Қазақстан және Болгария жастары – жеңіс уыстан сынаптай сусыды

0
202

Болгария және Қазақстан жастары осыдан төрт күн бұрын ғана кездескен болатын. 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы Стара-Загора қаласында өткен матч 2:2 есебімен аяқталған. Бүгін екі елдің жас таланттары Астанада додаға түсті.

Өкінішке қарай, бұл ойында алаңға Максим Федин шыға алмады. Өйткені ол Болгариядағы ойында екінші рет ескерту алған болатын. Сондықтан құрама капитаны Дидар Жалмұқанға оңай болған жоқ. Оның ары-бері зыр жүгіріп, оң қанаттан да, сол қапталдан да шығарып берген пастарын қақпаға дөп түсіретін ешкім болмады…

Бірінші тайм алма-кезек шабуылмен өтті. Болгария жастары да қарап қалмады. Бірақ біздің қорғаушыларымыз өте сақ болып, мұқият ойнауға тырысты. Ал шабуылда гол соғудың сәті түспеді. Бірлі-жарым мүмкіндіктер болған жоқ емес…
Ойынның екінші жартысы біріншісінен да тартысты өтті. Қонақтар «Астана Аренаның» жасанды алаңына бейімделіп алғандай, қарқындарын үдетті. Бір рет тіпті Илия Димитровтың шірене тепкен добы қақпа маңдайшасына тиіп, одан жерге түсіп… сызықтан аспай кері қайтты. Оның алдында Оралхан Өміртаевтың соққысы да қақпа бағанынан қайтқан…

Қазақстан жастары да атойлап алға шапты. Бірақ біздің шабуылшылар өз қақпаларының алдында дөрекілеу ойнаған Болгария қорғаушыларынан өте алар емес. Десек те, 76-минутта Бахтияр Зайнутдинов есеп ашты. Ол айып алаңының ішінде, екі жағынан қыспаққа алған қорғаушыларды қапы қалдырып, қақпашыны да сан соқтырды.
Бұдан кейін Болгария-U21 құрамасы тәуекелге бел буып, тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Біздің қорғаушылар тойтарып әлек. Өкінішке қарай, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда, шабуылды бастаған ойыншымыз қателесті. Аяғындағы доптан айырылып қалды. Қонақтар қамшыны басты…

Қорғаушыларымыз бен қақпашымыз жанталасып жүріп, допты алаң сыртына шығарып жіберді. Енді Болгария жастары допты ойынға бұрыштан қосады. Біздің ойыншылар сақадай-сай сияқты еді. Алайда оң қапталдағы қорғаушы, еңгерзедей Венцислав Керчевтен көз жазып қалды. Ол басымен біздің қақпаны дәл көздеді. Гол…

Енді біздің жігіттер алға қарай құстай ұшты. Төреші де ойынның негізгі уақытына төрт минут қосқан. Аянбау керек. Дидар Жалмұқан тағы да тамаша пас беріп, допты Болгария қақпасының алдында жапа-жалғыз тұрған Самат Сәрсеновтің аяғына салып берген. Бірақ алаңға содан бес минут бұрын ғана шыққан ойыншымыз допты тебе алмай, сүрінді…
Сөйтіп, Қазақстан және Болгария жастары тағы да итжығыс түсті. Екі елдің жас футболшылары төрт күннің ішінде екі мәрте тең түсіп, екі ұпайдан ғана еншіледі. Бұдан түзде ұтылып, үйде ұтқан артық па еді… Десек те, жастарымыздың тырысып, жігерлік танытқандары ұнады.

Қазақстан-U21 – Болгария-U21 – 1:1 (0:0)
Голдар: Зайнутдинов, 76 (1:0). Керчев, 89 (1:1).
Қазақстан-U21: Дмитрий Колбунцов, Александр Соколенко, Сұлтан Әбілғазы, Бекзат Шадманов, Дәурен Мәжитов, Геворг Наджарян (Бахтиер Зайнутдинов, 62), Демият Сламбеков (Рашид Люхай, 74), Куаныш Қалмұратов, Юрий Перцух, Дидар Жалмукан (к), Оралхан Өміртаев (Самат Сәрсенов, 85).
Қосалқы құрам: Карам Сұлтанов, Тимурбек Закиров, Руслан Әлімбаев, Акмаль Бахтияров.
Болгария-U21: Николай Крастев, Мартин Костадинов, Стефан Велкав (к), Петко Христов, Венцислав Керчев, Антонио Георгиев, Александр Георгиев, Янис Карабелев (Тонислав Йорданов, 82), Чавдар Ивайлов, Кирил Десподов (Георги Русев, 82), Илия Димитров (Калоян Крастев, 77).
Қосалқы құрам: Даниел Наумов, Васил Добрев, Марио Петков, Владимир Айтов.
Төрешілер: Мусял, Сейка, Муха (бәрі де – Польша).
10 қазан. Астана. «Астана Арена»

Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 13 – 11
Тура соққы: 5 – 1
Қиыс кеткені: 6 – 5
Тойтарылғаны: 2 – 5
Бұрыштама соққылар: 3 – 4
Офсайдтар: 4 – 1
Ереже бұзу: 11 – 6

ПІКІР ЖАЗУ