Құнанбай

0
471

Адамды оның өмір сүрген ортасын, тұрған-жүрген жерін көріп қана толық түсінуге болады. Сондықтан біз Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданында болып, Шыңғыс таудың етегінде өмір сүрген қазақтың маңдайына біткен Құнанбай туралы біз біле бермейтін деректерді мақаламызға арқау еттік. Абайтанушылар – Бекен Исабай, Төкен Ибрагимов, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай, жазушы, дінтанушы Бейбіт Сапаралы Құнанбай туралы құпия оқиғаларды бізге айтып берді.

Бала Құнанбай

Құнанбай туылар алдында оның шешесі Зере түс көреді. Бұл түсті адамдар Өскенбай бидің жанұясында батыр да беделді адам дүниеге келеді деп жақсылыққа жориды. Құнанбай бала күнінен өзінің алғырлығымен және ерекше қабілетімен көзге түседі. Ол кішкентайынан өзінің жан-жақтылығымен, жетекші болуға икемі барын көрсететін. Құнанбай бала кезінен әділ болуға талпынды. Оны өмірінің негізі етіп алды. Әділ болуға анасы Зеренің қосқан үлесі теңдессіз. Оның сыры туралы Бекен Исабай былай дейді: «Найман руынан шыққан Зеренің айтқан сөзі бар: «Мен Құнашымды ешқашан дәретсіз, «бісмілләсіз», омырауымды жумай емізбегем. Оның бойындағы тазалықты осылайша қалыптастырдым».

Құнанбай өзінің алғырлығымен қоса, қазақтың дала атрибутына үлкен қызығушылық танытатын. Нағыз көшпенді ретінде оның жылқыға деген құмарлығы ерекше еді. Қазақ қауымында дәулетті болу – малды болумен өлшенді. Әрбір қадірлі адамның бірнеше үйір жылқысы болуы керек болатын.

Ол өте зерек, шымыр боп өсті. Бұл – болашақ көшбасшыға тән қасиет еді.

Төкен Ибрагимов айтады: «Құнанбай кішкентайынан балуан болды. Кіммен күрессе де жауырыны жерге тимейтін. Найзаны қолға алғанда, қарсыластарын жер жастандыратын».

Бекен Исабай айтады: «Құнанбай балалық арманын былайша сабақтайды: «Әу баста атақты балуан болуды армандадым. Бір жиында жеңіліп қалдым. Сөйтіп, бұл арманымның жүзеге аса қоймасын түсініп, бұдан бас тарттым. Дұға етіп, Алладан ел басқаруды сұрадым. Егер еліме әділетсіздік етсем, туралықта туысқандық жағыма шықсам, жұртқа мені мазақ ете гөр деп жалбарындым. Осыдан кейін өмірімнің соңына дейін әділ болуға өзіме сөз бердім. Алла тілеуімді қабыл етті. Егер маған қиянат жасаған біреу болса, ол туысқаным болар еді. Ал менің сырттан келер жауым жоқ».

Құнанбай бала кезінен әділдігімен, ержүректігімен және қаталдығымен ерекшеленетін. Отбасында жалғыз бала болғандықтан ба, әйтеуір мінезді болады. Баланың қалыптасуына оның Ислам қағидаларын мықты ұстанатын өскен ортасы қатты әсер етті.

Қайраткер Құнанбай

1849 жылы жылы халық Құнанбайды Қарқаралы округінің аға сұлтаны етіп сайлайды. Бұл жерде оны халық сайлағанын міндетті түрде ескере кеткіміз келеді. Құнанбайға дейін округтағы билік тек шыңғыстықтардың қолында  болатын. Бұл қазақ даласын бірнеше ғасырлар бойы билеп келе жатқан төрелердің, яғни Шыңғысханның тікелей ұрпағының айырықша құқығы еді. Қара қазақтың хан тағына үміт артуы мүмкін емес еді. Ақсақалдардың айтуынша, Құнанбайдың жас та болса көсемдік қабілетін көрсете алған оқиғасы бар. Бекен Исабай айтады: «1822 жылы Кеңгірбайдан кейін тобықты руын басқарған Өскенбай 18 жастағы ұлын, яғни Құнанбайды Қарқаралыдағы жиынға жібіреді»

