2018 жылдан бастап дәріні бекітілген бағадан асыра сатуға тыйым салынды

0
152

Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова 2018 жылы елiмiзде енгiзiлетiн жаңа жүйе туралы айтып берді деп хабарлайды Baq.kz.

«Елiмiзде дәрi-дәрмектiң түрi бойынша 70 пайызы отандық дәрiлер, бiрақ ақша құны бойынша отандық дәрiлердiң құны 30-ақ пайыз. Себебi отандық дәрiлердiң құны өте арзан. Ал ең қымбат, инновациялық жаңа дәрiлер, өкiнiшке қарай тек шетелден импортталып әкелiнедi. Осылайша, үкiметiмiз 70 пайыз ақшасын шетелдiк дәрiге жұмсайды», — дедi Айыпханова.

Оның айтуынша, ендi елiмiзде жаңа дәрiлердi сатылымға шығару үшiн олар тiркелiп, бағасы да сол кезде бекiтiледi. Дәрiлердi Алматыда орналасқан ДСМ қарамағындағы Ұлттық тiркеу орталығы тiркейдi. Тiркеу халыққа ашық түрде және қысқа мерзiмде жасалмақ.

«Бiз дәрi-дәрмек бағасын заң бойынша реттемекпiз. Заңға сәйкес, мысалы Қазақстанда жаңа дәрi тiркелсе, оның бағасы сол кезде бекiтiледi. Сол белгiленген бағадан қымбат сатуға ешкiмнiң құқығы болмайды. Бұл бiз үшiн үлкен прогресс болушы едi. Тiркелгенде барлығы өз формуласымен есептеледi. Онда жол, логистика, кеден, барлық шығындар қарастырылады. Тiркеушi ұйым дәрiнiң шығындарын ақтайтындай, сондай-ақ, халыққа аса үлкен ауыртпашылық жүктемейтiндей етiп бағаны бекiтедi. Ал сатып алушыларға, жеке дәрiханаларға дәрiнi белгiленген бағадан қымбат сатуға болмайды. Сәйкес заң қабылданса, 2018 жылдан бастап осы өзгерістi енгiземiз», — дедi Айнұр Айыпханова.

Дегенмен, маман елiмiзде шетелден әкелiнетiн дәрi бағасын қатты арзандата алмаймыз дейдi. Себебi, Түркия дәрi бағасын тым арзандатып жiбергеннен кейiн басқа елдер дәрiлерiн сатудан бас тартқан.
Атап өтсек, елiмiзде дәрi-дәрмек бағасы көршi елдерден төрт есе қымбат.

ПІКІР ЖАЗУ