Қыр асқан қарадомалақтар

0
620

Америкада тілі, діні және ділінен бейхабар қазақтың ұрпағы өсіп келеді

 

«Балам деген елі болмаса,

Елім дейтін бала қайдан тусын»

Ахмет Байтұрсынов

 

Атлант мұхитының үстімен ұшып барамыз. Сананы санқилы сауал қаумалайды. Америка шынымен-ақ қазақ балаларының Отанына айналды ма? Әлемді былай қойып, Айдың өзіне ауыз салған алпауыт жұрт қазақтың қарадомалағын жатсынбай, туған баласындай бауырына баса алды ма? Қаракөздер айдаладағы американдықтарғанеге айдай көрінді екен?

Міне, осы сықылды қиын түйіндердердің жетегімен мұхиттың арғы жағына да келіп жеттік. Әуе кемесі Даллас әуежайына аман-есен қонғанда «Аллаға шүкір» дедік. Сапарға шыққанда көздегеніміз Америкаға жұлып әкеткен қазақ жүрегінің бір бөлшегін тауып, қазіргі жай-күйін көзбен көру. Бізді күтіп алған еліміздің осындағы елшілігінің қызметкері жергілікті отбасының асыға күтіп отырғанын жеткізді. Сөйтіп Құрама Штаттардың жүрегі — Вашингтонға тартып кеттік. Жасыл желекке оранған қала Алматыны еске түсіреді. Алатаудың етегінен айырмашылығы – тазалығында. Американдықтар әлі күнге дейін қастерлеп, қадірлейтін президенттер Джордж Вашингтон, Томас Джефферсон, Авраам Линкольнның аппақ мәрмәрдан қашап жасалған ескерткіштерін көресің мұнда. Қарайсың да таңданысыңды жасырмайсың. Арадан қанша жылдар өтсе де, халық оларды ұмытпайды, құрметпен тағзым етеді. Жол-жөнекей біраз жәйтті көкейге түйіп, қазақ қызын құшағына алған Шапиролар отбасына қалай жеткенімізді де сезбей қалыппыз.

1-Вашингтон. Арайлым Шапиро

Алдымыздан аяғын енді ғана тәй-тәй басқан Арайлым шықты. Ол Алматыдағы нөмірі екінші балалар үйінен. Жатжұрттықтар асырап алынған бүлдіршіннің мұхит асқанына жарты жыл ғана. Бір жарым жастағы Арайлымның тілі былдырлап енді шығып келеді. Қазақша емес, ағылшынша бір-екі сөздің басын айтады. Түрі басқа, діні басқа, ұлты басқа ерлі-зайыптылар Арайлымның тәтті қылығына сүйсініп, құдды бауыр еті баласындай еміренеді. Меган мен Сет Шапиролар «Арайлым өте зерек, ақылды. Ол келгелі үйіміз қуанышқа толды. Ол біздің шаңыраққа бақыт сыйлады»,-дейді. Қыздың атын тастап кеткен анасы қойыпты. Соған қарамастан американдықтар оның есімін өзгертпеуді жөн көріпті.  Өздерінің туған балалары сегізге толғанда бала асырап алуды ұйғарған американдық жанұяға қазақтардың отбасына деген көзқарасы, салт-дәстүрге беріктігі қатты ұнайды. Қазақ елін таңдауға осы жағдай түрткі болған көрінеді. Ерлі-зайыптылар «Арайлым өскенде туған жеріне апарамыз, оның туған тілін білуіне күш саламыз», — дейді. Арайлымның төсегінің тұсына қазақтың тұскиізін іліп қойыпты. «Қызымыз өскенде оның тарихы бай елден екенін айтамыз, қазақ екенін жасырмаймыз», — дейді Меган мен Сет. Мұнда қамшы мен қазақ батырының  сауыт-сайманы да бар. Осылайша бір сәтте қазақ қызының анасы католик, әкесі яһуди болып шыға келді. «Ұлымыз сияқты Арайлым да өскенде қай дінді таңдау қажеттігін өзі шешеді», — дейді демократияшыл американдықтар. Сәби жүрек дәл қазір ештемені сезбейді, түсінбейді де. Өзіне мейіріммен қараған, бет-пошымы өзгеше жандарды жақын тартады. Бәлкім, есі кіргенде неліктен ата-анасына ұқсамайтынын, қияндағы қазақ жерінен қалайша жыраққа кеткенін ойланатын шығар…

