1 шілдеден бастап шетелдік арналарда жарнама көрсетілмейді

0
255

1 шілдеден бастап шетелдік телеарналар эфирінде жарнама көрсетуге салынған тыйым күшіне енеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

Естеріңізде болса, бұл заң 2015 жылдың қазан айының соңында қабылданып, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енуі қажет еді.
Алайда, кабельдік операторлар тарапынан норманың іске асырылу мерзімін ұзартуға қатысты көптеген өтініштер түсіп, мемлекет кабельдік операторлардың жағдайын түсініп, дайындық уақытына жарты жыл берді.
«Осы уақыттың ішінде шетелдік телеарналармен тікелей келіссөздер жүргізілді. Олардың кейбіреуі қазірдің өзінде жарнамасыз контентті ұсынып отыр. Бұған Viasat тобының рейтингілік арналарын (TV 1000, Explore, History, Viasat Sport және т.б.) мысалға келтіруге болады.
Discovery компаниясымен жүргізілген келіссөзде де біз тиімді нәтижелерге қол жеткіздік, яғни осы компанияға қарасты 15 арнаның 13-і біздің еліміздің Заңын орындау үшін тиісті техникалық жабдықтаманы сатып алды. Қалған екі арна Қазақстан үшін арнайы бөлек нұсқаларын шығаратын болады», — дейді Дәурен Абаев.
Осыған қоса, оның айтуынша, жақын арада Қазақстанда Discovery-дың өкілдігі ашылады.
«Басқа шетелдік арналарға келетін болсақ, «Қазтелерадио», «Қазақтелеком», «АлмаТВ» секілді еліміздің ірі кабельдік операторлары эфирден жарнамасы алынып тасталған шетелдік телеарналар сигналын жеңілдікпен басқа операторларға ұсынуға дайын», — деп толықтырды министр.
Дәурен Абаев шағын абоненттік базалары бар кабельдік операторлар 1 шілдеден бастап отандық заңнаманың нормаларын орындамайтын арналарды өшіруге немесе ауыстыруға міндеттелетінін атап өтті.
«Әрине, техникалық жағынан да, келіссөздер тарапынан да жекелеген қиыншылықтар бар. Алайда, біздің министрлік Заңның барынша қатаң орындалуын және қазақстандық көрермендерге ешқандай зиян келтірмеу үшін барлық жағдайды жасайды.
Бүгінде әртүрлі кабельді желілер арқылы 150 телеарнаны көріп отырмыз, оның ішінде 70% — шетелдік. Оларға еліміздің «Телерадиохабар тарату туралы», «Тіл туралы», «Жарнама туралы» заңдарында қарастырылған көп шектеулер қойылмайды. Бұндай жағдай отандық телеарналар мен шетелдік телеарналар арасында теңсіздік орнатуда», — деп толықтырды ол.

Министрдің мәліметінше, көптеген шетелдік арналарда лицензиялау мен сертификаттаудан өтпеген немесе Қазақстан нарығында тыйым салынған тауарлар мен қызметтердің жарнамасы (мысалы ішімдіктің) көрсетіледі.
«Осылайша, отандық арналар жарнамалық нарық қаражатының қомақты бөлігін ала алмаған. Бұл ақшаға отандық телевизияның жағдайын жақсартып, инфрақұрылымды дамытып, қызықты әрі сапалы қазақстандық бағдарламалар, фильмдер, сериалдар мен шоулар жасауға болар еді.
Біз жүргізіп отырған саясат түсіністік тауып, қазақстандықтардың қолдауына ие болатынына, жақын арада жағымды нәтиже беретініне сенімдімін», — деп түйіндеді Д.Абаев.

jasqazaq.kz

Алдыңғы ақпаратШымкентте жер дауы ушығып тұр
Келесі ақпаратКүрмеуі көп түйін

ПІКІР ЖАЗУ