Қазақ шежіресі: Мәшһүр мен Шәкәрімнің пікірталасы

0
863

«Құр шежіре демеңіз мұның өзін»

                                                                                                   Шәкәрім

Бұл мақалада әңгіменің өзегі етіп қазақтың екі ғұлама тарихшысының арасындағы шежіреге байланысты туындаған пікірталасты алдық.  

Шәкәрім мен Мәшһүр арасындағы келіспеушілік қазақтың «Атамыз – Алаш» деген сөзінен басталады. Шәкәрім, қазақтың түп атасы, этникалық тарихының қазығы, Алаш атауын бергі заманмен, яғни Моғолстан ханы Ахмед – Алаш атымен байланыстырады да Алаша хан туралы аңызды «қазақтың ертегі сықылды сөзі» деп қазақтың өте маңызды аңыздық деректерін қолданысқа алмайды. Бұл қазақ тарихы туралы еңбектің негізгі концептуалды өзегінің әлсіздігіне алып келеді. Қазақ тарихының құрақ көрпедей болып шығуы да оның негізгі өзегіне терең көңіл бөлмеуге тікелей байланысты. Мәшһүр болса өз «Қара месін» «естіген құлақтың жазығы жоқ, мен естігенімді жазамын, біліп жазушыға таласым жоқ, «сөздің өтірігіне нанба, қисынына нан, өтірікке нанса болар, қисынын тауып айтушы болса» деп Әз Жәнібек хан айтқан» деп  Алаша хан туралы аңыздан бастайды.

Қазақ үшін Алаша ханның орны бөлек, этнос және мемлекет есебінде біз өз бастауымызды Алаша ханнан аламыз. Бұл шежіре қазақтың кең-байтақ өлкесінің қай бұрышында болсын танымал. Алаша хан Нұх пайғамбардан тарайтын шежіреге қалай кірікті? Насаб-намеге қарасақ, Нұх, одан Яфес-Жаппас, одан Түрік, одан Түтік, одан Диббақай, одан Киік, одан Еділше, одан Алынша-Алаша, одан Қара хан, одан Оғыз-Уыз хан. Біздің заманымыздан ертерек уақытта Еуразиялық тарихтың ортақ нұсқасын жасау талабы болғанын біз осы насаб-намеден-ақ де аңғарамыз. Адамдар қашанда өз-ара туысқандықты, түсінушілікті іздегені және діни, саяси шекаралар жоқ заманда адам баласын бір арнадан тарататын моноцентристік пайымдауларға шектеу, бөгет аз болса керек.  Осы көзқарастың тамаша бір үлгісін біз Рашид-ад-диннің «Джами ат-тауарихынан» көреміз (ХІV ғ. соңы). Бір ескертетініміз, бұл жәдігерлік жоғарыда келтірген  пікірді дәлелдейді. Рашид-ад-дин «түркі-мұңғыл халықтарының шежіресін жазу үшін Олжайту ханның ордасына әдейлеп сахарадан білгір қарияларды шақыртып алдым, солармен ақылдасып отырдым» дейді. Яғни парсылық ғұламаның еңбегіне азық-дерек болған ең алдымен көшпелілер ортасындағы шежіре аңыздар. Қазақ шежіресі туралы қазіргі түсініктер өте үстірт, көпшілік қауым, оның ішінде ғалымдар да бар. Шежірені ата қуу деп түсінеді, Адам атадан бастап «құрт-құмырсқа, бақа-шаян» (Абылайдың түсі) бәрін түгендеп тұрып жазады. Соңғы кездегі жарияланып жүрген үлкенді-кішілі рулардың «шежіресі» осы бағытта.