  1. Вирджиния. ЕРМЕК-ЭРИК БЛАУЭРС-САРАНАК

Вирджиния штатындағы Арлингтон қаласында тағы бір қаракөз алаңсыз өсіп келеді. Қазақ топырағында дүниеге келген Ермекті Пола мен Алан небәрі жеті айлығында асырап алған. Қазір Ермек тоғыз жаста. Түрі қазақ демесең, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті нағыз американдық. Қазіргі ата-анасы есімін де өзгертіп алған, Эрик деп атайды. Үйлері хан сарайынан бір кем емес. Бала жан-жақты жетілсін деп барлық жағдайды жасапты. Әкесі компьютерлік бағдарламалар компаниясында басшы қызметте. Анасы жұмысын тастап,  бар уақытын Ермектің тәрбиесіне арнапты. Екеуіне перзент сүю жзбапты. Содан ба, бала десе ішкен асын жерге қояды. Олар үшін бала асырап алу, жетімге жүрек шуағын шашу сауапты іс. Мұны өмірге бала әкелуден артық бақыт деп есептейді екен. Ермек өзінің қазақ екенін біледі. Мұндағылардың болмысында бар ерекшелік шығар — ешқашан баланың тегі мен ұлтын жасырмайды. Ермектің түпкі тұғырынан ажырамасын дей ме кім білсін, үй ішінде Қазақстаннан әкелген бұйымдар самсап тұр. Қазақтың қара сандығы, қолөнер бұйымдары, Қазақстан туралы кітаптар көп-ақ. Баланың бойында қазақтың қаны бар.  Байқалып тұр. Жылқыға жаны құмар. Атажұрттан дос тапқысы келеді. Америкадағы ата-ана кәдімгідей тұсауын кесіп, мұсылман салтымен сүндетке де отырғызған. Пола Қазақстаннан әдейі әкелген тұскиізін де көрсетті, Ермек үйленгенде келініне сыйлайтыны айтады.  Мұны риясыз көңілмен айтып тұрғанына сенгіміз келді. Баланың  болашағының жарқын десек те,  жүректі әлдебір өкініш тілгілеп кеткендей…Орайы келгенде Ермек-Эрикті әңгімеге тарттық. Өкінішке қарай, қандасымызбен қазақша сөйлесе алмадық. Аудармашы арқылы тілдестік.

-Ермек сенің ұлтың кім? /Ермек сәл күмілжіп тұрып қалды/

-Орыссың ба? Ирландықсың ба? /Ермек сықылықтап бір күліп алды да/ -Егер ирландық болсам баяғыда ақ секеңдеп билеп кетер едім. Мен қазақпын!

 

 

  1. Нью-Йорк.

Ғимараттары көк тіреген, әлем астанасына айналған Нью-Йоркте де қазақ балалары аз емес. Қазақстандық жетім балаларды асырап алған американдық отбасылар еліміздің БҰҰ жанындағы өкілдігінің ғимаратына  жиналды.

Ғалым-Колин Керк және Айдана-Молли Керк. 

Төрт жыл бойы баласыз өмір сүрген Вебер Джин Керк пен әйелі бір діннің екі ағымын ұстанады, бірі католик, екіншісі протестант. Екі бірдей қазақстандық балғынды бауырына басыпты. Бес жасар Ғалым Оралдағы, ал екі жасар Айдана Шортанды  қаласындағы балалар үйінен. Кішкентай кезінде Ғалымның топ-томпақ түріне қарап, американдық ата-анасы оны Бауырсақ деп атапты.  Ғалым деген есімнің жанына Колин деген ат қосарланды. Қазақтан туылған балғынның ұлты да өзгерді. Қазақстанда берілген төлқұжатта оның ұлты американдық деп анық жазылған. Қазақ дегеннің кім, қандай ұлт екенін жете білмесе де, Америкаға қандай себептермен келгенін түсінбесе де Ғалым өзінің қазақ екенін біледі. Ал, қарындасы әлі еш нәрсені сезбейді. Өзіне еміренген адамдарға еркелеп өсіп жатыр.    

