Асығыс баға береміз

0
309

Зәуреш Аманжолова, Мәжіліс депутаты:

Қарағанды облысында «Сібір жарасы» ауруына шалдыққан малдың етін жеп, екі адамның ажал құшқаны белгілі. Қазір болған оқиғаның жай-жапсары жан-жақты айтылып, жазылып жатыр. Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауына қарағанда, сол көз жұмғандардың бірі – Кәкен Қажыкенов өзін жайсыз сезінген бойда Шет ауданынан бірден қалаға жеткізіледі. Алайда ешбір аурухана дер кезінде қабылдамаған. Аумақтық дәрігерлік бөлімшенің арнайы қағазын сұратып, біраз әуреге салса керек. Дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмегендіктен, салдарынан соқталдай азамат көз жұмды. Бұл жағдай марқұмның ағайын-туғандарын ғана емес, былайғы жұртқа да жайсыз тиді. Ақ халатты абзал жандар осындай қысылтаяң сәтте қағаз-құжатты былай қоя тұрып, адам өміріне араша тұруға ұмтылуы тиіс еді. Әлде, дәрігерлер үшін де адам өмірінен қағаз қымбат бола бастады ма? Осы сұрақты Мәжіліс депутаты Зәуреш Жұманәліқызының алдына көлденең тартқан едік.

«Біз болған жайға көбіне асығыс баға береміз. Мәселенің мән-жайына тереңірек үңілуден қалып бара жатқан сияқтымыз. Соның салдарынан қоғамда теріс пікірлер көбейіп тұр. Медицинада дәрігерлердің науқас адамды шұғыл қабылдайтын кездері көрсетілген. Мәселен, жоғары температура, жол-көлік оқиғасынан және сол сияқты төтенше жағдайдан зардап шеккендер жеткізілгенде, тағы басқа жағдайларда науқастар жедел қабылданып, уақыт өткізбей, медициналық көмек көрсетіледі. Сол сияқты эпидемиялық жағдайда да науқас жедел қабылдануы тиіс. Ал Қарағандыдағы жағдайды бөлек алып қарайтын болсақ, ол кезде оқиғаның себеп-салдары әлі анықтала қойған жоқ еді. Дәрігерлер түгілі, ауруханаға келіп тұрған адамның өзі жағдайын толық білмегені анық. Қаладағы ауруханалардың өз мүмкіндігі бар. Біреуі күніне 80 адам қабылдаса, екіншісі 40-тан артық сырқат ала алмайды. Осы жағдайды да ескерген абзал. Науқасты бірден емханалардың біріне апарып қарату керек еді. Не болмаса, аумақтық емханалардың бірінде жедел қаратып, соның қорытындысымен облыстық немесе одан да жоғары емдеу орындарына жөнелтуге де болады. Егер аймақта карантин жарияланғаны, эпидемиялық жағдай орын алғаны белгілі болса немесе науқастың өзі осы жайлы мәлім етсе, әрине, кез келген емдеу орны оны шұғыл қабылдар еді. Ол кезде әлі ештеңе анық болған жоқ. Сондықтан бұл жерде өз басым біреуді кінәлаудан тартынар едім».

jasqazaq.kz

Алдыңғы ақпаратКүрмеуі көп түйін
Келесі ақпаратӘкім таңқалды инвестор бас изеді

ПІКІР ЖАЗУ