Арбакешке кім араша болады?

0
377

Ақтөбенің теміржол вокзалы маңынан алдағы уақытта арбакештерді жоқ қылуы мүмкін. Нәпақасын арба итеріп тауып жүргендерге қарсы тәртіп сақшылары кезекті «соғысын» жария етті. Ақтөбе стансасындағы желілік ішкі істер басқармасының басшысы Сарыбай Сәрсенов таяуда қоғамдық кеңесте «арбакештердің жұмысын заңдастырып, арнайы құрылым құру керек, арба итеріп жүргендерге арнайы киім үлгісін кигізу керек» деген ұсыныс тастады. 20151123_155950

Өз кезегінде вокзал маңындағы арбакештер бұл маңда көп ақша таппайтындарын айтады. Басым бөлігі несие төлеп келеді. Барлығында бала-шаға бар. Полицейлер ұсынған жаңашылдыққа миығынан күледі. Соңғы жиырма жылда мұндай ұсыныс аз болмапты. Нәтижесі шамалы болса керек. 
Ақтөбе стансасындағы ЖІІБ басшысы Сарыбай Сәрсеновтың айтуынша, қызметтің бұл түрін заңдастыру керек. Әйтпесе, вокзал маңында тәртіп болмайды. 
— Арбакештерді тоқтату мүмкін емес. Ішіп жүреді. Төбелесіп жатады. Қызметтеріне арнайы бағам да қойылмаған. Сондықтан таласып жатқандары, — дейді Сәрсенов. 
— Арнайы құрылым құрып, қызметтерін заңдастыру керек. Балама қызмет түрі болмағандықтан, арбакештердің жұмысына тосқауыл қою мүмкін емес. Тіпті шара да қолдана алмаймыз. Осы мәселеге назар аудару керек деп ойлаймын.
Арбакештердің жағдайлары мәз емес. Тәртіп сақшылары оларды жиі мазалайтынын жасырмайды. «Бірақ не істей алады?» деп қояды. 
— Ақшаны қырып табады десеңіз, қателесесіз. Күніне жүріп-тұруға, тамаққа жететін тиын-тебен табармыз. Балаларымыз бар. Несие төлейміз. Кейбір жігіттер күн ара шығады. Кейбірі үш күнде бір шығады. Рас, тентек судан ұрттап қоятындар да жоқ емес. Пысықтары алагеуімнен күн батқанша арба итереді, түн ортасына дейін жүретіндері бар, — дейді арбакештердің бірі.
Вокзал маңына түстен кейін жолымыз түскен. Пойыз аз болғандықтан, арбакештер де көп кездеспеді.
Пойыздың келу, кету уақытына орай, жұмысқа шығамыз. Халықаралық бағыттағы пойыздарға көп жақындамаймыз. Жолаушылар негізінен пойыздармен қатынайды ғой. Шамамен 40 адамбыз. Арасында сөзге келіп қалатынымыз рас, бірақ клиент үшін емес, басқа себептермен келіспей жатамыз. Ешкімге кедергі келтірмейміз. Ал полицейлердің ұсынысына қатысты айтарымыз, ол жоба іске аспайды. Ол жерге кім барады? Аптап ыстық пен қақаған аязда жүріп тапқан тиын-тебенімізден, балаларымыздың аузынан жырып бере салу бізге оңай дейсіз бе?, — дейді тағы бір арбакеш.
Жігіттердің айтуынша, арбакештің жұмысы карта ойыны секілді. Ақша бір күні көп түседі, келесі күні мардымсыз болуы мүмкін. Бұйырған несібелерін алып, үйлеріне қайтады. Ас-суы мен жолдарына жетеді. Мұнда бәсекелестік жоғары.
— Кейде клиентке таласып, перронға дейін шығып кетеміз. Вагонның есігін ашар-ашпастан ентелеп, үлкен дорбалары бар жолаушыларға жабысамыз. Қайтеміз енді, жұмыс керек. Вокзалға жақындаған таксилерді де аңдып тұрамыз. Арбаны өзіміз құрастырып аламыз. Ақшасын төлеп, сапалы етіп жасатуға да болады, — дейді дорба тасып, нанын айырып жүргендер.

Асқар Ақтілеу

Ақтөбе

 

ПІКІР ЖАЗУ