Емханаларды бизнесмендер басқармақ

0
387

2015 жыл да аяқталуға жақын. Үстіміздегі жылы медицина саласында біршама өзгерістер болғаны белгілі. Келер жыл да еліміздің денсаулық сақтау саласына  өз жаңалықтарын ала келмек. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова таяуда ғана Парламентте өткен басқосуда 2016 жылдан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласында өзгерістер болатынын мәлімдеді.

Кезекті бағдарлама жұмысын бастайды

Алдағы жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жаңа бағдарламаны іске қосады. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы қолданыстағы «Саламатты Қазақстанның» міндеттерін жалғастырады. Жаңа мемлекеттік бағдарлама бойынша алдағы 4 жыл ішінде денсаулық сақтау саласында бірқатар стратегиялық мақсаттар белгіленген. Мәселен, 2020 жылға қарай еліміздегі өмір сүру жасының ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Тамара Дүйсенованың айтуынша, қазіргі уақытта халықтың өмір сүру ұзақтығы 71,62 жасқа жетсе, халықтың өлім-жітім көрсеткіші 15,3 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, «Денсаулық» бағдарламасы медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау саласындағы басқару мен қаржыландыру жүйесін жетілдіруді мақсат етуде. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бізді күткен жаңалық көп.

Аталмыш бағдарлама бойынша Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылады. Бұл қызмет экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін негізге алады. Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі эпидемиологиялық қызмет пен тамақтануды оңтайландыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметтерін біріктіріп, эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз ету, инфекциялық және негізгі инфекциялық емес ауру түрлеріне мониторинг жүргізу және алдын алу шараларына халықты жұмылдыру және оларды хабардар ету қызметтерін атқарады. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің түсіндіруінше, қоғамдық денсаулық сақтау қызметі министрлік және өңірлік деңгейден тұрады. Министрлік деңгейінде республика бойынша эпидемиологиялық қадағалау жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік қамсыздандыру, стратегиялар әзірлеу мен азаматтардың денсаулығын нығайту индикаторлары жасалады. Ал өңірлік деңгейдегі қызмет азаматтардың денсаулығына әсер ететін факторларды айқындайды.

Денсаулық саласындағы тағы бір жаңалық – келесі жылы Ұлттық экономика министрлігіне өтіп кеткен санитарлық эпидемиологиялық бақылау қызметі қайтадан Денсаулық министрлігіне берілетін болды. «2016 жылы біз өзімізге тиесілі қызметтерді бөліп аламыз. Мәселен, инфекциялық аурулардың тарауының алдын алу, бақылау, індеттің ошағын анықтау Денсаулық сақтау министрлігіне қайта өтеді. Ал тұтынушылардың құқығын қорғау бұрынғыша Экономика министрлігінде қалады», – деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Бұған дейін жаңа бағдарламаны таныстырған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесіне орталық буын медициналық санитарлық алғашқы көмек енгізілетінін айтқан болатын. Осы арқылы тегін амбулаторлық емдеуге арналған дәрілік заттар тізімін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған. Ал медициналық санитарлық алғашқы көмек отбасылық қызмет көрсету қағидасына көшу арқылы қамтамасыз етіледі. Отбасылық қызмет көрсетуді жалпы практика дәрігерлері немесе учаскелік дәрігерлерден тұратын топтар жүзеге асырады. Сонымен қатар, транспорттық медицина, оның ішінде медициналық көмек пен телемедицина, жылжымалы дәріханалық пункттерінің жүйесін әрі қарай жетілдіру де жоспарланып отыр.

Қарапайым халық 2016-2019 жылға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына дейін жүзеге асырылған құжаттар да медицина саласындағы талай түйткілдерді шешеді деп күткен. Өкінішке қарай, бағдарламалар халықтың үмітін толықтай ақтай қоймады. Тіпті, бағдарлама аясында пайда болған кейбір өзгерістер жұртты әлі күнге дейін әбігерге салуда.

Парламент Сенатындағы жиында сенаторлардың бірі Әли Бектаев медицинадағы кемшін тұстардың бірі – мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін атап өтті. «Республикада 620 мыңнан астам мүгедектер бар. Олардың 160 мыңға жуығы протезді ортопедиялық, теплотехникалық-медициналық заттармен, гигиеналық бұйымдарға мұқтаж. Көпшілігі – орнынан тұра алмайтын, төсек тартып жатқан аурулар. Олардың өздеріне міндетті бөлінген заттарын ала алмай, айлап күтіп жататын жағдай жиі кездеседі», – деді сенатор. Әрине, аталған мәселе денсаулық сақтау саласындағы жалғыз түйткіл емес. Еліміздегі медициналық қызмет көрсету жүйесіндегі олқылықтар бұған дейін де талай рет айтылды, жазылды. Дегенмен, бүгінге дейін қараша халықты әбігерге салған ауруханадан орын алу, сапалы медициналық көмек алу, тегін дәрі-дәрмектерге қол жеткізу мәселесінің шешімі әлі де табыла қойған жоқ. Министрліктің сөзіне сенсек, бұл мәселенің бәрі алдағы 4 жыл бойы жұмыс істейтін жаңа құжат бойынша шешімін табады. Алайда мұндай уәделі сөзді министрлік алғаш рет ауызға алып отырған жоқ. Сондықтан тағы да сенеміз бе?