  1. Нью-Йорк. Сабина Бакли

Жалғызбасты әйел Каролина Бакли Сәбинаны сегіз айлығында Астанадағы балалар үйінен асырап алыпты. Қазақ қызын бауырына басқаннан кейін ғана шаңырағына құт орнап, бірге сегіз жыл некесіз тұрған адам оған үйленуге ұсыныс жасапты. Каролина айтады. «Сәбинаны алғалы өмірімнің жоғалып қалған бөлшегін тапқанымды түсіндім. Сәбина келіп, олқылықтың орны толды, жаным жай тапты. Ол менің туған балам, тек екеуміз бір-бірімізден ажырап қалғанбыз. Екеуміз бірге болу үшін жаратылғанбыз. Мен шексіз бақыттымын, балалы болғаннан кейін өмірім түбегейлі өзгерді». Қазақстан Үкіметіне ұшан-теңіз ырзашылығын білдіруден шаршамайды, алғысын жаудырады жомарт қазаққа…

  1. Нью-Джерси штаты. Азамат-Лием Джозев Иззо.

Осыдан төрт ай бұрын ғана Оралдағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан Азамат тағдырдың жазуымен Америкадан бірақ шықты. Әлі бірге де толмаған. Құрсағын жарып шыққан шаранасының Атлант мұхитының ар жағына өтіп кеткенін безбүйрек анасы сезді ме екен?! Енді оны ешкім Азамат деп шақырмайды.Туа салып тас жетім атанған сәбиге есімді перзентханадағы дәрігерлер қойыпты. Кит пен Жаклиннің оның есімін өзгертуге осы жағдай түрткі болған көрінеді. Олардың ұғымында балаға тек ата-анасы ат қоюы тиіс. Ерлі-зайыптылар баламыз ер жеткенде оның қазақ екенін, қазақтың салт-дәстүрі мен діні жайында баяндаймыз деп құлшынып-ақ отыр. Бірақ ана құрсағынан мұсылман болып туылған Азамат енді христиан католигі. Американдықтар исламның амал- ғұрпын ұстамайтынын  кесіп айтты. Онысын Азаматтың американдық ата-анасы бізден де жасырған жоқ. Біздің — Сіздер білесіздер қазақтардың мұсылман екенін, Азаматты Ислам дінінен ажыратпайсыздар ма? – деген сауалымызға пышақпен кескендей үзілді-кесілді жауап берді.

-Біз оған өскенде Ислам діні жайында бәрін айтып түсіндіреміз. Бірақ мұсылман дінін сақтай алмаймыз. Азамат католик болады – дедің әкесі Кит Иззо.

  1. Род-Айленд. Сара Ремлер-Саксон

Род-Айленд немесе мұхит штаты. АҚШ-тағы жер көлемі жағынан ең кішісі. Қаракөздер мұнда табылады. Сара солардың бірі. Америкадағы қазақ балаларын іздеп, қазақтар келе жатыр дегенді есісімен бізді асыға күтіпті. Жәудіреген қара көздері жүрегіңді шымырлатып-ақ жібереді. Біз үшін әдейілеп ұзын көйлеп киіпті. Бұрындары қазақ қыздарының ұзын, қос етек, бүрмелі көйлек кигенінен хабардар. Сюзан Саксон оны тоғыз айлығында Алматыдағы балалар үйінен асырап алған. Сара өмірге әкелген анасының оны балалар үйінің табалдырығына тастап кеткенін де біледі. Оған налымайды да. , бар махаббатын төгіп, аялап өсіріп отырған американдық анасын жанындай жақсы көреді. Сюзан Саксонның ұлты еврей. Америка сансыз ұлттар сапырылысқан үлкен қазандық болса да әркім өзінің қайдан шыққанын, кім екенін естен шығармайды. Сол сияқты Сараның еврей емес қазақ қызы екені ешкімге жасырын емес. Сараны асырап алған ерлі-зайыптылар қазір ажырасып кеткен, Сара анасының қолында қалыпты. Бірақ ештеңеден таршылық көріп отырған жоқ. Род-Айленд штатындағы ең ірі қалалардың біріндегі таңдаулы мектепке барады. Бейнелеу өнерімен, спортпен айналысады, сурет салады, ән айтып, мың бұралып билейді. Тал шыбықтай нәзік қыздың бойынан барлық асыл қасиеттерді, қазаққа тән ибалылықты табасың. Қолында домбырасы да бар. -Сара қазақ халқы туралы, жалпы Қазақстан туралы не білесің? – деген сұрағыма — Сара Ремлер Саксон – Мен Қазақстаннан Америкаға жарты әлемді басып ұшып келдім. Қазақтар бұрын көшпенді халық болған. Малдарын асырау үшін жазда жайлауға, қыста қыстауға көшкен. Картада кішкентай ғана болса да Қазақстан үлкен мемлекет- деп жауап берді ағылшын тілінде.

