Абайлаңыз! Алдыңызда өлім шұңқырлары!

0
296

Бүгінде қала көшелерінде ашық қалған люктер мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан канализациялық люктерді жиі кездестіреміз. Бір қарағанда елеп ескере бермейтін люктердің шын мәнінде адам өміріне  қаншалықты қауіпті екеніне мән бермейміз.

Еліміздің түкпір-түкпірінде ашық қалған люкке түсіп көз жұмғандар, зардап шеккендер саны жыл сайын көбеюде. Мәселен,  2012 жылы Теміртау қаласында 2 жастағы Егор Хмиль құдыққа түсіп көз жұмған. Ал 2016 жылы осы Теміртауда 7 жастағы бала ашық тұрған люкке байқамай құлап кетіп, баланы 5 сағат бойы іздеп, ақырында оның денесі люк түбінен табылған. Тағы осылай, 2015 жылы Өскеменде 12 жастағы бала 3 метр тереңдіктегі люкке түсіп кеткен. Қуанышқа орай, жеткіншек аман қалған. Ал аталмыш люк жылыту жүйесіне тиесілі екені анықталса да, тиісті органдар жауапкершілік алудан бас тартқан. Мұндай мысалдар тізімі жалғаса береді…  Бүгін Qamshy.kz ақпарат агенттігі ашық люктер проблемасына  тоқталмақшы.

Ең сорақысы — мұндай люктерден балалар мен жеткіншектердің байқаусызда құлап кетіп жатқандығымен қоса, ересектердің жазым болып жатқандығы. Шығыс Қазақстанда осы жылдың жазында бірден 4 адам су тартқыш құдыққа құлап улы газға тұншығып қаза тапқан.
Осы жылдың маусым айында орын алған ең ірі  жантүршігерлік жол апаты да дәл осы ашық тұрған люктің кесірінен болған. Еске салсақ, Әл-Фараби даңғылында келе жатқан автокөліктің дөңгелегі ашық тұрған люкке түсіп кетіп ірі жол апаты орын алған. Нәтижесінде Екатерина Парафиевна есімді қыз аяғынан айырылған болатын.

Күнделікті осындай ашық люктердің жоқ дегенде он шақтысын кездестіруге болады. Бір көшеде әрбір  метр люктер мен құдықтарға толы. Басты проблема — люктердің ашық қалып, бұзылып қалған жағдайда олардың дер кезінде жөнделмеуі, елеусіз қалуы болып отыр. Сонымен бірге, аталған люктердің адам көзі байқамайтын, ыңғайсыз жерлерде орналасуы да тағы бір мәселе.  Ашық немесе жартылай жабық люктер ең бірінші балалар үшін аса қауіпті. Ал олардың адам байқамайтын жерлерде, шөп арасында, жолдың шетінде орналасуы жағдайда одан ары қиындатады.

Осы орайда, люктерге техникалық жөндеулер жасалу керек болса немесе люк қақпақтары ашық қалған жағдайда,  олар бірден көзге көрінетіндей етіп қоршауға алынып, тез арада жөнделуі қажет. Себебі люкке құлап кеткен бала канализация суына батып немесе люк ішіндегі газға тұншығып қалуы мүмкін. Көп жағдайда люкке құлап кеткен балалардың денесі ағыспен ағып кетіп  табылмай жатады. Әрине, бұл тек балаларға ғана қатысты емес. Люкке құлап, зардап шегіп, тіпті жазым болып кетіп жатқандардың жағдайына жауапты жақ табылмай жатады немесе жазасыз қалады. Мұндай жазымдарға кім жауапты?
Жалпы, Алматы қаласының өзінде люктердің жұмысына жауап беретін бірнеше ұйым бар. Олар: сумен қамтамасыз ету, канализация, жылу жүйелері, газ жүйелері. Жауын канализациялары аудан әкімдіктеріне қарайды.  Люктердің ашық қалуы мен жөндеу жұмыстары мәселелеріне тиісінше жеке меншік иелер немесе  сол люк тиесілі ұйым жауап береді.
Қазіргі уақытта металл қабылдау қызметтері қарқынды  жұмыс істеп тұрғандықтан люк қақпақтарын ұрлау көбейіп кетті. Сондықтан қақпақтарды ұрлау тоқтамайынша, олардың ашық қалуы мен бұзылу проблемасының  шешілуі де екі талай.
Осыған байланысты люктер қақпақтарын металлдан емес пластиктен жасау қолға алынуы керек. сонымен бірге люктерді орналастыруға келетін болсақ, олар қауіпсіз жерлерге орнатылып, егер қақпақтары ашық қалған жағдайда, көзге анық көрінетіндей етіп белгіленуі тиіс.

Мұндай жағдайдың алдын-алу үшін абай болу керек, сақ жүру керек екені түсінікті. Алайда ешкім аяқ-асты жағдайдан сақтандырылмаған. Егер люкке түсіп, зардап шеккен жағдайда өз құқықтарыңыз негізінде тиісті органдардың жауапкершілік пен кінәні мойындарны алуын талап ете аласыз:
1. Егер адам осындай жағдайдың құрбаны болса, бірден жедел жәрдем көмегін шақырып, алғашқы көмек көрсетілген соң алған зардаптарды медициналық құжаттар негізінде тіркету керек.
2. Егер люкке құлаған адам қатты зардап шекпесе, ауруханаға жатып емделуді қажет етпесе, полиция шақыртып, протокол жаздыру керек. Протоколда қызметкерлер оқиғаның қай жерде орын алғанын жазып алады. Одан кейін зардап шеккен адам протоколдың көшірмесін жасап, оқиға орнын суретке түсіріп алуы керек, мүмкіндігінше өзін де түсіруі керек.
3. Содан кейін зардап шегуші заңгерге және полицияға арыз жазуы керек. Бұл жағдайда жоғарыда аталған құжаттар сот кезінде қажет болады.

Еуропа елдерінде люктерге, олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Егер люктерге жөндеу жұмыстары жүргізілетін жағдайда немесе қақпақтары ашық қалған кезде міндетті түрде аталмыш люк пен оның маңы қоршауға алынады. Онымен қоса, сол жерге қауіпсіздік құралдары: баспалдақ, өрт сөндіру құралы, медициналық қобдиша және т.б қойылып, егер біреу люкке байқаусызда түсіп кетсе орын алуы мүмкін жағдайда қажет болатын жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Еуропада люктер — қала мәдениетінің символы мен көркі. Дизайны мен құрылысы жағынан көркемдік, әшекейлік құрал іспетті. Өзгелерде көркемдік пен әдеміліктің символы саналатын люк, біздің елде қанша уақыттан бері ажал мен өлімнің, қорқыныштың символы болып келеді. Дизайны ерекше  көркемдігі көз жауларлық болуы емес, біздің қала тұрғындарына оның қауіпсіз болғандығы керек…

ПІКІР ЖАЗУ