Ит баққан күн

0
218

 

Қазақ баянсыз өмірді «ит өмір» деп сөгетін. Сөйтсек, қала итінің өмірі өмір екен. Тамағы тоқ, уайымы жоқ… Бұған ит баққан бір күнімізде көз жеткізіп қайттық.

Еріккенің ермегі

Дидармен қаладағы супермаркетте жолықтым. Ала дорбаны толтыра иттің тағамын сатып алды. Қызық көріп, мәнін сұрадым. Сөйтсем итбағушы болып қызмет жасайды екен. Мұндай қызмет түрін алғаш естуім. Содан болар, таңырқап телефонын жазып алдым.

Екеуіміз дүйсенбі күні кездестік. «Журналистік зерттеу мақсатымен бір күн ит баққым келеді», – дедім. Алғашқыда ат-тонын ала қашқан. Сол күні түнде өзі хабарласты. «Сенің айтуың бойынша, ертең бір жерге барайық», – деді. Келісе кеттім.

Сейсенбі күні Көктөбеге көтерілдік. Ханшайымның үйіне бардық. Үй иесінің есімі солай. Қаладағы белгілі мейрамхананың қожасы көрінеді. Ханшайым десе дегендей екен! Үйі – хан сарайы. Үш қабатты коттедж. Джулия деген қаншық кәнтек иті бар. Мұнда иттің де өз бөлмесі бар. Жылы төсек, жұмсақ ойыншықтың түр-түрі тізілген. Бұлар – Джулияның жеке дүниелері.

Әдетте иесі Джулияны жанынан бір елі тастамайды екен. Сән үшін қолына алып жүреді. Біз барған күні ол іссапарға кетті. «Баласын» Дидарға аманаттап, қимай қоштасты. Байқағаным, Джулия адам жатырқайды. Кәдімгі бала сияқты. Көңілі қаламаған адамға шәуілдей береді. Тіпті мені тістеп ала жаздады.

Иттің үстінде тоқылған қызыл жемпір. Бұл – Джулияның қонаққа барғанда киетін киімі екен. Тапсырыспен 7000 мың теңгеге тоқытыпты. Екі күн бұрын зоошаштаразда болып, түгіне 2000 теңгеге «прическа» жасатыпты. Ол аздай азып кетпесі үшін ай сайын дәрігерге қаралып, витамин ектіріп тұрады екен.

«Ханшайым итті 1 айлығында 1500 долларға сатып алыпты. Қазір Джулия 1 жастан асып барады», – деді Дидар. Екеуміз итті тамақтандыра бастадық. Дидар асбөлмеден әйнек ыдыс алып келді. Джулияның итаяғы. Қымбат бұйым екені көрініп тұр. Сосын ыдысқа туралған қазы әкеліп салды. Көзім шарасынан шығып кете жаздады. Мұны байқаған Дидар: «Қарны ашқан кезде өзі келіп аяққа оралады. Содан-ақ түсінеміз. Негізі күніге екі рет тамақтанады. Таңда, сосын кеште. Қожайын бұдан тамақты аямайды. Джулия – өте талғампаз. Қазы, шұжық, сосиска, қалбырдағы ет пен балықты жақсы көреді. Айран мен ірімшік жейді», – деп мақтанып қойды.

 Дидардың әңгімесі

 Бесін таяғанда қаншықты далаға алып шықтық. Жарты сағаттай таза ауада тынығуы қажет. Бос жіберуге болмайды. Аула орындығына жайғастық. Дидар итті алдына алып отырды. Сол сәтте Жұмекеннің өлеңі ойға орала кеткені.

«Біледі қарт тұрмысты,

Күле қарайд күйкіге:

Қыдырмалай келеді бұ қаланың иті де,

Мал айдау, ат жетектеу –

Ескі мода, ескі ұғым,

Жаңа мода мұндағы ит жетектеу кешқұрым.

Ит жетектеген Мұздыбай қарттың мұңы еді бұл. Мына түріміздің Мұздыбайдан еш айырмамыз жоқ… Ойымды Диар бөліп жіберді. «Жерге жібермеу қажет. Тырнағы бүлініп қалады», – деді. Себебі, ит иесі «баласының» тырнағына маникюр жасатып тұрады екен. Тойға, кездесуге оны бірге алып барады. Сондықтан, қашан да көрікті болуы қажет. Сол үшін де Ханшайым итінен ештеңені аямайды.