Егер ата санасақ, қазақтың үш жүзіне негіз салған түпкі аталардың (этноарх) өмір сүрген уақыты 1500 жылдар болып шыға келеді. Көңілге қонады ма? Әрине, қонбайды. Ұлы жүздегі Жалайырды, Кіші жүздегі Адайды, қазақтың қаймана қай руын алып қарасақ та барар жеріміз осы меже. Сонда Арғынның, Жалайырдың, Адайдың 1500 жылдан арғы тарихын қайда қоямыз?! Ендеше қазақ шежіресіндегі басты принцип ата қуу емес екендігін мойындау керек, шежіре-тарихты жадыда сақтау. Ал тарих дегеніміз жеке тұлғалардың өміріне, қызметіне тікелей байланысты. Шежіреге кіргің келсе, тұлға бол! Қазақ шежіресі персонофикацияланған тарих. Мұнда уақыт межесі жоқ, бәрі де ұлылардың өміріне байланысты құрылған. Ең бастысы шежіре осыған жауап береді, ал қай ғасырда жасаған, оның сіз бен бізге болмаса, шежіреге керегі жоқ. Шежіре үлгі-өнеге, адамға рухани азық, табанына тұғыр, шежіре аңыздарда қазақтың кең байтақ сахарасында қасиетті тұлғалар өмір сүреді, ел тағдырын шешетін ұлы қимылдар жасайды, ұлағатты сөз айтады. Шежіре дәстүрі  осы себептен бір ғасыр бұрын өмір сүрген адамның тарихын аңыз-әфсанаға айналдырып жібереді. Қазақтың ұлы тұлғалары туралы деректер қазақтың шежіресінде аңыз түрінде кездеседі екен деп, біз олардан бас тартқанымыз жөн бе? Жазбаша дерек те аңызға сүйенеді және оның ең осал тұсы жазба жеке адамның қолынан шығады, яғни әуел бастан субьективті. Оған қарағанда қазақтың ауызша дәстүрі халықтың шежіре дерегін есіне сақтаған ең үздік қарияларының ұжымдық еңбегі емес пе?!

Шәкәрім шежіресі алғаш рет 1911 жылы Орынбор қаласында Кәримов пен Хусаиновтың біріккен баспасында жарық көрді. Қазақ зиялы қауымы арасында 30 жылдарға дейін бұл шежіре кең танымал дүние болды деп есептейміз (Ә. Бекейханов, Ж.Аймауытов, М. Тынышбаев шығармаларын қараңыз). Кеңес өкіметі орныққаннан кейін Шәкәрімнің өзінің қаза болуы бар, тоталитарлық, этноцидтік саясаттың өршіп кеткендігі бар, халық арасында Шәкәрім атын атауға, шежіресін пайдалануға тыйым салынды. Алпыс жыл бойы аты аталмағаннан кейін, ақынды да, оның шежіресін де ұмыттық.

Шәкәрім «Шежіресі» тек қазақ тарихының баяны емес, сонымен бірге ол ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың түп-қазығы және жаршысы. Тарихи сана мемлекет үшін күресте мызғымас ірге тас қызметін атқарады. Шәкәрім «Шежіресінің» соңында кітапшаға арнайы енгізілген өлеңдер бұл тарихи зерттеудің қандай мақсатпен дүниеге келгенін, автордың саяси және қоғамдық қөзқарасын оқырманға танымал қылады. Шәкәрімнің мақсаты тек ата таратып қою ғана емес, солардың үлгілі істерін дәріптеу, сол арқылы болашаққа ұмтылған еліне көмек қолын созу:

Атаны атағанмен білім артпас,

Сүйтсе де білген адам құры жатпас.

Қыбырлаған қыр асар қиыннан шығар деген,

Козғалмасаң қолыңнан кісі тартпас, – дейді ақын. Бұл жерде «кісі» деп Шәкәрім өзге ұлтты, өзге елді айтып отыр. Ақын ешкімге сенбе, өз жолыңды өзің топшыла, еңбектен, тек сонда ғана қиындықтан шығасың деп отыр қазаққа.

Тек Шәкәрім «Шежіресі» ғана емес, ХХ ғасырдың басындағы кез-келген тарихи шығарманы алып қарасаңыз да тәуелсіздікке ұмтылған қазақ азаматтарының ширыққан көңіл-күйіне кездесесіз. Қазақтың белгілі шежірешісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 1907 жылы Қазанда басылған «Сарыарқа кімдікі екендігі» кітабы да осы ахуалдың көрінісі.