Бұл хандық биліктен сұлтандық билікке көшу кезеңі болатын. Жиынға қазақтың беткетұтарларының бәрі қатысты. Күн тәртібінде бір ғана мәселе: «Қарқаралы округінің аға сұлтаны кім болады?» Бәрінің ойы бір жерден шықты. Бекен Исабай айтады: «Сонда жиналғандардың ішінен біреу тұрып: «Жер төбесіз болмайтыны секілді, халық та Төресіз болмайды. Әрине, міндетті түрде Төре керек», – деді».

Барлығы шешім қабылдап жатқан сәтте, қатардан бір жас жігіт тұрды. Отырғандар жалт бұрылды. Бекен Исабай айтады: «Құнанбай орнынан тұрып былай деді: «Қарапайым халықтың тағдыры кімді алаңдатады. Сол болсын! Мен Абылай ұрпағына – Төреге қарсымын!»

Жас Құнанбайдың сөзі ел ағаларының наразылығын тудырды. Сарыбай руының биі жас жігітке қарсы шықты. Бекен Исабай айтады: «Әлгі адам Құнанбайға жауап қайырды: «Сенің әлі бұғанаң бекімеген. Сен қайтіп Төреге қарсы шықпақсың?!»

Жиналыс нәтижесінде арғын, найман, керей руларының атқамінерлері бұл лауазымға Құсбек төрені сайлайды. Ызаланған Құнанбай қайтар жолда әлгі бидің мойнына арқан тастап, жерге құлатып, атымен сүйрей жөнеледі. Осыдан кейін өзінің атшысына бидің не айтары барын біліп келуді тапсырады. Бекен Исабай айтады: «Би ашуын басып, Құнанбайға өз сөзінің дұрыс еместегін, қателескенін жеткізеді. Құнанбай осы кезден бастап өзін халықтың мүддесі үшін күресуге әрдайым дайын екенін дәлелдейді».

Кейін Құнанбайдың дәл осы қабілеті мен халқына деген сүйіспеншілігі оны билікке алып келеді. Халық өз әміршісі жөнінде жақсы пікірде болатын.

1849 жылы Құнанбай аға сұлтан болып сайланғаннан кейін кесек қадамдар жасау керек болады. Ол қазақ халқының даму жолы неде жатқандығын жақсы түсінеді. Жаңадан сайланған аға сұлтан қазақ ең алдымен неге мұқтаж деген сұрақтың жауабын білді. Осылайша Құнанбай өзінің бұрыннан келе жатқан арманын іске асыруға кіріседі.

Қамқор Құнанбай

Ол билікке келісімен бала күнгі арманын жүзеге асырады. Ең бірінші қазақ балаларының сауатын ашу мәселесін қолға алады. Құнанбай сұлтан болмай тұрып, яғни, 1845 жылы шекара басқармасына қазақ балаларына арнап училище ашу туралы хат жазады. Басқарма бұған рұқсат бергенімен, екі тілді меңгерген мұғалім табу қиынға соғады. 1851 жылы ол тұңғыш рет медресе ашады. Көшпелі қазақ үшін ыңғайлы болсын деген ниетпен оны Тобықты руының орталығына салады. Кейіннен ол жер Ескітам деп аталып кетті. Өркениеттің дамуымен және оқу орындарының көбеюімен Ескітамдағы медресенің қажеттілігі болмай қалды. Бүгінде сол тарихи құрылыстың ізін тек тас тақта ғана білдіріп тұр.

