Вторник, Октябрь 16, 2018
Қазақстан қолма-қол ақшадан бас тартуға дайын ба?

Қазақстан қолма-қол ақшадан бас тартуға дайын ба?

0
283
Қазақстанда төлемдердің небәрі 18 пайызы ғана несие картасы арқылы жасалады. Неліктен? Ал толықтай қолма-қол ақшасыз төлем жүйесіне өтуге не кедергі?

Бұл мәселені шешу үшін Ұлттық Банк бар мүмкіндікті жасап жатыр. Қаржы реттеушінің ресми ақпаратына орай, тәуелсіздік алғалы елімізде 25 миллион Visa картасы шығарылған. Бірақ кез келген дүкеннен терминал табылмайтындықтан, әзірге электронды төлемге толықтай өту мүмкін болмай тұр.

«Қазіргі таңда, Қазақстандағы әрбір екінші қаржы операциясы электронды түрде жүзеге асырылады. Сондықтан Ұлттық Банк электронды валюта түрлерін енгізуді де қарастырып жатыр», – дейді ҚР ҰБ төлем жүйелерінің саясаты басқармасының жетекшісі Алина Иманғазина.

Иманғазина ханымның айтуынша, цифрлық қоғамды құру адамдардың ақшаны қолдануға деген көзқарасын өзгертеді. Қазір ешкім кезекте тұрып, қолма-қол ақшамен есеп айырысқысы келмейді. Несие картасымен барынша тез интернет арқылы транзакцияны жүзеге асыруға бейім.

Ашық экономика

Әрбір қаржы операциясының онлайн режимде жасалғаны кез келген ел үшін де тиімді. Себебі онлайн төлем туралы мәлімет ақпараттар қорында сақталады. Бұл қаржы айналымының көлемін анықтауға және ел азаматтарының салық төлеуін қадағалауға мүмкіндік береді.

Мысалы, Нью-Йорктің Таймс-скверіндегі фотографтар онлайн төлемді қабылдау үшін терминалдың орнына өзінің смартфонын пайдаланады. Оған картаның чипін сканерлейтін қосалқы құрылғыны біріктірсе болғаны. Осылай клиенттің де талабын орындап отыр.

Дамыған елдерде смартфондарды төлем жасауға қолданумен қатар, терминалдардың орнын да ауыстырып үлгерген

Дамыған елдерде төлем жасауға смартфондарды қолданумен қатар, терминалдардың орнын да ауыстырып үлгерген / Сурет cultofmac.com сайтынан алынды

«Цифрлық экономика дамыған сайын, ел экономикасы да өркендей береді. Соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз төлем жасауға қоғамды үйрету үдерісінің жылдам өріс ала бастағаны байқалады», – дейді Altyn Bank АҚ басқарма төрағасы Асқар Смағұлов.

Altyn Bank өкілінің айтуынша, екінші деңгейлі банктер есепшотты қашықтықтан ашу жүйесін құрастырып жатыр. Ол үшін электронды үкімет қызметтерінің аналогын жасау керек. Себебі жеке куәліктің жалған түрлері де бар болуы мүмкін.

Электронды төлем

Қазіргі таңда, Алматы не Астана қаласында қолма-қол ақшасыз өмір сүруге болады. Ол үшін бұл қалаларда барлық жағдай жасалған. Десе де, кейбір қызмет орындары мен сауда орталықтарында терминал жоқ. Сондықтан күндік жоспарды алдын ала жасап алған абзал.

«Көптеген сарапшылар Қазақстанның цифрлық қоғам құруға дайын емес екендігін айтады. Өзге дамыған елдерге қарағанда кешігіп жатқанымыз рас. Бірақ бұл бізге керісінше, оңтайлы болуы мүмкін. Себебі сынақтан өтпеген жүйелерді енгізбей, тиімді жобаларды кіріктіре аламыз», – дейді «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығының (АХҚО) әкімшілігі басқармасының жетекшісі Нұрлан Құсайынов.

Құсайынов мырзаның айтуынша, АХҚО әртүрлі қаржы технологияларын (финтех) сынақтан өткізетін полигонға айналады. Орталықтың өзіндік шешімдері мен ережелері болмақ.

«Қазан айының басынан стартаптарды сынақтан өткізуді бастаймыз. Басты назар криптовалютаға ауып отыр. Ал блокчейн криптовалютаға қарағанда көбірек қолданысқа ие. Бірақ сенімсіздігі де бар. Сондықтан оларды қай салаға кіріктіру керек екенін әзірге шешкен жоқпыз», – дейді Нұрлан Құсайынов.

