Бозымбаев бензин бағасы қашан тұрақталатынын айтты

0
128

Үкiмет отырысында ҚР Энергетика министрi Қанат Бозымбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа бензин бағасының қымбаттау себебiн түсiндiрiп, жағдайдың қашан тұрақталатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«2 млн 270 мың тонна автобензин өндiрiлді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда 103,6 пайызды құрады. Республика бойынша АИ-92 бензинiнiң орташа бағасы қаңтар айында литрiне 135 теңгенi құрады. Ал қыркүйек айында орташа алғанда аталған бензин литрi 150 теңгеге дейiн қымбаттады. Өсiм 11 пайызды құрады. Импорт үлесi шiлде-тамыз айында 15 пайыздан қыркүйекте 30 пайызға артты. Бұл қыркүйек-қазан айларында мұнай өндiрушi зауыттардың жаңғыртуға байланысты жөндеу жұмыстарымен байланысты. Осының салдарынан нарықта қазақстандық мұнай өнiмдерi ұсынысының шектелiп, бағасы қымбат импорттық бензин үлесi артты. Бұл республиканың жанар-жағарамай бекеттерiнде бағаның өсiмiне әкелдi», — дедi биылғы жылдың 9 айының қорытындысымен таныстырған Бозымбаев.

Министрдiң айтуынша, мамыр айымен салыстырғанда шекараға импортталатын бензиннiң көтерме бағасы 8 пайызға артты. Бұл жерде доллар бағамының өзгерiсiн де ексеру қажет, дедi ол.

«Қазiр АИ-92 бензинiне қатысты iшкi нарықтағы жағдайға Павлодар мұнай-химия зауытында 26 қазанға дейiн жалғасатын жөндеу жұмыстары ықпал еттi. Бұл жөндеу жұмысы бастапқыда шiлде айында жүргiзiлуi керек едi. Дегенмен зауыт оған дайын болмағандықтан жөндеу мерзiмi өзгердi», — дедi Бозымбаев.

Министрдiң айтуынша, қазан айында республика бойынша АИ-92 бензинiнiң тұтыну көлемi орташа алғанда 290 мың тоннаны құрайды деп болжанып отыр.

«Бiз 170 мың тонна бензин өндiремiз. Ал импорт көлемi 120 мың тоннаға жетедi, яғни 40 пайызды құрайды деп жоспарланып отыр. Қараша айында бiз АИ-92 бензинiнiң импорт үлесiн 30 пайызға, желтоқсан айында 20 пайызға азайтуды жоспарлап отырмыз. Бiз қараша-желтоқсан айларында жағдай тұрақталып, қазан айының соңында өз қалпына келедi деп ойлаймыз», — дедi министр.

Бозымбаевтың айтуынша, қаңтар айынан берi жанар-жағармай бекеттерiнде дизельдiк отынның бағасы да 13 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ, шекарада көтерме бағасы 6 пайызға артты. Бұған теңге бағамының өзгеруi де ықпал еттi.

«Қазiр осыған қатысты қажеттi шаралар қабылданып жатыр. Мұнай өндiру зауыттарындағы жөндеу жұмыстары жоғары октанды бензин көлемiн, АИ-92 бензинiнiң көлемiн 2,2 есеге, АИ-95, АИ-98 бензиндерiнiң көлемiн 9,6 есеге, дизельдiк отын көлемiн 30 пайызға, авиаотын көлемi өндiрiсiн 3 есеге арттыруға мүмкiндiк бередi. Алғашқы нәтиженi бiз биылғы желтоқсан мен келесi жылдың қаңтар айында күтiп отырмыз», — дедi министр.

Сағынтаев министрден «қараша-желтоқсанда импортты төмендетемiз дедiңiз, сонда баға төмендей ме?» деп сұрады. «Баға тұрақталады», — деп жауап бердi министр. Сағынтаев Ұлттық экономика министрi Тимур Сүлейменовке монополияға қарсы қызметтер жағдайды қадағаласын деп тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