Исламда білімнің орны ерекше. Бұл Құнанбайдың өз халқының болашағына деген қамқорлығы еді. Медресе өз балаларының, олардың тәрбиесі мен біліміне деген қамы болатын. Құнанбай діндар адам ретінде медреседен бөлек, тағы бір құрылысқа мән береді. Бекен Исабай айтады: «Құнанбайға дейін үш жыл бойы елді Абылайдың ұрпағы Құсбек басқарды. Ол мешіттің орнын белгілеп, құрылысына халықтан ақша жинап алады. Алайда ақша талан-таражға түседі. Ал сұлтандыққа тағайындалған Құнанбай генерал-губернаторға былай деп хат жазады: «Жиналған ақша талан-таражға түскен. Ал белгіленген орын дұрыс емес, базардың жанында. Алланың үйы базардың қасында болмауы тиіс. Мешітке орын тауып қойдық. Мешітті өз қаражатыма тұрғызуға рұқсат беруіңізді сұраймын».

Мешіт өз жамағатына тынбай қызмет етіп жатты. Бірақ Кеңес өкіметінің орнауымен бұл жерде басқа мекемелер мен ұйымдар орналасты. Мұның соңы құрылыстың ескіріп, жарамсыз боп қалуына әкеп соқты. Тек Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы мешіт үлкен жөндеуден өтті. Қазіргі таңда бұл Қарқаралының мақтан тұтатын орындарының бірі.

Қамаудағы Құнанбай

Бірақ Құнанбайдың аға сұлтандық билігі көпке созылмады. Өз руластарының дауы мен арызының себебінен ол тұтқынға алынып Омбыға айдауға жіберіледі. Төкен Ибрагимов айтады: «Соңғы мәліметтерге қарағанда, ол түрмеде 11 ай жатқан. Арызданушылар өзінің ағайындары болды». Тұрсын Жұртбай айтады: «Құнанбай былай дейді: Құдай менің байлыққа, билікке, осыларға толық жету туралы 3 тілегімді қабыл етті. Үш жүз менің пікіріммен санасты. Алайда туысқандарым менің идеяларымды жүзеге асырмауға барынша кедергі болды. Құдайдан байлық, билік сұрағанда туысқандарымның маған деген мейірімін сұрамаппын. Қазір соны тілеймін. Өз тума-туысым аяқтан шалғанда, басқа қазақтан не күтуге болады?»

Қылмыстық іске не себеп болды екен? Шынымен-ақ, қара қазақтың арасынан сайланған аға сұлтан өз халқының қанішері мен залымына айналды ма? Төкен Ибрагимов айтады: «Бізде 1000 беттен тұратын қылмыстық іс туралы материал сақталған». Тұрсын Жұртбай айтады: «Иә, оның ұрлық-қарлықты тыю, насыбайды пайдалануды тоқтату, ойнастық жасауды доғару, т.б. туралы батыл шешімдері халық үшін төтенше жағдайдағы қатал жүйе болды. Осылай істемеске болмады».

Құнанбайдың қатал басқару әдістері халқының наразылығын тудырса керек. Бұл жәй наразылық емес, нағыз өшпенділік болды. Өйткені, оны қамауға алғаннан кейін руластарының ешқайсысы оның тағдыры үшін уайым шекпеді. Тек өзінің ескі досы – Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс қана оған кепілдік етеді. Осылайша 1852 жылы Құнанбай аға сұлтандығынан айрылып үйіне оралады. Оның тергеу ісі 1869 жылға дейін созылып дәлелдердің жетіспеушілігінен тоқтатылады. Ал үйіне оралған Құнанбай бұл оқиғадан кейін өмірінің соңына дейін жетерлік үлкен сабақ алады.

Шын Құнанбай

Осы мәліметтерге сүйене отырып, Мұхтар Әуезовтің романында Құнанбайды осыншама жағымсыз кейіпте бейнелегенін түсіндіруге болар еді. Онда неліктен тарих пен әдеби шығарманың арасында қарама-қайшылықтар көп? Егер «Абай жолы» романындағы кейбір оқиғалардың тарихи деректермен жанаспайтындығын айтатын болсақ, онда келесі жайларға көңіл бөлуге болады. Мұхтар Әуезовтың шығармасы жас Абайдың оқудан үйіне оралып келе жатқан кезінен басталады. Ол кейін орын алған оқиғаларға жас жігіт кейіпінде куә болады. Дәлірек айтқанда, Қодар мен Қамқаның жазасына. Бірақ тарихта Абай ол кезде әлі есейіп үлгермеген болатын. Бейбіт Сапаралы айтады: «Егер тарихқа сөз жүгіртсек, бұл оқиға 1851 жылы болған. Бұл кезде Ибраһим, яғни Абай бар-жоғы 6 жаста еді. Кітап пен фильмде баяндалатындай, бұл кезде Абайдың әкесіне қарсы шығуы мүмкін емес еді».