Дидар әңгіменің шетін ағытты. Бұрын да қаладағы бір армянның итін бағыпты. Жеке туристік фирмасы бар бай адам екен. Көбіне шетелде жүреді. Итінің есімі – Шерхан (қор болған қазақтың есімі-ай). Асыл тұқымды неміс төбеті. Дидар итті 7 ай бойы бағыпты. Жатын орын, тамақ – тегін. Тек итті күнделікті күтіп-баптау қажет. Сол үшін ай сайын 50 мың теңге айлық алған. Үй иесі шетелге бір кеткенде айлап жоғалады екен. Дидар болса ол келгенше итке қарайды. Қыдыртады, ойнатады. Жуындырады, тамақтандырады. Шерхан күніне 3 келі ет жейді. Сондықтан, қожайын ит үшін арнайы «соғым» алдырады екен.

– Итке арналған еттің кей жерін кесіп алып, сөмкеме жинап отырам. Қалада аға-жеңгем тұрады, соларға апарып берем. Олар мәз болып қалады. Оның итке арналған ет екенін қайдан білсін! Шерхан ақылды болатын. Айтқанды түсінеді. Ай сайын ваннаға жуындырамын. Арнайы шампуны бар. Сосын орамалмен үстін сүртемін. Ал Джулия Шерханға қарағанда кішкентай. Сондықтан, мұны бағу аса қиын емес.

– Кәнтек үшін қанша ақша аласың?

– Енді ол әрқалай. Негізі сағатына 800-1000 теңгеден төлейді. Ең аз дегенде 2-3 сағат. Тіпті кейде 2-3 күн қатарынан қарайтын кезім болады. Ол енді ит иесінің жұмысына байланысты. Айына аз дегенде 5-6 рет шақырып тұрады.

Итті серуендетуге арналған арнайы орындар бола ма?

– Әрине. Заң бойынша мектеп, балабақша, аурухана, саябақ маңдарында жүруге болмайды. Басқа жерде болуға рұқсат. Сосын итті тамақтанған бойда дала шығаруға болмайды. Тамақтану мен қыдыру арасында 2 сағаттай үзіліс болу қажет. Сонда ит таза ауада еркін жүреді.

– Серуендеу кезінде қандай заңдылықтарды сақтау қажет?

– 14 жасқа толмаған балаларға итпен жүруге болмайды. Сосын үлкен иттердің басына тұмылдырық кигізіп, қарғыбаумен алып жүру керек. Қарғыбау иесінен алыс болмағаны жөн. Басқа иттерге жақындатпаған дұрыс. Көлік жолдарында абай болу қажет.

– Қыдырған уақытта қандай қимылдар жасатасың?

– Итті жүгірту, секірту керек. Мұндай кезде ит шөлдейді. Сол үшін сусын алып жүремін. Сондай-ақ тазалық болу үшін күрекше мен сыпыртқыны тастамаймын. Ит жиі серуендеп тұрса, өзін сергек сезінеді. Ал серуендемей қалса, көңіл-күйі болмайды.

Сөйлеп отырғанда серуендеуге арналған санаулы уақытымыз да өте шықты. Екеуміз үйге кірдік. «Енді итке баптау, шынықтыру жұмыстарын жасаймыз», – деді Дидар. Мақтаны жылы суға малып, қаншықтың көзін, құлағын тазалады. Тырнақтарын сүртуді де ұмытпады. Сосын түгін тарады. Мұртшасын ылғал матамен сүртті. Осының бәріне 1 сағаттай уақыт кетіп қалды.

 «Джули екі айда бір рет суға түседі. Судың температурасы 40 градустай болғаны жөн. Түгін шампунмен жуамыз. Жиі жуындыруға болмайды. Себебі, түгінің май қабаты жуылып кетуі мүмкін. Жуындырған кезде құлағында вазелин жағылған тампон тығамыз. Себебі, су кетіп қалмауы қажет. Жуындырып болған соң үстін жақсылап сүртіп, кептіреміз», – деді ит бағушы.

 Гуммер мен хендлер

 Сағат 2-ден асып барады. Біз асқа отырдық. Ал Джулия өз бөлмесінде ұйықтап жатты. «Бізді негізі хендлер деп атайды», – деді Дидар шай ішіп отырып. – Шет елдерде мұны арнайы мамандық ретінде оқытады. Ал бізге енді-енді ғана еніп келе жатыр ғой».