Есейгенде анасымен бірге қазақ топырағына баруды армандайды. Сюзан Саксон Сараны тастап кеткен анасына бізден «салем» айтып жіберді. Қызын тастағаны үшін опық жеп өкінбесін, ол сенімді қолда, мен Сараны ешуақытта жылатпаймын дейді американдық әйел. Қазақ әйелінің жүрегін жібітпеген қаршадай қыз осылайша американдық әйелді бақытқа бөлеп отыр. Сараның рахмет деген қазақша сөзді ғана тілін бұрап әзер айтатыны өкінішті. Бірақ бұған ол жазықты емес. Кінәлі – біздер.

 

  1. Род Айленд. Крэнстон қаласы. Сәкен-Колин Моровиц.

Сәкен Америкаға үш жасында келген. Оны да асырап алған отбасы қазір бөлек тұрады. Сәкен көбінесе әкесінің жанында болады. Мамандығы адвокат Дэвид Моровицтің Сәкенге дейін туған екі баласы бар. Бірақ олар ер жеткен соң өз жөндерімен кетіпті. Қазір американдық азаматтың жалғыз жұбанышы да, қолғанаты да қазақ баласы. Сәкен қазір он жасқа келді. Хан сарайындай үйде тұрады, спортпен айналысады, өз қатарластарының алды. Дэвид Моровиц ұлының болашағы керемет болатынына сенімді, оны Америкадағы ең беделді деген жоғарғы оқу орынында оқытпақ. Реті келгенде Сәкеннің американдық әкесі Дэвид Моровицті де сөйлетуге тырыстым.

-Егер есейгенде  Сәкен-Колин Қазақстанға кетем десе, туған ата-анамды іздеймін десе не істейсіз?

— Қарсы тұрмаймын, көмектесем. Бірақ, бәрібір менің жүрегім ауырады, бұл жайында ойлағым да келмейді. Ұлымнан айырылғым келмейді. Оны асырап аларда балалар үйінің басшысына сөз бергенмін, Сәкен-Колин есейген соң Қазақстанға апарамын деп. Сол уәдемде тұрамын.

Америкадағы ҚАЗАҚ ауылы

Род-Айленд штатындағы ҚАЗАҚ ауылы қазақ қызы Сараны асырап алған Сюзан Саксонның бастамасымен және осында тұратын қазақ Жанат Байдаралиннің қолдауымен 2005-ші жылы ашылған. Жазғы лагерь, шілде айынан бастап жұмыс істейді. Жайлауда бір апта бойы Америкадағы қазақстандық балалар қазақтың салт-дәстүріне қанығады. Жыл сайын мұнда АҚШ-тың 35 штатынан отбасылар жиналады. Қазақ ауылының басты мақсаты қарагөздердің қанындағы қазақылықты сақтап қалу. Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігіндегі Консул Алмат Айдарбеков «бұлар тағдырдың айдауымен мұхит асқан қазақ қанының бір-бір тамшысы ғой, өз ұлтың ұмытып кетпеуге бар күш-жігерімізді салуымыз керек» дейді. Елшіліктегі қызметкерлердің сөздерінен Америкадағы қазақ балаларының тағдырына алаңдайтындары көрініп ақ тұр. Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі биылдан бастап Қазақ ауылына мұғалімдер жіберуді көздеп отыр. Қазақ ауылының арт-директоры Данияр Байдаралин игі шараның үзіліп қалмауына Қазақстан Үкіметі тарапынан қолдау қажеттігін айтады.

Қанша қазақстандық бала мұхит асты?

