Күрмеуі көп түйін

0
313

Алматы облысында Жер реформасы бойынша комиссия мүшелерінің отырысы қызу да, тартысты өтті. Жиынға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев, Премьер-Министрдің орынбасары- Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Алматы облысының тұрғындары мен жергілікті фермерлері қатысты.

Бес сағатқа созылған алқалы жиын барысында барлығы 73 адам сөз сөйлеп өз ойын ортаға салды. Одан тыс облыстағы барлық аудандар онлайн байланысқа шығып, жерді сату және жалға беру мәселесіне өз пікірін білдірді.
Бүгінгі күнге дейін штабтың қармағынан құрылған колл орталыққа 9500-дей қоңырау келіп түсті. Соның 73-75 % әлі де болса 10 сотыққа байланысты. Ал Алматы облысы бойынша 500-ге тарта қоңырау келсе, соның 1,3 % ғана жер кодексіне байланысты болған.
Жері шұрайлы Жетісу өлкесінде 8 миллион 632 мың гектар жер ауыл шаруашылығына жарамды. Бұл алқаптың әр гектары игеріліп, кәдеге асуы тиіс. Отырыс барысында шаруалар осы мәселеге кеңінен тоқталды. Ашық пікір алаңы болғандықтан, әркім өз ойын ашық ортаға салды.

«Шетелдіктерге арендаға беруден неге қорқамыз?»

«Жер-Ана» (Талдықорған) өндірістік кооперативінің жетекшісі Абай Әбділдин жердің жекеменшікке берілгенін қалайды. Ол: «Өзім 40 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Өз басым жердің жекеменшікке сатылуын қолдаймын. Егер жер жекеменшікке сатылатын болса, ол жердің иесі болады. Ал иесі бар жер болса, оның күтімі болады деген сөз. Жердің сапасы жақсаратын болады.
Жерді сату керек, жекеменшікке беру керек. Менің таңқалатыным, теледидар көрем, газет-журнал оқимын сондағы жер реформасы жөнінде әр түрлі пікірлер айтылады. Әсіресе оппозиция тарапынан «Жер біздің – анамыз» оны қалай сатамыз деген пікірді оқимын. Шетелдіктерге арендаға беруден неге қорқамыз. Шетелдіктер келіп жаңа технологиясын беріп, жаңа тұқымын қалдырып жатса, игі емес пе».

IMG_8894

«Сатылмасын, жалға да берілмесін»

Ал «Самат» шаруа қожалығының жетекшісі Еркінбек Ісләмов жерді жалға беруге мүлдем қарсы. Ол өз ойын былай түсіндірді: «25 жылға емес, тіпті 10 жылға жалға беруге де өз басым қарсымын. Жерді өз азаматтарымызға сатуды да тоқтата тұру керек. Өйткені, бізде кемшілік, заңбұзушылық болып жатыр. Сол үшін жауапқа тартылып жатқан адамдар да бар».

«Қадағалау қажет»

02-EleusizovЖер сатылмауы керек, жалға беру мерзімі қысқа болуы тиіс. Эколог Мэлс Елеусізовтің пікірі осындай.
Мэлс Елеусізов: «Мен ауылда өстім. Сол себепті ауыл шаруашылығы мәселесін жақсы білемін. Жерді жекеменшікке сатуға жол беруге болмайды! Ал жалға беру мерзімі қысқа әрі ол мемлекеттің қатаң бақылауында болуы тиіс. Жерді жалға алушыларды және жердің пайдаланылуын қатаң бақылайтын арнайы орган құрылуы тиіс», – дейді.