Apple (Apple Pay) мен Samsung (Samsung Pay) қаржы технологиялық компаниясына айналып үлгерген. Өкінішке орай, олардың төлем қызметтері әзірге елімізде танымал емес

Apple (Apple Pay) мен Samsung (Samsung Pay) қаржы технологиялық компаниясына айналып үлгерген. Өкініштісі, олардың төлем қызметтері әзірге елімізде танымал емес / Сурет passkit.com сайтынан алынды

Онлайн банкинг

GFK сараптамалық агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстандағы компаниялардың 88 пайызы тауар алмасу үдерісін қолма-қол ақша алу арқылы жүзеге асырып жүр. Ал олардың 19 пайызы электронды төлем жүйесімен мүлде жұмыс істемейді.

Екінші деңгейлі банктердің арасында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша Қазком жетекші орында тұр. Ал Халық банк жалақыны несие картасы арқылы төлеуден бірінші орында.

GFK cараптамалық агенттігі мамандары жүргізген сауалнама қазақстандықтардың 37 пайызы картадағы ақшасын банкоматтан шешім алып, сосын тұтынатындығын көрсетті. Ал 13 пайызы картамен төлем жасайды. Сауалнамаға қатысқандардың 28 пайызы несие картасын интернет саудасына жиі пайдаланады. Одан қалған 22 пайызының электронды төлем жасауға несие карталары жоқ болып шыққан.

Fortebank мобильді қосымшасы MobiEvent'17 халықаралық конференциясында үздік деп табылды. Қосымшаны британдық Monitise Create компаниясы жасаған

Fortebank мобильді қосымшасы MobiEvent’17 халықаралық конференциясында үздік деп табылды. Қосымшаны британдық Monitise Create компаниясы жасаған / Сурет youtube.com сайтынан алынды

Сауалнама есебіне сүйенсек, қазақстандықтардың 55 пайызы несие картасы арқылы капиталын бақылауды жеңілірек деп тапса, 53 пайызы төлемнің жылдам әрі қауіпсіз екенін айтқан. Ал 46 пайызы төлем жасау кезінде әртүрлі қиындықтарға тап болған, 32 пайызы қауіпсіздіктің нашар екенін білдірген.

Қаржы сауаты

Қазақстан халқының қаржы сауаты Ресей не Украина тұрғындарына қарағанда төмен. Десе де, үлкен сауда орындарының иелері касса арқылы өтетін қаржының барынша онлайн түрде болғанын қалайды. Себебі жасалатын электронды төлемдер туралы мәлімет үнемі ақпараттар қорында сақталады. Ал қолма-қол қабылданған төлемде қателік кетеді не ақша жымқыру жағдайлары болуы мүмкін.

Америкалық Moody’s сараптамалық агенттігі электронды төлем жүйелеріне байланысты макроэкономикалық зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде экономикаға онлайн транзакцияларды кіріктіру соңғы бес жылда айтарлықтай өскенін көреміз.

Мысалы, 2011-15 жылдар аралығында тек онлайн транзакция санының артуынан әлемнің жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) мөлшері 296 миллиард АҚШ долларына өскен. Бұл Жер тұрғындарының қаржы сауатының артуы мен тұтыну мүмкіндігінің өсуіне байланысты болып отыр.

Картадан қолма-қол төлеу

Қазіргі Қазақстан қоғамында 18 жастан жоғары азаматтардың небәрі 15 пайызы өзін қаржы саласында сауаты бар деп санайды. Олар төлемнің тез әрі қауіпсіз орындалғанын басты құндылық деп біледі. Демек, электронды төлем жүйесін қолдайды.

Қазпошта қызметтерінің ретіне электронды төлемдерді де кіріктірген оның бұрынғы басшысы - Бағдат Мусин. Топ-менеджер бүгінде ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке жетекшілік етуде

Қазпоштада электронды төлемдерді енгізген оның бұрынғы басшысы — Бағдат Мусин. Ол қазір ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке жетекші / Сурет post.kz сайтынан алынды

Бірақ қоғамның екінші бөлігі, яғни тек қолма-қол ақша алып үйренген азаматтар мұндай өзгеріске бейімделгісі келмейді. Мысалы, үй күзетшісі сынды жалдамалы жұмысшылар төлемнің қолма-қол болғанын жөн көреді. Бұл мәселені Қазпошта шешіп отыр.