Жүзінде шаттық бар. Өз қызметіне дән риза. «Білесің бе, қазір қалада

Зооклиникалар көп. Иттердің дәурені жүріп тұр. Ит-мысығы барлар онда жиі барады. Алдын-ала тексертеді», – деді. Әңгімесінен ұққаным бұл клиникаларда ит-мысыққа арналған стомотология, кардиология, диагностика бөлімдері бар екен. Ол аздай зоошаштараз, зооқонақүй, зоотакси қызметі пайда болыпты.

Бұлардың қызметі жайлы Дидардан сұрадым. «Егер ит иесі алыс сапарға кететін болса, итін зооқонақүйге қалдырады. Яғни, зооқонақүй деген бір адамның үйі не кәдімгі қонақүй болуы мүмкін. Итті мұндағы адамдар қожайыны келгенше қарап береді. Барлық жағдайын жасайды. Қызмет құны – тәулігіне 3000-7000 теңге аралығында. Егер қожайын өте асығыс болып итін зооқонақүйге жеткізе алмаса, зоотакси шақырады. Көлік оны тез арада қажетті жеріне жеткізеді. Ал зоошаштаразда иттің түгін тегістеп, әртүрлі әшекейлер жасап береді. Мұндай қызметті гуммер дейді. Ал итті баптап, дайындайтын адамды, яғни бізді хендлер деп атайды», – деп түсіндірді ол.

Бұрын ит баптаушыны кинолог деп атайтынын білетінмін. Сондықтан «гуммер», «хендлер» жаңа ұғымдарды қойын дәптеріме түртіп қойдым. Хендлермен әңгімелесе отырып көпи жайға қанық болдым. Қалада ит-мысыққа арналған киімдер тігетін орындар бар екен. Сондай-ақ ит өліп қалса құрметтеп жерлейтін қызмет түрлері ашылыпты. Мұнда жануарларға арналған табыт, венок, құлпытастар жасалатын көрінеді.

Сағат 4-тен асып барады. Итбағушы: «Джулиді ойнатаны уақыт болды», – деді. Басқа бөлмеден доп әкелді. Сосын лақтырып жібереді. Джули оны тұмсығымен ұрғылап, алып келеді. Мына көрініске бей-жай қарап тұра алмадым. Дидарға қайтатын уақытым болғанын айттым. Джули екеуі мені есікке дейін шығарып салды. Лифтіге міне бергенім сол еді, кәнтекті шәуілдеген үні естіліп жатты. Шамасы, менің кеткеніме қуанығаны болар…

 

Сөз түйін

 

Дидар: «Итке қатысты қосымша ақпарат керек болса, кірерсің», – деп бір сайт қалдырған еді. Жалма-жан соны ақтардым. Сайт «пес» деп аталады екен. Бір бұрышында иттердің есімі жазылыпты. Айдана, Дина, Динара, Камила, Аян, Батыр, Баян, Диас, Динар, Мұрат, Мұхтар, Нарқыз, Омар, Руслан, Салтан, Садыр, Санжар, Сұлтан, Шыңғыс, Шерхан, Хасан… Мына қорлыққа қалай шыдарсың? Қазақтың қыз-жігіттерінің есімін иттер еншілеп алыпты. Арасында атамның да аты жүр. Қарадан-қарап қаным басыма шапты.

Рас, қазақ бұрыннан итті адал мақұлық қатарына қосатын. Жеті қазынаның бірі деп дәріптейтін. Бірақ, айбынын адамнан асырмаған еді. Ұнатпаған адамға «иттің баласы» деп ұрсатынымыз содан қалса керек. Ал мен көргендей құрмет тіпті адамға көрсетілмейтін шығар. Әйгілі актриса Марта Скот былай деген еді. «Иттеріңізге адам сияқты қарамаңыздар, әйтпесе олар сіздерген ит сияқты қарайтын болады». Шынында да, итті адамша бағалаймыз деп жүріп, қадірімізді қашырып алмасақ жарар еді. Шынында да.

                                                                                                 Серікбол ХАСАН

«Жас қазақ» газеті 2012 жыл

Алдыңғы ақпаратҚұнанбай
Келесі ақпаратШыңғысханды түрік, болмаса, қазақ деп тану – ұят

ПІКІР ЖАЗУ