәрі-дәрмегі бар дегендей. Оның үстіне, бір ұйғыр кемпірдің құжырасына айына 15 мың теңге төлеп, паналап отырмыз. Осы ауыртпалықтардың бәрі менің мойнымда.

– Қожайының жұмысыңа ақыңды қалай береді?

– Күніне 1500 теңге беріп тұрады. Базар күндері – сенбі, жексенбіде 3 мың теңгеге шейін алам. Өйткені ол күндері табысымыз 30 мың теңгеге жетеді. Ал басқа күндері 20 мыңға да жетпейді. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген рас қой деймін. Етім өліп кеткен сияқты. Қазір ешкімнен ұялмайтын болдым.

 

Нәзік жүректің жасуы

 

Біз әңгімелесіп тұрғанда бірнеше «клиент» келді. Араларында Мақпалмен шамалас студент қыз-жігіттер бар. Неге екенін, Мақпал оларды көргенде жыландай жиырылып: «дұрыстап отырып, тазалап шығыңдар!» деп дүрсе қоя берді. Сонан соң «алқып-шалқып жүрген осындай қыздарды көрсем, ала алмаған ақым, кегім бардай өзімді ұстай алмай қалам», – деп ашуының себебін түсіндірген болды. Енді қайтсін, тағдырына жазылғанды біреуден көретін шығар.

Мақпал әңгіме арасында «дүңгіршегін» жуып-шайып алды да, қожайынын күтті. Дәретхананың иесі – Сәлима деген жуан сары әйел екен, Мақпалдың қасынан мені көріп, көзі атыздай болды. Сұраулы жүзбен иегін қағып «неғып жүрсің?» дегеннің ишарасын жасады. Менен бұрын Мақпал сөзге араласып «танысым еді, мені шығарып салу үшін күтіп тұр» деді.

Мақпалды шығарып салдым. Менің журналист екенімді білген соң, жол бойы ол оқыған кітаптарын, балалық шағындағы қызықты сәттерін әңгімеледі. Ал мен үнсіз келем. Сөзге араласайын десем, көз алдымнан бір емес мың Мақпалдың тағдыры кетпей, мазам қашты.

 

Жарас КЕМЕЛЖАН

Алдыңғы ақпаратҚазақтың киіз добы
Келесі ақпаратШаңғының төркіні

ПІКІР ЖАЗУ