«Біз несие картасын қолданбайтын азаматтарға жасалатын төлемнің жартылай болса да онлайн болғанын қалаймыз. Мысалы, сіз өзіңізге жұмыс істейтін азаматқа еңбекақысын қолма-қол бермей, оның Қазпоштадағы есепшотына өз картаңыздан белгілі соманы аудара аласыз. Ал ол Қазпоштаның кез келген бөлімінен өз ақшасын шешіп алуына болады», – дейді «Қазпошта» АҚ қаржы қызметтер жөніндегі басқарушы директоры Айнұр Күнқожаева.

Айнұр Күнқожаева есепшоттарынан ақшасын шешіп алмай, электронды төлем немесе аударымдарын жасауға клиенттерді үндеу оңай шаруа емес екенін айтады. Ол үшін халық арасында қаржылық сауатын ашатын мамандар көп болуы керек.

«Коммуналдық қызметтердің төлемін бұрынғыдай касса арқылы төлеу міндетті емес. Кезекті күтіп, қолма-қол ақшамен төлеу бірталай уақытты алатындықтан, онлайн төлем жүйесін қарастырғанбыз. Бірақ халық оған үйренбей, касса арқылы төлемін жасап жүр», – дейді Айнұр Күнқожаева.

Қазақстан азаматтарының басым бөлігі коммуналдық шығындарына төлемді Халық Банк арқылы жасайтындықтан, бұл банкте кассаға үнемі кезек көп

Қазақстан азаматтарының басым бөлігі коммуналдық шығындарына төлемді Халық Банк арқылы жасайтындықтан, бұл банк кассасында үнемі кезек көп / Сурет kursiv.kz сайтынан алынды

Америкалық S&P сараптамалық агенттігінің мәліметіне орай, қазақстандықтардың 40 пайызының қаржылық сауаты бар. Бұл көрсеткіш Ресейде 38 пайызды құрайды. Айта кетсек, қаржылық сауат азаматтың білім деңгейіне байланысты емес. Жоғары білімі бар замандастарымыздың қатарында да қаржылық сауаты төмендері бар.

«Банк хоум кредит» АҚ PR директоры Ирина Шейкинаның айтуынша, қазақстандықтардың қаржылық сауаты соңғы екі жылда тез өскен. Оған мұнай дағдарысының әсері мол болып отыр. Дағдарысқа тап болған халық есепшотындағы ақшасының біршама бөлігінен айырылды. Енді бар жиғанын жоғалтып алмау үшін қаржылық сауатын арттыруға бел буған. Бұл – жақсы көрсеткіш.

«S&P зерттеуіне сенсек, табысын үнемдеп, инвестиция жасай алатын адамның қаржылық сауаты бар. Ал Ұлттық Банк мамандары несие есебін дұрыс жасай алатын азаматты қаржылық сауатты деуге болатынын айтады. Ал біз өз бюджеті мен шығынын есептей алатын азаматтарды қаржы саласындағы сауаттылар қатарына жатқызамыз», – дейді Ирина Шейкина.

Салық төлеуден жалтару

Ашық экономикалық саясаттың онлайн төлем жүйесінің кейбір кәсіпкерлерге ұнамайтыны рас. Себебі шағын және орта бизнес өкілдері тауарды қолма-қол ақшаға сатуды жөн санайды. Неге дейсіз бе? Кәсіпкерлер салық төлеу кезінде қолма-қол түскен табыстың көлемін азайтып, салық мөлшерін кішірейтеді. Осылай табысы артса да, салықты аз төлеуге үйренген азаматтар дүкендеріне терминалды енгізуден бас тартып жүр.

Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде смартфон арқылы төлем жасау үрдіске арналған. Ал бізде дүкендерді толығымен терминал жүйесіне бейімбеу мүмкін болмай тұр

Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде смартфон арқылы төлем жасау үрдіске арналған. Ал бізде дүкендерді толығымен терминал жүйесіне бейімдеу мүмкін болмай тұр / Сурет gtalk.kz сайтынан алынды

Қазпошта қоғам ішінде үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Күнқожаева ханымның айтуынша, ауыл аймақтардағы жеке кәсіпкерлерге терминалдар тегін беріліп жатыр екен. Ал транзакцияларды интернет жоқ жерде, телефон арқылы жасау мүмкіндігі қаралған.