«… Біреу біреуге соңынан қалмаса «атаңның құны бар ма еді?» дейді ғой, сондай-ақ атамның құны болғаны үшін, жер-судан айырылып, қаңғып, қоныссыз жүргеніме ішім күйіп, өлсем ойымнан кетер емес», – дейді Мәшһүр Жүсіп Ресей патшалығының қара шекпенділерін қазақ жеріне қаптатқан саясатына ыза болып. Отарлық қапаста, қол-аяғы бұғауда қалған халықтың жағдайы шын мәнінде өте аянышты: «Тірімізге иман, өлгенімізге жаназа жоқ, адам тәрбиесінен қалдық. Бір жерде бір қазақты мұжық атып тастаса қазақ өлгенін қолына алып көміп, мұжық үйінде жаннан қаперсіз, тыныш отыра береді. Бір қазақты бір қазақ-орыс пышақтап жарып тастаса казак-орысқа сот жоқ, көшеде ойнап күліп жүре береді».

Мәшһүр мен Шәкәрім «Шежірелері» қазақ халқының XIX-XX ғасырдың басындағы отарлық мүшкіл жағдайынан туындайды. Мемелекет және жергілікті әкімшілік тарапынан болған қиянат шектен шығып кетті. 1867-1868 жылдардан бастап қазақ сахарасында іске аса бастаған «Уақытша Ереже» қазақты тек саяси биліктен ғана емес, сонымен қатар жері мен суына қожалықтан айырды. Тарих отаршылық езгіге қарсы күрестің байрағына айналды. Кәсіби тарих ғылымы қалыптаспаған уақытта тарихи деректерді жүйелеу, оларға қажетті тұжырымдық бағыт беру, тарихнамалық зерделеу мәселесінде қазақ топырағында сол кезеңде қатар өмір сүріп жатқан Шығыстық және Батыстық құндылықтар арасындағы талас-тартыс сезіледі. ХХ ғасырдың басында жарық көрген ұлттық тарихқа қатысты қарақ азаматтарының еңбектерінен үш түрлі көзқарастың ықпалын аңғарамыз. Ең бірінші және күшті бағыт – төл дәстүрге сүйену, яғни қазақтың ауызша дәстүріне – шежіреге негіздеп тарихты түйіндеу. Екінші ізденіс Шағыстың тарихи дәстүріне сүйену, Шығысқа танымал тарих жазудың кітаби нұсқаларын пайдалану. Үшінші жол – Ресей тарихнамасының басымдылығы жағдайында Еуропалық үлгіге ден қою. Соңғы бағыттағы азаматтар Ресей зерттеушілерінің қазақ халқының этникалық және саяси тарихына арналған еңбектерін негізгі нысана қылып алғанын айтпасақ та болады.

Шәкәрім «Шежіресі» белгілі дәрежеде осы соңғы, яғни Батыстық үлгіге жақын жазылған. Бұл, әсіресе, қазақ тарихының көне қабаттарына қатысты тарауларда анық көрініп тұрады. Біздің пірірімізше, Шәкәрімді ең алдымен қызықтырған мәселе – Ресей тарихшыларының еңбектеріндегі көне деректер, соның ішінде Қытай жылнамалары. Мысалы «Шежіренің» бесінші бетінде Шәкәрім түрік халықтарының этногенезіне қатысты қытайлық деректерді Аристовке сүйеніп келтірген: «Мұнан соң қытай шежірелеріндегі ертегі сықылданған сөздерді жазып және оларды қалайша шын сөзге қисындыруға болатындығын жазамын», – деп, автор «Аристов кітабындағы қытай жазушыларының сөзі» деп бірнеше бетте қытай жылнамаларында хатқа түскен көне аңыздарды келтіреді. «Шежіренің» тоғызыншы бетінде Шәкәрім В.В.Радловтың «Ұйғыр туралы» (Об уйгурах) кітабынан үйғырларға қатысты мәліметтерді келтірген.

