Аласапыран Алматы түні

0
611

Түнгі қала ұйықтамайды. Ал Алматы үшін барлық кеш ұйқысыз, мазасыз. Әсіресе, апта соңы: жұма, сенбі, жексенбінің түндері, тіптен тынымсыз. Бізді қалалық жол полициясы басқармасының қызметкерлері түнгі барлауға өздерімен бірге шығуға шақырды. Бардық.

Басқарманың алды айнадай жарқырап жатыр. Ұзын саны жүздей жол сақшысы сапта қаз-қатар тұрып кезекті тапсырма алуда. Тапсырмадан соң әр көлікке үштен-үштен мінгескен жігіттер қаланың иір-қиыр көшелеріне сіңіп жатты.

Бізді Алатау ауданына бөлді. Алатау ауданына Шаңырақ -1, 2, Айгерім, Ұлжан, Ақкент, Көкқайнар, Дархан сияқты елдімекендер қарайды. Бұл аудан қылмыстық оқиғалары жағынан қала бойынша бірінші орында тұрады екен. Сондықтан да құқық қорғау орындары қызметкерлерінің дерлік күші осы ауданға шоғырланған.

Қызықсыз қырғыз көлігі

Біз жол полициясы қызметкерлері – Мейіржан Бейсенбаев пен Марат Оралбаев және кіші сержант Айбар Байжігітов есімді үш сақшымен бірге бөліндік. Бәрі – шетінен «Сен тұр, мен атайын» дейтін сайыпқырандар.

Бірден Алатау ауданына қарай тарттық. Тұрар Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысына жеткенімізде, алдымызды қырғыз нөмірлі көлік кесіп өтті. Жігіттер жол ережесін бұзған машинаны тоқтатып еді, жүргізушісі сақшылардан сескенер емес: «Не керек?» – дейді көлігінен түсе салып. Жол ережесін өрескел бұзғанын айтты сақшылар.

«Мен қырғыз азаматымын» – деп тепсінеді ол.

«Қырғыздың азаматы болсаң, бұл Қазақстан. Мұнда осы елдің заңымен жүресің», – деп түсіндірген жігіттер, оған айыппұл жазып берді. Одан ары сақшы жігіттерден білмегенімді сұрадым:

–Қырғыз нөмірлі көлік біздің елде қалай жүреді? Былтыр қазақтар Алатау асып, қаншама машина айдап қайтып еді, солардың жайы не болды?

–Не болушы еді, қазір қырғыз нөмірлі көлікте қызық қалмады. Егер сатып алсаң, заңды түрде кеден салығын төлеуің міндетті. Ал қазір Алматыда жүрген қырғыз машиналары негізінен сол жақтың азаматтарына тән. Олар осында жұмыс істейді. Ал машинаның алым-салығын Қырғызстанға барып төлейді.

–Онысы қызық екен: қазақтың қара жолында жүреді, ақысын қырғызға төлейді…

–Оның жай-жапсарын біз білмейміз. Біздің міндет жол амандығы үшін қызмет ету, қала тыныштығын сақтау.

Теледидарсыз журналист…

Одан ары «Шаңырақ-2» ықшамауданына түстік. Жол сақшыларының бойында қырағылықтан бөлек, психолог бола алатын ерекше қасиет бар екен. Жол жиегінде тұрған «Пассат» автокөлігін көріп, олар күдіктенді. Көлікте отырған жігіт бізді көре салып қасындағы қызбен сүйісе қалды. Полиция қызметкері Бейсенбаев олардың бұл әрекетінен тіпті секем алып, құжаттарын сұрады. Ал қызбен қызыққа батып отырған жас жігіт машинасының ішін ары-бері ақтарып, бір жапырақ қағаз да тауып бере алмады. Сөйтсек, ол ағасының машинасын ешкімге айтпай үйінен айдап шығып кетіпті. Қыз үшін қырсыққа ілінген жас жігіт сақшылардың қасында журналистердің барын байқамаған болуы керек, ақшамен шешкісі келді. 2 мың теңгесін шығарып: «Аға, сөйлесейікші, сөйлесейікші», – дейді жалынып. Оған қасымдағы серіктестерім: «Сен не бізге пара беріп тұрсың ба, мына журналистер бәрін көріп тұр, ертең жазады», – деп жатыр.

Журналист дегенге елең ете қалған жігіт: «Қойыңызшы, қайдағы журналист, теледидары қайда түсіретін?», – демесі бар ма. (Оның теледидар деп отырғаны бейнекамера – авт). Мен газеттің тілшісі екенімді, бізде бейнекамера болмайтынын айтып жатырмын. Бірақ түсінетін ол жоқ.