Олай болса, романның негізінде жатқан бала Абай мен әке Құнанбай арасындағы қарсыластық та күмән тудырады. Төкен Ибрагимов айтады: «Романда олардың бір-бірін сөгіп, кінә артып, жазғырғаны туралы оқиға кездеспейді. Екеуі де өз жөндерімен жүреді. Абай ешқашан әкесіне құрметсіздік көрсеткен емес. Әуезов мұны әдемі баяндаған». Тұрсын Жұртбай айтады: «Абайдың өз әкесіне қарсы шығуы мүмкін емес. Дана Абай Құнанбайдың тәлімін алды. Ал жекелеген тартысқа келсек, бұл – әке мен бала арасындағы күнделікті тұрмыстағы қарым-қатынас». Абай мен Құнанбай арасында болған жайлардың кейбір тұстары ауылдастардың есінде жақсы сақталған.

Құнанбай дала тәртібінің сақшысы еді. Өйткені оның билік лауазымы осыны міндеттейтін. Сондықтан Құнанбай сол кездің тәртібі бойынша әрекет етуге бел буады. Соның бір дәлелі ретінде Қодар мен Қамқа оқиғасын алайық. Ойнастыққа жол беріп, күнәға ұрынған ата мен келінді Құнанбай шариғат үкімі бойынша оларды өлім жазасына кесу туралы шешім қабылдайды. Одан бұрын ол халық аузында жүрген өсек сөзге көз жеткізу үшін адамдар жібереді. Бұл туралы Бекен Исабай айтады: «Құнанбай керей, мәмбет және өз туысынан бір-бір адам сайлап, оларды Қодардың қыстауына аттандырады. «Қодардың үйіне аялдап, сәлден соң қалаға аттанамыз деп, сол маңайға жасырынып, көзбен көргендеріңнің бәрін маған жеткізіңдер», – деп тапсырма береді. Олар Қамқаның бөлмесінің бір бұрышына жасырынып, түнде сұмдық оқиғаға тап болады. Қарт Қодар түнде келінінің төсегінен табылады. Осылайша өсек шындыққа айналады. Қандай қазақ өз келінімен төсектес болған?»

Тұрсын Жұртбай айтады: «Романды оқысаңыз, Қодар мен Қамқа қылмыс жасамады деген сөйлемді кездестірмейсіз. Демек, бұл дәлелденген нәрсе».

Осы шешімнің себебінен Құнанбай кеңес өкіметі, демек кеңес үкіметінің оқырмандары алдында, бейшара жарлылардың қанішері ретінде танылады. Төкен Ибрагимов айтады: «Құнанбай бұл шешімді тек өзі шығарған жоқ. Ол жасырын түрде Байтас пен Жұмабайды хазіретке жіберіп, пәтуа сұраттырды. Демек, мәселеге мешіттегілер де араласты.

Жомарт Құнанбай

Құнанбай үшін шариғат үкімдері әрқашанда бірінші кезекте тұратын. Бұл оқиғаның Құнанбайдың Барақ сұлтанды насыбай атқаны үшін айыптағандығынан басталуы да бекер емес. Бұл айыпқа Барақ сұлтан Құнанбайдың кішігірім күнәләрді қуып жүріп үлкен күнәләрді аңғармайтынын бетіне салық етеді. Ол кезде бүтін бір округке аға сұлтан болып тұрған Құнанбай үшін бұл сөздер ауыр тиеді. Сондықтан да Құнанбай осы оқиғаны тергеуде және айыптыларға жаза қолдануда тиянақтылық танытады. Құнанбай әкесіне ұқсамағанымен, олардың көзқарастары бір мәселеде тоғысатын. Ол – дін. Олар шариғатқа қарсы келетін амалдарды қабылдамайтын. Өскенбайдың қайсыбір тәртіп бұзуларға қолданған белгілі бір шаралары болған. Кейін оның баласы Құнанбай да айыптыларды дәл солай жазалайтын.

