Депутат үкіметке сырттан қарыз алуды доғару керек екенін кесіп айтты

0
438

Атқарушы билік мемлекеттің сыртқы міндеттемелерінің үлесін азайтуға назар аудару керек. Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов осы мәселені көтерді.

Сөз арасында депутат елбасы Жолдауында жаһандық дағдарыс жағдайында «көрпеге қарай көсілу» қағидаты бойынша бюджет саясатын оңтайландыруды жүктегенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қағидат үкіметтің де, атқарушы органдардың да, квазимемлекеттік сектордың да жұмысына қатысты.

«Сондықтан да, мемлекеттің сыртқы міндеттемелерінің үлесін азайту керек. Өйткені, үкімет алған әрбір қарыз бюджетке жүктемені көбейтеді. Бұдан бөлек, ондай қарыздар ел экономикасының дамуына ықпал ететін шұғыл, аса қажетті мұқтаждықтар үшін алынып отырған жоқ», – деп пайымдайды Сабильянов.

Оның айтуынша, 2015 жылы үкімет шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға 40 млн доллар, өнімді инновацияландыру жобасына 88 млн доллар, еңбекті ынталандыру жобасына 100 млн доллар сомасында қарыз алған. Депутаттың пікірінше, бұл қарыздардың барлығы дерлік консультациялық қызметтерге, оқытуға, зерттеуге, ұйымдастыру шығыстарына жұмсалады.

«2015 жылғы 2 желтоқсандағы жағдай бойынша үкіметтің борышы 7 трлн 624 млрд теңгені құрап отыр. Салыстыру үшін айтсақ, 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша үкіметтің борышы 1 трлн 15 млрд теңгені құраған, ендеше сол уақыттан бері үкіметтің борышы 6 трлн-нан астам теңгеге ұлғайған. Оның ішінде сыртқы борыш 3 трлн 84 млрд теңгеге ұлғайды. Мемлекеттің борышының өсуі теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамының өзгеруіне байланысты болып отыр. Бұл бюджеттен қосымша шығыстардың туындауына соқтырады, яғни АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы 1 долларға өссе, онда бюджетке қосымша 10 млрд шығын келеді», – дейді Нұртай Сабильянов.

Осыған байланысты депутат алдағы уақытта үкімет сырттан қарыз алу көлемін шектеу керектігін атап өтті. Бұдан бөлек, Нұртай Сабильянов мемлекеттің алған әрбір қарызының пайдаланылуына, оның тиімділігіне, қайтарылуына мониторинг жасау қажеттігін де алға тартты.

«Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қарыздары мен міндеттемелерін мемлекеттік бюджетке жүктемей, олардың өздеріне қалдыру керек, осыны бақылау қажет», – деді депутат.

Еске сала кетейік, мәжілісте депутаттар Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба үшін Халықаралық Қайта Құру және Даму банкінен 100 млн доллар қарыз алу туралы келісімді мақұлдаған болатын.

Дереккөз: ИА «Казинформ»

ПІКІР ЖАЗУ