Таксист әйелдің тауқыметі

0
536

Екі кештің арасы. Жұрт жұмыстан шыққан қарбалас шақ.  Алматы көшелерінің кептелісі жүйкені тоздырады. Автобус толған адам. Текси ұстадым. «Passat» маркалы қаракөк машина тоқтай қалды. Рөлде 30-35 шамасындағы талдырмаш қыз отыр. «Вам куда?» – деді, артындағы машиналардың сигналынан асығып. Баратын жерімді айтып едім, иегін қаға салды. «Лып» етіп отыра қалдым, машина орнынан жеңіл қозғалды.

– «Осылар өледі ғой деймін, адам алып жатқанымды көріп тұр, неменеге асығады екен?», – деп арт жағындағы көліктерге кейістік білдірді шофер қыз. «Таксистсіз бе, жоқ әлде мені жол-жөнекей іле кеттіңіз бе?», – деп сөз бастадым, нәзік жанды адамның еркектерге лайық кәсіппен айналысып жүргеніне таңданысымды жасыра алмай. Ол көзін жолдан алмаған күйі: «таксистпін» деп қысқа қайырды. Әңгімеге құлқы жоқ екенін байқадым. Денетұрқы жұқа, нәзік көрінгенімен дауысы кесектеу шығады. Аққұба өңі күнге тотыққаннан ба, әлде шаршағаннан ба екен, тарғыл, күңгірт көрінді.

– «Көшенің бәрі пропка. Жол қысқарта отырайық, қарындас!», – деп тағы тиісе сөйледім. Мақсатым сөз тарту, кәсібі туралы бірдеме айтқызу. Ол жүзін бұрмаған күйі: «Тілің уытты екен, шымкенттік емеспісің?!», – деп жымиған болды. «Оны қайтесіз. Журналист едім. Қыз баланың темір көлікті кәсіп қылғаны сирек кездеседі ғой, сіз айтсаңыз, мен жазыр едім»…

«Жазатын несі бар. Жетіскеннен темір мініп, табынымды тормоз тесіп жүр ғой дейсің бе? Бала-шаға, отбасын бағу керек!»

– «Ол түсінікті. Егер қаласаңыз, қасыңызда біраз отырып әңгімеңізді тыңдайын, сіз жұмысыңызды клентіңізді ала беріңіз. Асығыс емеспін» – дедім. (Әсілі асығып тұрған едім, шофер қызды сөйлету керек болды).

– «Атым – Гүлжан…», – деп бастады әңгімесін кейіпкерім.

Тас-талқан тағдыр

Семейдің Тарбағатай деген жерінен болам. 18 жасқа толған жылы күйеуге шықтым. Жолдасым жігіттің сұлтаны еді, жалғыз өзі қарқалыдай үлкен бір отбасын асырайтын. Алматыда тұрдық. Отасқанымызға небары 2 жылдан асқанда ол жол апатынан көз жұмды. Сөйтіп шиеттей екі баламен жесір қалдым. Ол кезде марқұм жолдасымның бауырлары жас болатын. Сондықтан бар шаруа менің мойныма түсті. Күйеуім көзі тірісінде машина айдауды үйреткен. Сөйтіп, жол аптынан қаңқасы қалған жолдасымның теміркөлігін жасатып, тіршілікті таксист болудан бастадым…

Қатердің басы – қара жол

Алматыда ақша табу оңай емес. Әсіресе, таксист болудың азабы көп, бейнеті қалың. Өлім аузынан қалған кезім де болды…

Қалқаманнан 3 қыз алдым. Әп-әдемі киінген, оқыған, мәдениетті көрінді түрлері. «Алтын Орда» базарының арт жағындағы бір мекен-жайды айтты. Межелі жерге жақындағанда туарқамда отырған бір қыз пышақ шығырып: «Ұзынағашқа барамыз, бұр машинаңды!», – деп бұйырық беріп, кіжіне бастады. Амал бар ма, көндім.

Қаңтардың аязды кеші болатын. Қаладан біраз ұзағанда қыздар мені бір бұрылыс жолға салды. Жарты сағаттай жүрген соң олар күбір-сыбырға көшті. Жүрегім бір жамандықты сезгендей болды. Қалай да пәледен құтылу керек, мшинаның жүрісін баяулата бастадым. Сөйтіп «кленттерімнің» көзін ала беріп, машинадан кілтті жұла сыртқа атып шықтым.

Киімім жылы, жайлы болатын. Көлік пен қыздардан ұзап кетпей, қуса жеткізбей, жүріп алдым. Ал олардың бұттарында юпка, аяқтарында биік өкшелі етік, мені қуып жетіп ұстай алмады. Оның үстіне ақтүтек боран да маған болысты. Қыздар қалшылдап мұздап, машинадан шыға алмай қалды. Ұялы телефоным көлікте қалған екен, ешкіммен хабарласа алмадым. Олар кезек-кезек жылынып лып машинаны оталдырмақшы болды, көп әуреленді, бірақ онысынан түк шықпды. Сөйтіп, тышқан мен мысық болып таң атырдық.

Жерге жарық түскенде Алматы-Ташкент күрежолына жаяу шықтым. Бір көлікті тоқтатып, мән-жайды айтып, телефонымен полиция шқырдым…

 

«Сейфуллинадағы» сергелдең өмір

Осыдан екі жылдың алдындағы қаржылық дағдарыс кезінде біздің де тіршіліктен береке кетті. Жұрт екі-үш жүз теңгеге қаланың бір басынан екінші басына такси ұстайды. Тапқаның бензиніңнен аспайды. Содан бір күні Сейфуллин көшесіндегі түнгі көбелектерді таси бастадым. Аз ақша төлемеді. Бірақ полицейлердің көзіне көп түспеу үшін, бір жерден екінші жерге «секіріп» отыру керек болды. Түнгі Алматы мүлде басқа өмір ғой. Мен сол атышулы көшеден талай адамдарды кезіктірдім. Халықтың сүйіктісі болып жүрген әртістерді, әншілерді, тіпті танымалы депутаттарды, саясаткерлерді де көзім шалып қалды.