Өмірінің соңғы жылдарында, 71 жасында Құнанбай ел басқаруды ұрпағына тапсырады. Ораза ұстап, намаз оқиды. Балаларын жиып, қасиетті мекен – Меккеге барып, Алла үйін – Қағбаны тауап ету туралы ниеті барын жеткізеді. Төкен Ибрагимов айтады: «Ол бұл туралы қыс бойы ойланады. Ал Абай жолдың картасын сызып береді».

Меккеге сапар бірнеше айға созылды. Мұсылмандардың бас қаласына келісімен Құнанбай мен оның жолдастары жергілікті қонақ үйлерде бос орындар қалмағанын біліп, өкінеді. Сол себепті Құнанбай қаланың әкіміне жол тартады. Одан мұсылман қазақтарының қажылықта тіркелмегенін анықтайды. Бұл Құнанбайдың намысына тиеді. Осы кезде қасындағы Досжан қажы ұсыныс айтады. Бекен Исабай айтады: «Сол кезде Досжан қажы оған былай дейді: «Құнанбай, неге осы мәселені өз қолыңа алмасқа?»

Бұл ой Құнанбайға ұнайды. Ол тікелей қала әкіміне барып, қазақ халқы атынан қажылар үшін қонақүй және мешіт салуды үсынады. Рұқсат алысымен қазақ қажыларының тобы Мединаға аттанады. Ал Құнанбай болса қалып қояды. Төкен Ибрагимов айтады: «Шәкәрім Құдайбердіұлы өз жазбаларында Құнанбайдың Меккеде тәкие салдырғанын келтіреді. Кейбір адамдар мұны үлкен қонақүй деп түсінеді». Бекен Исабай айтады: «Ол 12 бөлмелі болатын. Шамамен 60 адам сиятын».

Өкішке қарай мешіт пен қонақүй сақталмаған. Бірақ дәлелдейтін құрылыс құжаттары бар. Бұл тарихта мұсылмандардың қасиетті қаласы Меккеде қазақтардың салған жалғыз ғимараты еді. Қажылықтан кейін Құнанбай қалған ғұмырын өмір бойы ұстанып келген Исламға арнайды.

Қазақтың Құнанбайы

Егер бір жағдай болмағанда, онда Құнанбайдың қарама-қайшы образы көпшілік үшін жұмбақ болып қалар еді. Құнанбай аға сұлтан болып сайланғанға дейін тарихи маңызы бар бір кездесу болады. Құнанбай жайлы толық дерек, оның халық құрметіне бөленгендігі жөнінде бізге бір кісі арқылы жетеді. Еуропалық бола тұра, ол қазақ даласына зерттеуші ретінде емес, мүлде басқа себептермен келген еді. Ол – ұлты поляк Адольф Янушкевич еді. Бейбіт Сапаралы айтады: «Адольф Янушкевич Құнанбаймен 1846 жылы танысады. Ол кезде Құнанбай Өскенбайұлы 42 жаста еді». Бекен Исабай айтады: «1846 жылдың 12 қыркүйегінде Адольф Янушкевич Құнанбайдың үйінде қонақта болды. Сонда ол Құнанбайдан: «Неге тау Шыңғысхан деп аталады. Бұл жерде Шыңғысхан болған ба?» – деп сұрайды.

Адольф Янушкевич Құнанбайдан қазақ даласы жайында талай қызықты мағлұматтар естиді. Сонымен қатар ол Құнанбайдың өзіне де көз салып жүреді. Янушкевичтің көз алдында қазақ старшинының күнделікті өмірі өтіп жатады.