Екі жағдайда да Шәкәрім Н.А.Аристов және В.В.Радлов еңбектеріндегі қытай деректеріне қатты қызыққаны байқалады. Ол кезеңде Н.Я.Бичуриннің қытай жылнамаларынан аудармаларына Шәкәрім тікелей бара қоймаған. Мүмкін бұл Н.Я.Бичурин аудармаларының көпшілік қауымға әлі де таныла қоймағандығынан болуы керек. Бірақ тарихшы өзі пайдаланған Ресей зерттеушілерін әрдайым атап, еңбектеріне сілтеме жасап отырады. Сонымен бірге қытай деректерін интерпретациялау барысында Шәкәрім Ресей тарихшыларының көзқарастарына амалсыз ден қояды. Ол еліктеу «Шежіренің» өне бойынан там-тұмдап ашық кездесе береді. Мысалы эфталиттер мен көне түріктердің арасындағы жаугершілікті баяндай келіп, Шәкәрім ауарлар туралы: «Бұл ауарды Аристов онан бұрын келген түркеш атанған халық еді, түрік нәсілінен», – дейді. Осылайша Ресей тарихнамасында қалыптасып қалған кейбір қағидалар «Шежіреге» еніп, негізгі концепцияға әсер ететіні байқалады.

Дегенмен Шәкәрім «Шежіресі» қазақтың ұлттық тарихи танымнан тым ауытқымаған. «Шежіренің» негізгі бөлімдерінің бәрінен де біз қазақ ортасында қалыптасқан түсініктер мен тарихи аңыздарды кездестіріп отырамыз. Шәкәрім Батыс, немесе Шығыс тарихшыларының еңбектеріне сілтемелер жасай отырса да, әр мәселенің төңірегінде қазақия ой тұрғысынан пікір білдіреді. Мысалы «нәсілі бір болмаса да, екі түрік ағайынды болғысы келсе, бір жерін қанатып, қандарын сүтке яки қымызға бөліп ішеді де, қаны қосылған қарындас болдық деседі. Оны «анда» деп атайды», дей келіп Шәкәрім «біздің қазақтың құда-андас дегендегі андасы осы сөз» дейді. Бұл қазақ сөзінің ішкі мазмұнын, төл этнографиясын терең білетін зерттеушінің пікірі. «Шежіре» мазмұнында осы сияқты тарихи зерттеушіліктің нышандары жиі кездеседі.

           Осы сияқты Шәкәрім «Шежіресін» оқи отырып, біз одан Шығыстың да әсерін мықты сезінеміз. Автор тек Әбілғазы бахадүр хан сияқты Шығыс тарихының майталмандарының еңбектерін ғана емес, сонымен бірге мұсылманша білімді адамдардың арасында кең тараған түбі «Таураттық» білімді де әр кез пайдаланып отырады. Дегенмен Шәкәрімнің Қытай жазбаларындағы «со» халқын біресе «сейіт», біресе «Шиш пайғамбар» атауына алып баруын біз аса дәлелді деп есептемейміз. Шәкәрім б.з.б. III-II жүзжылдықтарда Шығыc Түркістан мен Жетісу өлкесін мекендеп, кейін үйсіндердің ығыстыруына байланысты Орта Азия өңіріне қоныс аударған «со» халқын «мұны Нәжіб Ғасымбек «сейіт» деп жазғанына қарағанда, осы Шиш-Таураттағы Шит деп жазылған және шежіре жазғанда «се» деп оқылады. Соларға қарағанда Шиш нәсілі деген сөз болды» деп жорамал айтады. Шын мәнінде бұл жерде Орталық Азияны ерте заманда мекендеген сақ қауымдарының бір бөлігі туралы сөз болып отыр.

Тарих ғылымының дұрыс дамуына қажетті шарттың бірі – пікірталас. Ғылымның терең сырына бойлаймын деген ғалым алдымен әр дерекке, әр ғылыми пікірге сын көзімен қарауы керек. Күмәнға түскен мәселеге қатысты дәлел іздеу ғылыми жұмыстың ең қызық та, күрделі тұсы. Таза ғалым тиянақты, шынайы дәлел жоқ жерде өзеуреп өз айтқанын қайталай бермейді. Әрине, қандай бір ғылымның саласындай, тарихта да ғылыми гипотеза, жорамал болады. Бірақ, сол жорамалға барған күннің өзінде де зерттеуші ғылыми қисынға, яғни логикаға сүйенеді. Сонымен бірге Шығыс тарихшыларының бір тамаша дәстүрі күмәнді жерде «анығын Алла біледі» деп ескертпе жасау. Дегенмен  XIX ғ. соңымен XX ғ. басындағы тарихқа қалам тартқан қазақ шежірешілерінің де өз ара ымыра таппаған мәселелері болды.