Қанды «Мыңжылқы»

Сол аралықта бізге Дархан ауылында жол апаты болғаны туралы хабар түсті. Жол сақшылары: «Баяғы қанды «Мыңжылқыда» болған шығар» – деді бірден. Ұшып-қонып жеттік. «Мыңжылқы» мейрамхананың аты екен. Бірақ ол маң тыныш көрінді. Жігіттер тапсырма берген орталыққа қоңырау шалып еді, Бекболатов көшесіндегі мектептің жанында екенін айтты. Бардық. Қалың адам. Қираған көлік. Жедел жәрдем машинасы тұр.

Оқиға былай болыпты. Қатты жылдамдықпен келе жатқан жапон көлігі мектептің алдындағы жаяу жүргіншілерге арналған алажолаққа жете бергенде, өкпе тұсынан велосипед мінген екі бала шыға келеді. Көлігін тоқтатып үлгермеген жүргізуші екі баладан қашып, тежегішті басудың орнына газды басқан. Сөйтіп, мектептің шарбағына соғылады. Шарбақты сындырған машина мектеп ішіндегі орындықта отырған үш оқушыны қағып, тоқтаған. Балалар жеңіл жарақаттаныпты. Полицейлердің тіркеу кітапшасынан олардың 1995-96 жылғы туған жас өспірімдер екенін білдік, аты-жөндерін – Асқаров, Алаев, Ақатов деп жазыпты. Ал көлік тізгінінде отырған 1987 жылы туған алматылық Нұрлан Ықыласов деген жігіт екен.

«Мыңжылқы» мейрамханасының не үшін қанды деп аталғанын сұрадым қайтар жолда. «Осы «Мыңжылқының» алдында апта сайын адам өледі, кеше ғана бір кісіні «Мазда» автокөлігі қағып, қашып кеткен. Соғылған адам сол жерде қаза тапты. Қазір машинаның иесін іздестіріп жатырмыз», – деп түсіндірді сақшылар.

Көңілдестің күйігі   

Қасымдағы жігіттер менің қаламыма ілінетін оқиға іздеп, рациядан берілген хабарламаның бәріне баруға тырысты. Алатау ауданынан шығып, қала орталығына кірдік, шақырумен. Шашкин көшесінің бір түкпірінде, тұрғындардың көшеге шыға берісін қара түсті «Лексус» жауып тастапты. Қоңырау сол көшедегі тұрғындардан түскен. Полиция қызметкері Ақжігітов көлік терезесін қағып, ішіндегі жүргізушіден сыртқа шығуын өтінді. Алайда есік-терезесін тарс жауып алған машина иесі бізге пысқырмады. Жігіттер бірнеше минут күтті, бірақ қара «Лексус» орнынан қозғалар емес. Не керек, сақшылар көлік нөмірін орталыққа хабарлап, иесін анықтады.

Жанна есімді 36 жастағы келіншек екен. Қоңырау шалдық. Арғы жақтан ұйқысыраған адамның даусы естіледі. Жігіттер жағдайды түсіндіріп: «Көлігіңізді алыңыз!», – деп жатыр. Ал телефонның арғы бетіндегі дауыс: «Машинаны күйеуім айдап Астанаға іссапармен кетті ғой. Сіздер қателесіп тұрсыздар» – дейді. Біз машинаның нөмірін, түр-түсін қайталап айтып едік, ұйқысын аша алмай жатқан келіншектің дауысы жарықшақтанып: «Қозғамаңдар, қазір барамын!» – деп телефонды қоя салды.

Ол жарты сағатта жетті. Келді де көліктің терезесін қақты. Ашпады. Сонан кейін сәл үнсіз қалған келіншек, жерден жұдырықтай тас алып машинаның әйнегін бір-ақ ұрды. Қас пен көздің арасында болған жағдайды біз де түсінбей қалдық. Көліктен көзі шатынап, шашы дудыраған қызбен бірге ұзын, арық жігіт шыға келді. Сол-ақ екен, ашулы Жанна қарсы алдындағы қыздың шашынан сүйрей жөнелгені. Ал ұзынтұра жігіт қашып барады. Сонда түсіндік қара «Лексустың» қатулы қабағын.

Ал Жанна болса, біраз тулады: тепкісіндегі қызды біз құтқардық, машина жүргізушісі күйеуі екен, сол қашқаннан мол қашты. Қайтып оралмады.