«Жайылымдық жер бақылауға алынсын»

Осы отырыста тың идея көтергендердің бірі – шаруа қожалығының иесі Қыдыржан Байбауылов . Ол бір уақытта бірнеше өңірде жер телімін сатып алу мүмкіндігін шектеу керек деп есептейді. Оның айтуынша, жерді жұмыс істеуге қабілетті, нақты шаруаға ғана беру керек.
«Шаруа бірнеше облыста бірнеше жерді сатып алған кезде мәселе туындайды. Мұны шектеу керек деп есептеймін. Алдымен адам тиімді жұмыс істейтінін дәлелдеуі тиіс, содан кейін ғана екінші, үшінші жерді сатып алуға мүмкіндік беру керек. Содан кейін, малы бар адамның жайылымы болмай қалып жатады. Оларға мүмкіндік беріп, жайылым жерді мемлекет толығымен бақылауға алуы қажет».

«Латифундистерге жол жоқ»

тайжан-1Комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан жиынға келмес бұрын жергілікті диқандармен кездесіпті. Ол солардың ұсынысын былай жеткізді: «Мен бір қарапайым нәрседен бастасам. Комиссия мүшелерінің бұдан кейін жүйелі жоспары болуы керек. Сол жоспарға сәйкес жұмыс жасауымыз үшін. Осыған дейін Шеңгелді ауылында болдым. Ондағы 100-ден астам адам бірауыздан «Жер сатылмасын, жалға да берілмесін, латифундистерге жол жоқ» – деген пікірді қолдап, қол жинап берді. Мен осыны ресми түрде штабқа тапсырамын.

«Халықтың пікірі бір»

Комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев жиынды қорытындылай келе, шаруаның бір жүйеге келіп қалғанын атап өтті. Ол: «Комиссия отырысының жөн-жобасы дұрысталып келе жатыр. Жер реформасы жөнiндегi комиссияның отырысы нағыз пікірсайыс алаңына айналды. Иә, мұндай мәселе көшеде емес, осындай отырыстарда шешіледі. Біздің бір жөнге келгендей түріміз бар. Мысалы, жерді жалға беру мәселесі. Қайда барсақ та, оған қарсылық болып жатқан жоқ. Халықтың пікірі бір жерден шығып жатыр. Оған ешкім қарсы емес. Екінші мәселе, шекара маңындағы жерлер. Бұл сұрақ та бір жүйеден шығып келе жатыр. Мысалы, бізде заң бойынша жерді шекарадан үш шақырым қашықтықтан ғана жалға беруге болады. Бүгін оны 100-200 шақырымға жеткізу туралы ұсыныс айтылды. Енді бұл жағын мамандар шешуі керек. Тағы бір мәселе — жайылымдық жер. Яғни ауыл тұрғындарына ауылдың айналасынан белгілі бір радиуста жайылымдық жер беру. Оның ені 10 шақырым бола ма, 20 шақырым бола ма, оны да шешу керек. Өйткені, бұл туралы да халықтың пікірі бір жерден шығып жатыр. Бұл жерде мемлекеттің өз нормалары бар. Ауыл айналасындағы жерлердің қазір жекеменшікте болуы әбден мүмкін. Сондықтан, сол жерлерді тұрғындардың мүддесі үшін, жайылымдық жерге айналдыру мақсатында мемлекет қажеттілігіне деп сатып алу керек шығар деп ойлаймын. Шығындарын төлеп, ол жерлерді жайылым ретінде тұрғындарға берсе, олар малдарын жайып, пайдасын көрер еді».IMG_8903
Жалпы алғанда, барлық аудандар жерді 49 жылға жалға беруді қалпында қалдыруды қолдады. Екі ауданның өкілі жерді жекеге де беруге болатынын айтты. Ал жалпы бәрі дерлік жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы екендерін айтты. Алқалы жиында әрбір қойылған сұрақ жауапсыз қалмайды. Жер комиссиясының мүшелері осыны айтты. Ол үшін жұмысты жүйелей түсу – басты мақсат. Ендігі жер комиссиясының отырысында Асқар Мырзахметов жетекшілік ететін болады.
Біраз мәселенің анық-қанығын ашып алған шаруалар мен комиссия мүшелері келесі жиынды әр сенбі сайын емес, екі аптада бір рет өткізіп тұруға уағдаласты.

jasqazaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