Өкінішке орай Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп арасындағы «Шежіреге» қатысты пікірталас біржақты. Біздің қолымызда Мәшһүрдің Шәкәрім «Шежіресіне» қатысты дүниелері ғана бар, ал Шәкәрімнің ол пікірлерге қаншалықты жауап бергенінен біз хабарсызбыз. Бір жағынан Мәшһүрдің жазғандары Шәкәрімге жетпей қалуы да мүмкін, дәл сол кезеңде заман аласапыран еді, екінші жағынан Шәкәрімнің «Шежіресінің» соңғы, жөнделген нұсқасы қолымызда жоқ. 1931 жылы жазушы С. Мұқановқа жазған хатында шежіреші «Қолымда барымнан азғана жазбамды жібердім… Шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып, бұрынғы басылғанында қате бар, һәм қосылмаған сөздер бар болғандықтан көшіріп жатырмын түзетіп» деп ескертетіні бар. Осы тақырыппен арнайы айналысқан филология ғалымдарының докторы М. Мырзахметов «Өкініші сол, осы көшіріліп түзетілген шежіренің жаңа нұсқасы әзірше көз жаздырып тұр…» дейді. Біздің де,осы өкінішке қосылғаннан басқа амалымыз жоқ.

Мәшһүр Жүсіп «қазақ шежіресіне» арналған жазбаларында Шәкәрім «Шежіресін» бірнеше жерде сілтеме жасайды. Мәшһүр шығармаларының 10-шы томында «Шәкәрім шежіресінен тобықтыны жазып алдық» деген авторлық ескертпесі бар. Мәшһүр жазбаларында Тобықты ішіндегі аталардың қазақи  дұрыс аталғанын айта кеткіміз келеді. Шәкәрім «Шежіресінің» баспаға түскен нұсқаларында, (әсіресе 1991 жылы жарияланған («Жұлдыз» журналының бірінші санында және жеке кітап ретінде) емле, әріп қателері өте көп. Мысалы Шәкәрім «Шежіресіндегі» «бұл Тобықтының екі баласы – Рысбетек, Дәулетек» (Орынбор нұсқасы, – 64 бет) 1991 жылы жарияланған нұсқаларда біресе Ерістік, Дәулетік, біресе Расіптік, Дәулеттік т. б. жазылады (1991 жылы шыққан жарияланған нұсқалар; Жұлдыз №1. – 88-89 бб; жеке кітап түрінде –41-42 бб.).

Мәшһүр Жүсіп Шәкәрім «Шежіресінің» Еуропалық тарихнаманың дәстүріне түсіп, қазақи баяндаудан ауытқып кеткеніне наразылық білдіреді: «Қағаз бетін орын алдырып толтырып, жан білмейтін жамандарын жазады. Дадан-Тобықты Қараменді биді жазбайды. Өз заманымызда айдай атын әлем білген Нармамбетті жазбайды. Құнанбай-Бөжей, он бір жыл Құнанбаймен дауласуға жараған Бөжейді жазбайды. Айдай әлемге байлықпен атағы шыққан соқыр Оразбайды жазбайды. Құнанбайдың Ыбырайы (Абайы) жолбарыс болып шыққанда, қасқыр болып шыққан (шапқан): Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопан – бұл төртеуі қайдан шыққанын жазбайды…» Мәшһүр Жүсіп қазақ шежіресінің негізгі принциптерінің бірі – тарихты ірі тұлғалар арқылы баяндауды қолданған. Бұл ең көне заманнан келе жатқан көшпелі түркі-монғол халақтарынан шыққан тарихшылардың қағидасы. Мәшһүрдің өз жазбаларында бұл принциптен ауытқу болмайды. Мысалы Қуандық руын тарата келе ол Өтегеннің Көлбайынан Жантелі, Майкөт. Майкөттен Әміртай. Әміртайдан Құлшынбай, одан Әлі болыс. Жантеліден Жорғабай. Жорғабайдан Ысқақ. Кісі білмейтұғын жандарды жаза беріп немеге керек», – деп бұл атаны әрі қарай таратудан бас тартады.

