Түлкі заманның тазылары

0
768

Алматыға шет аймақтан келген адамның бәрі бірінші кезекте өзіне тұрғылықты баспана іздейді. Ауылдан келген қазақтың қайсысы болмасын бірінші кезекте, кәдімгі бір нағашысының үйіне барғандай бас сұғатын жері «жетім бұрыш». Бұл жерде Қасымның, Мұқағалидың тағы да басқа қазақтың талай мықтыларының ізі қалған. Айналдыра арнайы қойылған жармана жабыстыратын тақтайшаларында Ұлылардың пәтер іздеп жанталасқан алақандарының табы қалған. Қарап тұрып, «қазақта өткен ғасырдан қаймағы бұзылмай бүгінгі жеткен осы «жетім бұрыш» қана ма?» деген ойға қаласың? Бертін келе жарнама басатын жария қағаздар, түрлі түсті газеттер көбейді. Қазір, пәтер іздегеннің біразы телефонның қасына, ауылдағы анасының қытайдың ала дорбасына салып берген құрақ көрпесін жамбасына тастай салып жантая кетіп жарнама жазылған газетке маза бермейді. Қайда телефон соқсаңыз да үйдің қожайыны емес, ортадағы «маклер» болмаса риелторлық қызмет көрсетушілер. Мына заманда кім тегін саусағын қимылдатсын, пәтер тауып бергені үшін белгілі мөлшерде ақша алады. Делдалдық қызметі үшін пәтер берушінің де, жалдаушының да қалтасын қағып алады. Бірақ, олардың аралсуынсыз тірліктің біте қоюы екі талайы. Өйткені, жалға берушіні де, сатушыны да көгендеп тастаған. Енді біз айтып отырған я маклерге, я риелторға жатпайтын дүбәрә кәсіппен нан тауып жүрген тағы бір топ бар. Біз олардың да жұмысына араласып көрдік.

Алматының Абай даңғылы мен Абылайхан көшелерінің қиылысқан жерінен Райымбек даңғылына дейін қолына «квартира» деген бір жапырақ қатырған қағаз ұстаған адамдар қаптап тұр. Көшені бойлай жүріп, әлгілердің кез-келгенінің қасына тоқтай қалсаң,  пәтерінің қай тұста екенін, сағатына немесе тәулігіне бәленбай мыңға жалға беретінін айтып шулай кетеді. Мен де бір жапырақ қағазға «квартира» деп жазып ап Абылайхан көшесіне қарай бет алдым. Шындығында тұратын үйім болмаса, жалға беретін пәтерім де жоқ. Көшені бойлап қайда табан тірерімді білмей келе жатырмын. Расын айту керек, әуелгіде мұндай кәсіптің иісі де мұрныма келмейтін мен бірден жұмысқа кірісіп кете алмай, тосырқап біраз тұрдым. «Шешінген судан тайынбас», айналадағылардың біразы қолымдағы жарнама қағазымды байқап та қалды. Енді шегінетін жер жоқ. Осындай ойдың жетегінде тұрғанда, жанымызға бір шетелдің көлігі тоқтай қалды. Менің «әріптестерім» жапатармағай машинаға тұра ұмтылды. Соңдарынан мен де жүгірдім. Бірақ мұндағы «қасқырлар» маған жемтігін оңай бере салатын түрі жоқ. Бұл маңнан еш нәрсе шықпаған соң, тағы да екі көше төмен түстім. Жолдың бойында бір тәуліктік пәтер жалға береміз деген бір топ қыз-жігіттер тұр. Біраз уақыт қастарында тұрғаннан соң, топқа кірмей шетте тұрған жас жігітке жақындап, жөн сұрастым. Аты Шоқан екен. Оның мамандығы эколог. Бұл кәсіппен айналысқанына төрт жыл болыпты. Мен өзімнің жаңадан ғана шыққанымды айттым. Ол: «Бұл кәсіпте қасқыр болуың керек. Берсе қолынан, бермесе жолынан ал.» − деген кеңес берді. «Жарайды, біраз уақыт өткесін өзің ақ меңгеріп аласың» − деп жұбатып та қойды.