«Қашқын» Тойота

Қайтадан Алатау ауданына қарай бағыт түзедік. Тұрар Рысқұлов даңғылына түскеніміз сол еді, қасымдағы жігіттер «Тойота» машинасына сигнал берді. Мен: «Өз жолымен кетіп бара жатыр ғой», – деп едім, «жүрісі күдік туғызып тұр» деп күлді Бейсенбаев. Біздің ескертуді құлағына қыспаған «Тойотаның» тізгінінде отырған жігіт бағдаршамға барғанда бір-ақ тізгін тартты. Жігіттер онымен қатарласып: «Жол шетіне тоқтаңыз, тексереміз» – деп тағы ескертті.

Жүргізуші сыра ішіп отыр, қасында ай мен күндей аппақ қыз бар. Сол қызға мақтанғысы келді ме, жоқ әлде бізге ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылудан қорықты ма, бағдаршамның жасыл көзі жанғаны сол – құстай ұшты. Көз ілеспес жылдамдықпен қашып, бізден ұзап кетті.

Жігіттер рациямен басқа жақтағы әріптестеріне хабарлап, Ақкент ықшамауданына бұрылған «қашқындардың» артына түстік. Бірақ жан-жағы шұрық-тесік Ақкенттен оларды табу – теңізден тебен іздегенмен бірдей болды. Сөйтіп арақ ішіп, жол ережесін өрескел бұзған бір адамнан айырылып қалдық. Қасымдағы жол сақшылары мұндай жағдайлардың жиі болып тұратынын, алайда бүгін болмаса да, ертең олардың қолға түсетінін айтып, менің өрекпіген көңілімді басқан болады.

Шешендер ауылында

Алматы түні тылсым: көлікке отырған жасты да, масты да көресіз. Әскерден қайтқан 7 жігіт бір машинаға бүктетіліп кіріп алыпты. Отан алдындағы борышын өтеген жігіттердің, мұнысы – аман-есен қайтқандарын атап өткен түні екен…

Үркер жамбасқа ауғанда, түннің мазасын қашырған ең соңғы оқиғамен бетпе-бет келдік. Сондай-ақ таң атқанға дейінгі барлық уақытымыз солармен кетті. Алатау ауданының шешендер қоныстанған бір тарғалаң көшесінен жүрісі қисалаңдаған «Бентли» автокөлігін байқап, солай бұрылғанбыз. Жігіттер тоқтауға бұйрық берді. Бірақ сақшы машинасынан сескенген таудай «Бентли» бүйрегі тар көшемен аға жөнелді. Біз ілесіп келеміз, ілесіп келеміз.

Бас-аяғы 3 шақырым жүрген соң, көлік үлкен жасыл қақпаның алдына тоқтады. Ішінен екі адам шықты. Көлік иесі удай мас екен, ал рөлде отырған семіз жігіт үйге қашып кіріп кетті…

Әңгіме көпке созылды. Сақшы жігіттер «Рейдердің» журналистерін шақырды. Олар бәрін түсіріп алып кетті. Соңында көлікті айыптұраққа жөнелтті. Ал жол сақшыларына жөн-жосық түсіндіріп, қоқаңдап тұрған шешен жігіттерінің таң алдында жүні жығылып қалыпты…

Қайтар жолда қасымдағы полиция қызметкері Айбар Байжігітовтен «Бентлидің» ендігі тағдыры не болады?» – деп сұрадым.

«Оның үстінен бірнеше айып тағылады. Біріншісі, көлік тізгінінде отырған жігіттің ешқандай куәлігі жоқ. Ал екіншісі, машина иесі спирттік ішімдік ішіп алған. Үшіншісі, бізге, жол сақшыларына қарсылық білдірді», – деп сөзін тұжырды.

Біз түнгі рейдтен таң ата қайттық. Бұл – қала көшелерінде машиналар азайып, тіршілік байыз тапқан шақ. Бейне Алматының бар құпиясы қара түннің құшағында қалып қойған сияқты – тып-тыныш, өлі тыныштық. «Құдайға шүкір, бізге тиісті ауданда адам өлімі болмады», – деп шүкіршілік айтып жатыр сақшы жігіттер. Ал мен у-шудан қашып, осындай алакеуім шақта ғана құйқылжыта ән салатын бұлбұлдың әуеніне елітіп отырмын…

 

        Жарас Кемелжан

  «Жас қазақ» газеті 2013 жыл                           

Алдыңғы ақпаратТаксист әйелдің тауқыметі
Келесі ақпаратАзамат арбада сыналса…

ПІКІР ЖАЗУ