Емханаларды бизнесмендер басқармақ

Жаңа бағдарламаның бастамаларын таныстырған министр тағы бір тың жаңалығымен бөлісті. Қолға алынғалы отырған жаңа бағдарлама аясында еліміздегі емханалар да жекеменшікке өтуге тиіс. Яғни, облыс орталықтары мен қалалардағы барлық емханаларды енді жеке кәсіпкерлер басқаратын болады. Әуелі кәсіпкерлерге емханаларды басқару құқы ғана беріледі. Алдымен олар емхананы 5 жыл басқаруы тиіс. Егер жаңа басшы емхананың қызмет көрсету сапасын көтере алатын болса, мекеме жұмысында оң өзгерістер байқалса, кәсіпкер емхананы сатып алуға мүмкіндік алады. Министрдің айтуынша, емханаларды сату 2020 жылдан басталмақ.

Айта кетейік, емханаларды жекеменшікке беру туралы ұсынысы бұған дейін де көтерілген болатын. Бұл медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттырып, медициналық қызметтің сапасын арттырады деген пікірлерді жиі естіп те жүрміз. Расымен де, қазіргі уақытта медициналық мекемелер арасында бәсеке жоқ. Ал ауруханалар жеке қолдарға өтсе, науқастар да өздерінің көңіліне жаққан емдеу мекемесін таңдар еді. Соның нәтижесінде емханалар мен ауруханалар арасында бәсекелестік орнайды. Қарапайым халық қазір мемлекеттік емханалардан гөрі жекеменшік мекемелердің қызметіне көбірек жүгінеді. Мемлекеттік медициналық мекемелер көрсетуі тиіс тегін медициналық қызметтің кейбір түрлері де қазір ақылы. Тіпті, мемлекеттік ауруханалардағы құрылғылардың да тым ескі екендігін жұрт жиі айтады. Сондықтан, көпшілік ақысын төлеп, лайықты медициналық көмек алғанды жөн санайды. Жалпы, емханалар мен ауруханаларды жеке қолдарға табыстау жұмысы «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының жоспары бойынша жүзеге асуы тиіс еді. Бірақ әзірге бұл жоспар орындалған жоқ. Байқап отырғанымыздай, емханаларды жекеменшікке беру жоспары келесі жылдың еншісіндегі жаңа бағдарламаға міндеттелген тәрізді.

Сынға іліккен министрлік

Қазақстандағы медицина саласына көңілі толмайтындардың қатарында халық қалаулылары да бар. Қараша айында Парламент Сенатында өткен Тамара Дүйсеновамен кездесу кезіндегі депутаттардың сөзінен осыны ұғындық. Тіпті, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласын қатты сынға алды. Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен елдегі медицина саласына мамандар даярлау мәселесіне тоқталды. «Жыл сайын медицинаға біздің жоғары оқу орындарымызды тәмамдаған  жүздеген даярлығы төмен мамандар келуде. Қажетті білім мен дағдының жоқтығынан олар пайдадан гөрі залалын келтіруде», – деп атап өтті Жоғары Палата Төрағасы. Сенат Төрағасының бұл сөзін депутаттар да қолдады. Ал олардың сынына жауап қатуға тырысқан министр соңғы жылы даярланған дәрігерлер білімінің төмендігін өзі де жасырмады. «Біз орталық буындағы дәрігерлердің жетіспеушілігін, соңғы жылдары даярланған жалпы тәжірибе дәрігерлерінің білімі төмен екенін мойындаймыз. Осыған байланысты біз жалпы тәжірибе дәрігерлерін даярлау мәселесін қайта қарастыратын боламыз», – деді Тамара Дүйсенова. Алдағы уақытта медициналық көмек деңгейінде педиаторлар тапшылығы мәселесін шешу үшін резидентура деңгейінде осы мамандарды дайындауға гранттар бөлінбек екен.

Сондай-ақ, елімізде медбикелерді дайындаудың финдік үлгісі енгізілетін болады. Жаңа үлгі бойынша медбикелер даярлаудың үш деңгейі жүзеге асады. Министрдің айтуынша, еліміздегі колледждер арасынан медбикелер дайындаудың жоғары мектептері, білім беру бағдарламалары ұйымдастырылып, бұл мектептердің түлектері медициналық көмек көрсетумен тікелей айналысады. «Ал қазіргі уақытта бакалавр деңгейінде оқытып, медбикелер даярлап жатқан жоғары оқу орындарында негізінен ғылыммен, әкімшілік жұмыстармен айналысатын медбикелер оқытылады. Әлемдік тәжірибе осындай, біз де соған көшуге тиіспіз», – дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі.

