Сәкен Жүнісов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды

0
262

Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, драматург, көзі тірісінде Сәкен сері атанған жазушы Сәкен Жүнісов тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Шығармашылығын өлең жазудан бастап, прозамен жалғастырған Сәкен Жүнісов 117 пьеса жазған. Кейін «Жапандағы жалғыз үй», «Аман-ай мен заман-ай», «Ақан сері», «Жаралы гүлдер» секілді ірі туындылары дүниеге келді. Сәкен Нұрмақұлы көзі тірісінде 40-тан аса ғылыми еңбек жазған. Ал оның драмалық шығармалары көп жылдар бойы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының репертуарынан түскен емес.

Көптеген пьесалары облыс театрларында да қойылған. 1996 жылы дүниеден өткен жазушыға арада 20 жылдан астам уақыт өткенде ескерткіш тақта ашылып отыр. «Ештен кеш жақсы» демекші, кеш те болса құптарлық іс. Бұл туралы жазушының замандасы, режиссер Есмұхан Обаев: – Ақ жарқын, сұлу жүзді, жаны да сұлу, жан тербететін дүниелер жазған адам. Тапсырыспен жазбаған ешқашан. Оған ескерткіш қойса да болады. Осының өзін кеш қойып тұрмыз ба деймін. Сәкен кеткелі қанша уақыт болды. Әлі болады ғой, ұрпақ бар алда, — деп лебізін білдірді, ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында.

adebiportal.kz

ПІКІР ЖАЗУ