Қазақстанның шет елдегі мекемелерінде консулдық есепте 7247 бала тіркелген. Олардың басым бөлігі, яғни 5925 бала АҚШ-та өмір сүреді. Бұл ресми ақпарат. Шын мәнісінде Америкадағы қазақстандық балалардың саны жеті мыңға жетіп қалыпты. Болашақта олардан ұлан ғайыр жерімізге иелік ететін қаншама қазақ ауылы өрбитін еді. Осыдан барып, шетке бала беру мәселесі ең бірінші мемлекеттік қауіпсіздіктің әлсіреуіне ықпал етіп отыр деген ой түйесің. Миллиардттаған халқы бар Қытайдың өзі шетке бала беру мәселесіне аса сақтықпен қарайды. Аспан асты елінен бала алғысы келген шетелдік азаматтар үш жылдан бес жылға дейін кезек күтеді. Американдықтардың қазақ баларын асырап алуға құмартуы да заңымыздың осалдығын байқатса керек. Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің консулы Алмат Айдарбековтің айтуынша Америкада бала асырап алуға бір отбасы шамамен 25 мыңнан 35 мың долларға дейін қаражат жұмсайды. Оның 7 мың доллары бала асырап алу жөніндегі халықаралық агенттіктердің қалтасына құйылады. Егер Қазақстан Балалардың құқығы жөніндегі ГААГА конвенциясына қосылса елден шетке бала беру азаяды, американдық отбасылар мен нанын қазақстандық жетім балалар арқылы тауып жүрген агенттіктердің жұмысына бақылау күшейеді. Бұл пікірді АҚШ Мемлекеттік Департаменті, Халықаралық бала асырап алу жөніндегі басқарма бастығы Гери Фуллердің өзі айтып отыр. Гери Фуллердің айтуынша Қазақстаннан асырап алынған балалар АҚШ-тың территориясына өткен соң бірден Америка азаматтығын алады және әрбір американдық сияқты толыққанды  құқықтарды иеленеді. Әлеуметтік қызметкерлер олардың тұрмыс жағдайын, денсаулығын үнемі тексеріп отырады. Осыған дейін Америкадағы орыс балаларының жәбірленіп жатқандарын жариялап, ұлардай шулаған Ресей бала асырап алуға байланысты заңдық талаптарын күшейткені белгілі. Көрші қырғыз елінің өзі шетелдіктердің бала асырауына уақытша мораторий жарияған. Ал, мұхит асып жатқан өрімдей қазақ балаларының саны жыл сайын өсіп барады. Тек былтыр бір ғана қазақтың төрт жүз қара домалағы қыр асып кетіпті. Жалпы, бүгінгі күні Америкада  шет елдерден асырап алынған 200 мыңнан астам жетім бала өмір сүреді. 2008 жылы ғана АҚШ азаматтары 17 мыңнан астам баланы асырап алған. Неге американдықтар өзге ұлттың ұрпағын алуға құштар? Мұның бірнеше себебі бар. Мәліметтер бойынша АҚШ халқының елу пайызы бедеуліктен зардап шегеді, кеш отау құрады. Кейбірі бала көтеру қабілеті бола тұрса да, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді асырап алуды жөн көреді. Мұны діни тұрғыдан қайырлы іс деп таниды. Оның үстіне, біріншіден мемлекет тарапынан салыққа жеңілді жасалса, екіншіден мемлекет арнайы ақша бөледі. Тіпті кейбір жекелеген штаттарда шіркеулер бала асырап алған отбасыға қомақты қаржы төлеп өз дініне тартып алуға тырысады екен. Біз сұхбаттасқан американдық отбасылардың басым бөлігі Ресейден бала алғысы келмейтіндерін айтып қалды. Олардың пайымдауынша, орыс балаларының басым бөлігі ішімдіктің зардабынан туылғандар. Осы жағынан алып қарағанда да американдықтар қазақтың қанының тазалығына қатты мән береді екен.

 Америка азаматтары қазақстандық балаларға озбырлык көрсете ме?!