Халық қалаулылары еліміздегі ақылы негізде оқытатын медициналық колледждерді тәмамдаған жастардың білім сапасы, біліктілігі төмен екендігін тілге тиек етті. Тіпті, мұндай орта білім беру орындарын жабу туралы ұсыныстар да естілді. Сыннан көз ашпайтын денсаулық сақтау саласының олқылықтарына білім берудегі кейбір кемшіліктер себеп болып отырғаны да рас. Қазір Қазақстандағы 64 медициналық колледждің 60 пайызы жеке меншік иесінің қолында екен. Ал министр ханым жеке меншік колледждердің лицензиялау кезінде қайта қарастырылатындығын айтады. Алдағы уақытта білім беру бағдарламалары талапқа сай колледждер медицина мамандарын дайындауды жалғастырса, стандарттарға сай келмейтіндерінің жұмысы тоқтатылатын болады. Жеке меншік оқу орындарының медицина мамандарын дайындаудағы кемшілігі аз емес. Ал сапалы білім алмаған шәкірттен білікті маман шықпайтыны айтпаса да түсінікті.

Барлық медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен біліміне күмән келтіруден аулақпыз. Десек те, елімізде ақ халаттылардың қателігінен жапа шегіп жатқан жандар аз емес. Қыркүйек айында Қарағандының балалар ауруханасында орын алған жағдай әлі есте. 2 және 5 жасар бүлдіршіндердің тік ішегіне мейірбике арнайы сұйықтықтың орнына сутегі тотығын құйып жіберген болатын. Соның салдарынан екі бүлдіршіннің де ішкі құрылыстары күйіп, қан кете бастаған. Тіпті, баланың шырқырап жылағанына қарамастан ақ халаттылар улы қышқылды құюды тоқтатпапты. Ал өзге дәрігерлер мұндай жағдайда балаларға қандай көмек көрсететіндерін білмей әбден сасқан. Балаларға қышқыл құйған күні кезекшілікте болған екі мейірбике мен дәрігер жұмыстан шығарылып, бөлім жетекшісі мен тағы бірнеше дәрігерге қатаң сөгіс жарияланған. Бірақ бұл ақ халаттылардың қателігінен денсаулығына зиян келген балалардың жарасын емдеп жазуға сеп бола ма? Жоқ, әрине. Тек осы жағдай өзге медицина қызметкерлеріне сабақ болса екен дейміз.

Сонымен қатар, Сенат Төрағасы дәрігерлердің әлі күнге дейін қағазбастылықтан құтыла алмай жүргенін айтып, министрлікті тағы да сынға алды. «Дәрігерлер науқасты қараудың орнына қағазбастылықтан арыла алмай келеді. Денсаулық сақтау саласы қазір бюрократтанып кетті. Азаматтар дәрігерлер өздерін тексеруден бұрын қағаздарды рәсімдеп, формулярларды толтырумен айналысуға мәжбүр екенін айтып шағымданады», – деді Сенат Төрағасы. Көпшіліктің сұрағына әрбір жауабын нақты дайындап келген министр қағазбастылық мәселесінің 2018 жылға дейін толық жойылатындығын айтып сендірді. Демек, қағазға телмірген дәрігердің бас көтеріп науқасқа қарауы үшін әлі де 3 жыл күту керек. «Қазір Дүниежүзілік банкімен бірге ақпараттық жүйені түзіп жатырмыз. Тура сондай әрбір мекемеде өзінің ақпараттық жүйесі бар. Біздің ақпараттық жүйемен медициналық мекемелердің арасында байланыс орнатуымыз қажет. Сонда ғана біздің әріптестеріміз ауру жөніндегі мәліметті екі жүйеге жазбайтын болады», – деп жауап берді Тамара Дүйсенова.

Бүгінгі таңда әлемнің дамыған елдерінің барлығы денсаулық сақтау саласында тұрақты үлгілері мен стандарттарын бекітті. Қазақстандағыдай бағдарламалар мен стратегияларды жыл сайын өзгертетін елдер санаулы. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі денсаулық сақтау саласы үшін оңтайлы бір модельге көшу керектігін қадап айтты. «Бізде осы жылдары денсаулық сақтау министрлері аз ауысқан жоқ. Келген әр министр өзінің бағдарламасын ұсынып, Парламент депутаттарын соған сендіріп, әркім өзінің үлгісі оңтайлы екенін, сынақтан сүрінбей өткенін айтумен болды. Алайда олардың барлығының аяғы қалай болғаны да бәрімізге белгілі», – деді Сенат Төрағасы. Жоғары палата Төрағасының сөзінің жаны бар. Бүгінге дейін медицина саласында сан түрлі өзгерістер орын алды. Тіпті, кейбірінің нәтижесін де көріп үлгермедік. Өзгенікін таңсық көретін өзіміздің министрлік келер жылы да «тосын сыйларын» дайындап тұр. Әлгі екінші рет енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру жүйесі де шетелдік тәжірибеге сүйеніп әзірленген. Бұл жүйенің де алғашқы нәтижесі әлі есте. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ұсынатын жаңалықтары мұнымен таусылмайтыны анық. Тек бәрінің оң нәтижесі болса игі.

Әсел ӘНУАРБЕК

ПІКІР ЖАЗУ