Сонымен бірге Мәшһүр Жүсіп Шәкәрім «Шежіресінен» тобықты руын таратуға қатысты көшірмелер жасай отырып қазақ арасында белгілі  Мамай батырға қатысты бөліміне «Абыз-Шомақ Боқтыбайдың жасауының ұрлану» әңгімесін, Ырғызбайға қатысты беттерде Балта ақынның Құнанбайға айтқан өленің т.б. қазақтың ауыз екі деректерін, аңыз-хикаялырын қосып отырады.

Мәшһүр Шәкәрім «Шежіресіне» қатысты қосымшаларының бір қатары «Қалқаман-Мамыр» оқиғасына қатысты. Мәшһүрдің осы әңгіменің екі нұсқасымен де таныс болғаны байқалады, бірақ шежіреші «Қалқаман-Мамыр» әңгімесінің өлең-жыр түрінде өңделіп, жариялануын ұнатпайды. Мәшһүр қазақтың өлең-жырға жақын екендігін, өлең болып шыққаннан кейін Қалқаман мен Мамыр тағдырына елдің аяушылық танытатынын, ал шын мәнінде қазақтың неке тәртібін (жеті атаға дейін үйленбеу) бұзғандарға ешқандай аяушылық болмау керектегін ескертеді. Қалай болғанда да бұл тәртіпті бұзғандарды ақтаудың қажеті жоқ дейді Мәшһүр. Сонымен бірге Мәшһүр «Қалқаман-Мамыр» оқиғасына қатысты Бәсентиін – Қойсары деген елдің ішінде сақталған аңызды келтіреді. Ол аңызда жаугершілік заманда осы елге Қалқаман деген азаматтың келгенін, бала болып, жылқы баққанын айтады.

Мәшһүрдің жазғанына көңіл қоялық: «Ақтабан шұбырындыда» тоқсан жеті жасында жүре алмай, төбе басында отырып қалған осы Әнет бабаң. Отырып қалған жері – Әулиелі Қызылтау. Артынан іздеп келіп, тірі күнінде тауып алып кеткен. Әулиелі Қызылтауда Әнет аты – жер аты болып қалған. Елдің барып тоқтаған жері – «Мамыр» көлі болып атанып қалған. Қалқаман Мамырдың моласын күзетіп қалып, ақырында сол маңайда өлгеннен көмілген жері «Қалқаман» атанып, «Қалқаман тұзы», «Қалқаман бекеті» атаған. Бұл мәселе қазіргі тарихшылар тарапынан әлі де нақтыланып, әрі қарай терендей зерттелетін мәселе болуға тиіс.

Екі тарихшының арасындағы келіспеушіліктің бір көрінісі «Тобықты» атауына қатысты. Шәкәрім «Шежіресінде» тобықты атауын арабтың тофиқты (тауфиқты) сөзімен байланыстырады. Мәшһүр болса Шәкәрім шежіресінде «Тобықтының аты таупықты (тауфиқты) екен», – дегені өтірік. «Тауфық» – араб тілі. Қазақ оны білмейтін күні балаларының атын «Боқбасар», «Итаяқ», «Құтаяқ» қойып жүрген күндері. Мәшһүрдың бұл пікіріне біз де қосыламыз. «Тобықты» атауы ерте мәжуси заманынын келе жатқан сарқыттың бірі және араб-мұсылман әсеріне еш қатысы жоқ. Тобықты атауының этимологиясын, қазақтың Қанжығалы т.б руларының атауларымен қоса сақ-оғыз дәуірінен б.з.б. 1 мыңжылдық қойнауынан іздеу керек деген пікірдеміз.