Бұндағылар бір-бірін өте жақсы таниды. Таныстық әсіресе түнгі жұмысқа жақсы. Оның үстіне пәтер «саудасы» әсіресе түнде қыза түседі. Клиент көп болса, ұйықыны да ұмытуға тура келеді. Дағдарыс бұлардың да басынан сипамапты. Менің жаңа танысым Шоқан осыдан үш жыл бұрынғы саудасын айтқанда арманның қанатына мініп кеткендей болады. «Үш-төрт жыл бұрын Алматыға іс сапармен келгендердің бәрі табан тірейтін баспананы Абылайхан көшесінің бойынан іздеген. Қазір ондайлар ілуде бір кездеседі. Оның үстіне бір түнеп шыққан жалдаушыға бұрыннан сынып тұрған заттың құнын да төлеттіріп алатынбыз. Қазір жұрт та әбден әккі болған. Пәтерге бас сұғардан бұрын бәрін тексеріп алады.» − дейді Шоқан. Дәл мен шыққан түні студенттер күніне үй іздеген жастар ағылып жатты. Мұндай сәтті олар қалт жібермейді. Себебі мереке күндері тәуліктік пәтерге деген сұраныс артады.  Сұранысқа қарай баға да қымбаттай түседі. Мәселен жаңа жыл қарсаңында тәулігіне сегіз мыңға берілетін пәтер, 40-50 мыңға дейін шарықтап кетеді. Оның өзін алу үшін бір ай бұрын келісіп, жарты ақшасын алақанына салуың керек. Мұндай мереке күндері жалға пәтер берушілер отбасы, ошақ қасында отырмайды. Өйткені, бұл біреудің айлық ақшасын бір түнде табатын «сиқырлы түп». Шоқан менің бұл кәсіпте әлі «сары ауыз» екенімді ескеріп, үйретуге де келісті. Маған да керегі сол еді. Сонымен мен де дүбәрә мамандыққа машықтана бастым. «Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың» демей ме, ал көшеде күндіз-түн демей тұрып, ары-бері өткен көлікке телміру оңай шаруа емес екен. Таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін жылы бөлмеде отырып жұмыс істеп үйренген менің табанымнан өткен сыз шекемнен бір ақ шықты. Байқасам, Шоқан үстіне қалың күртеше, басына тымақ, аяғына табаны қалың етік киіп алыпты. Бұндағылар құдды ауаның райын аңдыған шопан тәрізді. Бұл кәсіпте ай сайын тұрақты алатын жалақының жоқ екені әмбиеге аян. Пәтеріңді қаншаға өткізсең, сонша нәпаққа табасың. Күн ұзақ сорайып тұрудан зеріктік. Шоқанды әңгімеге тартуға тырыстым:

− Бұрын қайда жұмыс істеп ең?

− Қалалық әкімшілікте. Айлығы мардымсыз болғасын осында келдім. Онда бір ай бойы шапқылап жүріп тапқан ақшамды, мұнда бір күнде табамын. Бұл жерде менен басқа ғылыми атағы бар ұстаздар да бар. Олар жұмыстан қысқартуға ұшырап, осында келіп жүр.

Сағат түнгі он екілер шамасында Шоқан екеуміздің қасымызға қол ұстасқан жігіт пен қыз келіп, екі сағатқа пәтер сұрады. Бағасына келіскен соң, пәтерді көрсетіп кілтін бердік. Шоқанның айтуына қарағанда, соңғы кездері пәтерді тәулікке алатындарға қараған да сағаттап алатындардың көбейген. Екі сағат та зыр етіп өте шықты. Ендігі мақсатымыз пәтерді бір түнге өткізу. «Жұмысқа» келген бойда жанжалдасып жатқан екі әйелдің үстінен түстік. әңгімелерінің ауанына клиентке таласып жатқаны анық аңғарылады. Бақсам, екі әйелдің бірі ертесі күні өзі жалға беріп жүрген пәтердің жалақысын төлеуі керек екен. Яғни, өзі біреуден айына 80 мың теңгеге жалға алады, сосын оны көлденең көк аттыға сағаттап тапсырып арада ақша табады. Айта кетерлігі пәтер қожайыны баспанасының тәуліктеп жалға берілетініне келіседі екен. Ал, жалға алушы жеке кәсіпкер ретінде патент алып жұмыс істейді. Яғни, дүбара болса да заңды кәсіп. Шоқан осындай пәтердің үш бөлмелісін жалдапты. Қожайынның қолына айына 120 мың теңге ұстатады. Ал, көшедегі клиенттерге өткізіп жүріп тәуелігіне орташа есеппен 10 мың теңге табады. Осыдан ақ Абылайхан көшесінің бойындағылардың орташа айлық табысын шамалай беруге болады. «Күріш арқасында күрмек су ішеді» деген бар ғой. Бұларды анда-санда «сауып» тұратындар бар екен. Көше бойында тұрғаны үшін полиция қызметкерлері анда-санда ұстап, уақытша тергеу изоляторына қамап қояды. «Олардың да құлқыны бар ғой. Сол арада үш мың теңге берсең, табан астында шығарып жібереді», − дейді Шоқан. Осылай әңгіме қызып жатқан кезде қасымызға бір топ студент келе қалды. «Іздегенге сұраған» пәтерімізді бір түнге алатын болды. Бұл кезде сағат тілі түнгі екіден төмен қарай еңкейіп кеткен болатын.

− Шоқан мен уйге қайттым. Алғашқы күнім үшін осы да жетер.

− Жарайды. Ертең қайта шығатын болсаң, жалға беретін пәтер тауып беремін.

Сонымен келіскендей болып екеуміз екі жақа тарастық.

 

                                                                Елдос Өмірзақ

«Жас  қазақ» газеті 2009 жыл

Алдыңғы ақпаратБүркеншік есім бүккен сыр
Келесі ақпаратҚыр асқан қарадомалақтар

ПІКІР ЖАЗУ