Адольф Янушкевичтің жолжазбаларында Құнанбайдың тұлғасы, жұмсағырақ айтқанда, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы жағымсыз кейіпіне мүлде ұқсамайды. Сонда осы екі суреттеменің қайсысы Құнанбайдың тұлғасына сәйкес келеді және бұған не себеп болды деген заңды сұрақ туады. Бейбіт Сапаралы айтады: «Адольф Янушкевич сол жылдары қазақтың тұрмыс тіршілігінен сыр шертетін жолжазбаларын Еуропадағы достарына жіберіп отырды. Бірақ оларға жетті ме, жетпеді ме, оны өзі де білмеді. Бұл туралы мәліметті Мұхтар Әуезов білмеді. Бұның бәрі тарихи айғақ».

«Абай жолы» романының соңғы кітабы ХХ ғасырдың 50 жылдарында жазылып бітті, яғни Янушкевичтің жолжазбаларының жарық көргенінен 10 жыл бұрын. Сол себептен Мұхтар Әуезов поляк революционерінің жолжазбаларындағы тарихи деректерден бейхабар болған. Бірақ бұл деректердің жазушы үшін маңыздылығы қанша? Әуезов өз ауылының адамын білмеуі мүмкін бе? Егер әр адам туралы ауыл қарттары бәрін білсе. Оның үстіне ол жай адам бола қоймай ірі тарихи тұлға болса. Осы мәселенің жауабын іздегенде біз қызықты деректерге тап болдық.

Өткен ғасырдың 40 жылдарының басында Мұхтар Әуезов болашақ эпопеясының бірінші кітабын аяқтады. Кітап «Абай» деп аталып, қазақ тілінде жарық көрген. Әрине, мұндай шығарма республикада алғаш жарық көргендіктен оқырмандардың назарынан тыс қалуы мүмкін емес еді. Ал коммунистік партияның қадағалауы оны айналып өткен жоқ…

Әрине кеңес үкіметі үшін халықтың ұлттық мүддесі, оның психологиясы мен ділі маңызды емес еді. Бірінші кезекте ғасырлар бойы қалыптасқан салтты бұзатын таптық күрес пен бүлікші рух тұратын. Ал азғындықты тоқтатқан Құнанбай өзінің мақсатына жету үшін ешнәрседен тайынбайтын залым феодалдың кейіпіне енді. Мұхтар Әуезовтың алдында қиын таңдау тұрды. Қазақтың өмірін сол күйде көрсете тұра, қалай да цензура құрығына ілінбеу. Осы күнге дейін зерттеушілердің арасында Құнанбай тұлғасы жайлы тартыстар өз мәресіне жеткен жоқ. Құнанбайдың образын жазушы қаншалықты сақтықпен берсе де, 70 жыл аралығында осы кейіпкердің бойынан залым аты кетпеді. Ол оқушылар мен студенттердің жағымсыз тұлға ретінде жазатын кейіпкеріне айналды.

Құнанбай жайлы не айтылса да, бәрінің ойы бір жерде тоғысады. Ол – қазақ халқының тарихында өзінің соңынан өшпес ізін қалдырған ірі тұлға. Мұхтар Әуезов те мұны жақсы түсінген. Өзінің туындысында ол Құнанбай тұлғасына өз орнын берді, ал кітапты әлем мойындады.

Тарихта көп жұмбақ жатыр. Көбісі біз үшін беймәлім. Өз заманының оқиғаларында әр адам жеке таңдауын жасап сонымен өзіндік тәлімін құрады. Осындай жағдайда адамның қай ұстанымда тұратыны маңызды. Дәл осы ерекшелік ірі тұлғаны анықтайды. Құнанбай шариғат қағидаларын таңдады. Ол ережелерді Құнанбай өзі ойлап тапқан жоқ. Бұл Алланың, Пайғамбардың жолында болу еді. Бірақ мұнымен қатар басқа да нәрсе қажет, ол – осы заңдылықтарды бір адамның ұстануымен шектелмей, бүкіл қоғамдық құбылысқа ұласуы.

Ысмайыл ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, журналист

«Жас қазақ» газеті 2011 жыл

Алдыңғы ақпаратТұңғышбай әл-Тарази:Театр демалатын шипажай емес
Келесі ақпаратИт баққан күн

ПІКІР ЖАЗУ