Мәшһүрдің Шәкәрім Шежірісін бір сынайтын тұсы Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы жаугершілік. Қазақ арасындағы тарихи аңыздарға сүйеніп Мәшһүр Еңсегей бойлы Есім хан Қатаған елін шапқанда хан Тұрсының екі қызы қолға түскенін, ал қалған қырық қыздың нөкер қыздар екенін жазады.  Тұрсынның өзінен туған екі қыздың бірін Ер Есім олжалап, екіншісін Шақшақ батыр алып, баласы Кошқар батырға қосқан, одан атақты Жәнібек туады, ал «нөкер қыздардың» біреуін Тобықты алса, алған шығар, Тұрсын ханының қызы екен дегені өтірік».

Шәкәрім «Шежіресінде» Қазақ хандығының құрылуына қатысты қызықты да, мазмұнды аңыз бар. Ол Шайбан тұқымынан Дәшті-Қыпшаққа хан болған Әбілқайырдың Жәнібек-Керей бастаған Орда Ежен тұқымы сұлтадарымен арадағы келіспеушілікке қатысты. Шәкәрім бұл наразылық Қобыланды қолынан Дайырқожаның өлуіне байланысты дейді. Өкінішке орай Шәкәрімнің бұл аңызды кімнен жазып алғаны, немесе басқа дерек көздері нұсқалмаған. Мәшһүр болса «Дайырқожа мен Қыдан (Қотан) тайшының» бұл оқиғаға қатыстылығына күман келтіреді: «Біздің Арғынның әр жақ, бер жағында Қыдан тайшы-аталған ешкім жоқ» дейді. Осыдан кейін «Арғында Құтан атанған екі кісі өткен. Бірі Қоғамның Құтаны. Ол қазақ «үш жүз» деген атқа ілінбей, жігі бөлінбей тұрған күнінде шыққан. Бірі – Бұтанның Құтаны. Бұл екеуі бір туысқан. Бұтан жасында өліп қалып, онан тұқым, нәсіл, ұрпақ қалмаған. Құтаннан Мейрам сопы жалғыз» дейді. Расында да Шәкәрім «Шежіресінде» Дайырқожаның (Ақжол би) және арғын одағына кіретін қуандық, сүйіндік т.б. сияқты көне рулардың атасы болуы себепті  Қыдан (Қотан) тайшының ХV ғасырда өмір сүруі мүмкін емес сияқты.

Бұл пікірталас қазақтың бір жылы туған, бір жылы қайтқан екі арысының арасындағы дау ғана емес. Қазақтың мүйізі қарағайдай екі тарихшысына дау салған мәселе – тарих ғылымының болашақтағы жолы. Өмірдің барлық саласына еуропалық құндылықтар еніп жатқан уақытта қазақ дәстүрін қалай сақтап қалуға болады? Шәкәрім қазақ тарихнамасына Еуропаның есігін ашты, әрине қатесі де аз болған жоқ, бірақ Машһүр сияқты тек қазақтын ауыз екі дерегіне, аңызына сүйеніп бұдан әрі тарих күн көре алмайды. Енді қайтпек керек? Бұл жағдайда жол біреу – қазақтың дерегіне сүйену және Еуропаның зерттеу әдістерін пайдалану.

Мәшһүр мен Шәкәрім бір-бірінен бөліп, ажыратып алуға келмейтін тұлғалар. Бұлар XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ауыз екі сақталған қазақтың төл шежіре дәстүрін хатқа түсіріп, Еуропа және Шығыс деректерімен салыстыра отырып, ғылыми тарихнамаға алғаш рет қадам басқан ғұламалар. Е.Бекмахановты қудалау және ең соңында  жиырма бес жылға ит жеккенге айдап жіберу  қазақ тарих ғылымын толықтай Кеңестік идеологияға бағынуға мәжбүрледі. ХХ ғасырдың 50-ші жылдары біз өзіміздің төл тарихшылық дәстүрлерімізден ажырадық. Қазақ деректерінен қол үзу қазақ тарихын дүбәрә жағдайға алып келді.

Жамбыл Артықбаев,

тарих ғылымдарының докторы

«Жас қазақ» газеті 2011 жыл  

 

ПІКІР ЖАЗУ