Әйел – сайтан ғой. Сол қыздар үшін ауыр-ауыр жүк көтеріп тапқан табыстарын салған жас жігіттерді, степендиясына келетін студенттерді де көрдім. Тіпті ата-сақалы ауызына түскен шалдардың да қуыршақтай қыздарды саудалап, сайқымазаққа айналдырғанына куә болдым.

Жұмысымның табысы таудай болды, бірақ көп жүруге арым да, жаным да шыдамады. Тапқан тиынымды арам ақшадай сезіндім, игілігіңе жарату да қиын екен. Сөйтіп, жарты жылдан соң ол жақтан кетіп қалдым…

ГАИ-дың «заңы»

Таксистердің бір «жауы» – МАИ қызметкерлері. Оларға тапқан табысыңның бір бөлігін бермесең, нәпақаңнан айырады. Жол сақшылары жылына бірнеше мәрте жоғары жақтағы көкелерінің «заказын» орындайды екен. Ондайда мейлі кім бол: құжатың толық, жөнің түзу болса да ілік табады. Тіпті әйел деп мені де аямайды.

Бірде асығып келе жатып жол ережесін бұздым. Алдымда ГАИ қызметкері тұрған, ала таяғын ауаға бір сілтеді. Ақшамен келісетін әдеттері ғой деп, құжатыма қысып екі мың теңге бердім. Ақшаға – бір, маған – бір қарап: «Мынауың неге жетеді? Біздің Астанадағы бірінші бастығымыздың баласы үйленіп жатыр», – дейді, міндетін өтеп тұрған кезекшіліктегі солдат сияқты. Азсынып тұр. Менің де қиясым қисая қалды.

– «Астанадағы бастығыңның келін алуы менің ақшама қарап қалып па? Ұялсаңдаршы!», – деп бұрқ-сарқ ете бастадым. Ол үндемеген күйі қолындағы барлық құжатымды машинасына лақтыра салды. Сөйтті де, «права» қажет болса, кешке хабарлас!» деп визиткасын берді. Машинамда клентім болған соң, онымен дауласып тұра алмай, жөніме кеттім.

Сол күні кешке қоңырау шалдым. Мені бір саунға шақырды. Бардым. Жартылай жалаңаштанған жуан 5 еркек, 4 қыз отыр: дастархан толған ас, ащы су, көк түтін. Араларында құжатымды алған жігіт көрінбеді. Отырыстың тамадасы – қарны шермиген орта жастағы сары кісі өзін және өзгелерді таныстырып, қасынан орын ұсынды. Қымсына тізе бүктім… Әңгімелерін бұзып, құжатымды сұрап едім, жуан қарындары селкілдеп ұзақ күлді. Ешнәрсе түсінбегенімді меңзеп иығымды қомдаймын…

Арада жарты сағаттай уақыт өткенде мені тамада болып отырған сары жігіт қолтығымнан демеп, оңаша шығарды да: «киіміңізді шешініп, еркін отырсаңызшы!», – деп қиыла бастады. Ойын бірден түсіндім: «Сізге менен не керек?», – деп, шарт ете қалдым. Ол да беті бүлк етпестем: «бұл – ГАИ қызметкерлерінің «заңы» дейді…

Кейін білдім, саунаға шақырған жуан сары кісі Астанадағы дөкей көкесіне келін түсіріп берулері үшін мәсілихат құруға жиналған көрінеді. Аты – жиналыс болғанымен, көңіл көтермек ниеттері екен, мені соған шақырыпты. Басқа амал бар ма, құжат үшін көндік…

Миллионер берген мың доллар

Құдай берем десе, оңай екен! Бір жолы «Қазақстан» қонақ үйінің алдынан клент алдым. Қолында дипломаты бар, сықсиып киінген орта жастағы кісі. Менің еркек емес екенімді көріп, машинама мінгісі келмеді. Қолын сілтеп, кете беріңіз деген ишара қылды. Мен: «Қайда барасыз?», – деп, тұрып алдым. Көңілімді қимады ма, жоқ әлде асығып тұрды ма – Медеу жақтағы бір әдірісті айтып, ақшасына келіспестен отырды. Аз жүрген соң ол маған: «Ақыңды үш есе берем, сіз мені бірнеше жерге апара аласыз ба?» деді. Келістім. Содан Медеуге, қаланың орталығына, Алма Арасан жаққа – бірнеше жерге алып бардым… Жолбойы ешнәрсе сұрамадым, ол да артық әңгіме айтпады. Жұмысы біткен соң ғана қанша баламның бар екенін, үйімнің бар-жоғын, жағдайымды қысқа-қысқа сұрап шықты. Мен бәрін айтып жатырмын. Ол сөзімді тыңдап болып, дипломатын ашты да қолыма бір бума «көк қағазды» ұстатты. Ал дипломаты толған ақша, соған қарағанда милионер ме екен деп ойладым.

Үйге келген соң миллионер берген ақшаны санадым: артық-кемі жоқ тұп-тура мың доллар. Кейін күйеуімнен қалған көлікті сатып, миллионер берген мың долларымды қосып, ырымдап мына көлікті сатып алдым. Кім білсін, бір күні мен де байитын шығармын…

Жарас КЕМЕЛЖАН        

«Жас қазақ» газеті 2012 жыл     

ПІКІР ЖАЗУ