Халықты жаппай сауаттандыру үдерісіне тек үкімет қызметтерінің жұмылдырылғаны жеткіліксіз. Оған қаржы технологиясындағы (финтех) компаниялар мен қаржы институттары да атсалысуы тиіс.

Мысалы, АҚШ үкіметі алып қаржы институттарымен бірігіп, мектеп оқушыларының қаржылық сауатын ашуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр. Ал Қытай үкіметі жеке сектордағы қаржы мамандарын ауыл-аймақтарға семинар жүргізуге бағыттап отыр. Бұл да, белгілі бір деңгейде халықтың қаржылық сауатын арттыруға үлес қосады.

Транзакция қауіпсіздігі

Қаржылық сауаты жоғары алаяқтар бар. Олар интернетте сатылымға қойылған тауар иесімен байланысқа шығып, төлемді қай банк картасына жүргізу керек екенін сұрайды. Ал қаржылық сауаты төмен азаматтар керегінен артық ақпаратты белгісіз адамға айтып қояды. Алаяқ несие картасына ақша аударудың орнына, оның бар тиын-тебенін шешіп алады. Картасындағы ақшасының жоғалып кеткеніне наразы азамат банкке шағымданады.

«Бізге қауіп төндіріп отырған – қоғамдық инженерия. Жеке ақпараттардың мәліметтері ұрланғанның өзінде, транзакция жасауды болдырмауы үшін қатаң мониторингтік жүйе дайындауымыз керек. Себебі күдікпен қарайтын қаржы операциялары көп», – дейді «Сбербанк» АҚ электронды бизнес басқармасының директоры Илья Емельянов.

Ernst&Young компаниясы консалтингтік бөлімінің маманы Константин Невядомскийдің пікірінше, кез келген саладағы инновация роботтық құрылымға бейімделіп жатыр. Ал онлайн операциялар ғасыр басында-ақ автоматтандыруға жіберілген. Қазір оның қауіпсіздігіне қатысты шаралар қолдану керек. Себебі алаяқтардың сауаты да жылдам өсіп келеді.

Интернет арқылы сауда жасау кезінде транзакция қәуіпсіздігінің стандарттарын білген абзал. Әйтпесе, бар ақшаңыздан демде айырылып қалуыңыз бек мүмкін

Интернет арқылы сауда жасау кезінде транзакция қауіпсіздігінің стандарттарын білген абзал. Әйтпесе, бар ақшаңыздан демде айырылып қалуыңыз бек мүмкін / Сурет nudatasecurity.com сайтынан алынды

«Қашықтықтан төлем жасау динамикасы 2015 жылдың басында айына небәрі 2 000 операциядан аспайтын. Ал жыл соңына дейін көрсеткіш 22 000-ға өсті. 2017 жылдың алғашқы 8 айында 826 000 төлем операциясы жасалды», – дейді «Казкоммерцбанк» АҚ атқарушы директоры Нұрлан Жағыпаров.

Жағыпаров мырзаның айтуынша, 1 жыл бұрын Қазком бөлімшелерінде кассаға кезектер тым көбейіп, клиенттердің наразылығы артқан. Мәселенің оң шешімін табу үшін Қазком басшылығы қаржы операцияларын кассасыз, терминалдар арқылы жүргізуге көмектесетін мамандардың санын көбейтеді.

Олар төлемді онлайн жасауға көместесіп қана қоймай, банктің өзге де онлайн қызметтері туралы қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде клиенттердің басым бөлігі интернет банкинг қызметіне ауыса бастаған.

Криптовалюта

Бүгінде әлемнің криптовалютаға қатысты сұранысы арта бастағанымен, сенім аз. Әрине, капиталистік қоғамда сұранысқа ұсыныс қалыптасады. Криптовалютаның бір орталықтан басқарылатын тетігі болмағандықтан, оған сенім арту қиын. Криптовалютаның әр елде жеке бақылауы да жоқ.

Криптовалюта – қомақты қаржыны жымқырғысы келетіндер үшін үлкен драйвер. Егер әр мемлекет заң жүзінде бақылау жасауға декларация ұсына алса, криптовалюта бүгінгі қаржы жүйесін алмастырады. Оған сұраныс та бірден артады.

Ал әзірге оның болашағы жайлы нақты кесіп айту қиын. Бар болғаны, сұраныстың өсімін сырттан бақылау ғана мүмкін болып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