Өзгеге жетімін тентіретпейтін АҚШ азаматтары асырап алған ресейлік жетім балаларға қатысты қайғылы оқиғалар тізбегінің жиілеп кетуі де көңілге күдік ұялатпай қоймайды. Бұл мәселеге қатысты АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті тіс жармады, Американың заңына сәйкес жетім балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін ашық түрде жариялау адамның жеке өміріне қол сұғушылық болып табылады екен. Тек 2006-шы жылы Орегон штатындағы қазақстандық қызға қатысты жайсыз оқиғадан кейін біздің балаларға қиянат жасалмағанын халықаралық бала асырау жөніндегі агенттік директоры Джим Хардинг айтып берді. Әнебір жылдары елімізде Америкада зорланды деген ақпарат таралған қыз осы Джим Хардинг басқаратын мекеме арқылы асырап алынған. Осы істің басы-қасында жүрген агенттік басшысының айтуынша асырап алған  азамат жеті жасар қыз баланы шешіндіріп, суға түсірген, сол арқылы жыныстық құмарлығын қандырған оған баланың денесінде табылған  ер адамның шәукеті дәлел болады. Алайда ол қызды зорламаған. Күмәнді жайттар көп болғандықтан бұл іске қатысты сот әлі жалғасып жатыр. Осы оқиғадан кейін қазақстандық балаларды асырап алуға мораторий жариялау керек деп дабыл қаққан депутаттардың ұсынысын Үкімет қайтарып тастаған еді. Жетім балалардың тағдыры үшін шырқыраған депутаттардың да қазір үні өшті, билік те селт етпейді.    

Американдықтарға да дені сау бала керек!

АҚШ-қа іс-сапарымыз барысында Қазақстанда қалыптасқан американдықтардың басым бөлігі тек ауру бүлдіршіндері асырап алады дегеннің жаңсақ пікір екеніне көзіміз жетті. Яғни АҚШ азаматтарының  барлығы бірдей кемтар бүлдіршіндерді асырап алуға құштар емес. Оларға да дені сау ұрпақ керек. Алдымен шетел азаматтары осы мәселені жан-жақты анықтап алады. Американдық отбасылар тарапынан алғашында баланы асырап алып, ауру екенін білген соң қайтарып берген жағдайлар да кездескен. Заң бойынша мұндай жағдайда шетел азаматары баладан толық бас тартуға құқылы. Американдықтар асырап алған 15 баланың ішінде тек үш-төртеуі ғана кемтар болады екен. Халықаралық агенттіктер мүгедек балаларға ата-ананы өздері тауып, алдын ала суретін көрсетеді. Кемістігі бар балғындарды қамқорлыққа алатындардың көбісі діни ұстанымдағы адамдар. Олар мұны Құдайдың ризашылығына бөлену деп есептейді. Солардың бірі  Назира Молдағалиева. Аяғы жоқ боп туылған нәрсетені асырап алған отбасы оған протез салып берген, қазір Назира алты жасқа келді, қатарластарынан қалмай шауып жүр. Техаста тұрады. Ал,  ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Бағдат Сейітбатталовтың айтуынша Молдова шетелге тек ауру балаларды ғана береді.

АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі американдықтарға берілген балалардың жағдайын толық бақылауда ұстап отыр. Елші  Ерлан Ыдырысов жақында Гавай аралдарына барған сапарында Қазақстаннан асырап алынған елу баланы тауыпты. Солардың бірі жапон әйелі бауырына басқан Макс есімді қазақ баласы, жақында ол туған жерге келіп қалар. Қазақ бүлдіршіндерін асырап алған американдық отбасылардың  барлығы қазақ еліне өмір-бақи борыштармыз дейді. Бар жақсысын қонағының аузына тосып, төрден орын беретін қазақтың дархандығы бала беруде де «кенде» қалмапты.

Американдық азаматтардың асырауына берілген жетім балалар кәмелетке толмайынша Қазақстан азаматы құқығынан айырылмайды. Он сегізге келген соң ғана қай елдің азаматтығын таңдауды өздері шешеді. Алайда жастайынан жат елде тәрбиеленіп, американдық менталитетті бойына сіңірген қаракөздер есейген соң туған жеріне оралмайтыны ақиқат. Олар бізді кешірмейді. Біз оларды мәңгілікке жоғалттық.

PS  Америкадағы қазақ балаларының баянды өміріне қанып, елге қайтып келе жатырмыз… Олар бұдан былай жетімдіктің тауқыметін тартпайды. Безбүйрек аналары мен тасбауыр әкелері, Отаны  бұйыртпаған бақытты жат елден, жат құшақтан тапты. Бұған да шүкір.

Ермектің «Мен Қазақпын» деген жалғыз сөзі де  мұхиттан алыстаған сайын естілмей барады…

Врезкамен:

1/ ШЕТЕЛ АСҚАН ҚАЗАҚ БАЛАЛАР

Испанияда-465, Бельгияда-234 бала, Ұлыбританияда-148 бала, Канадада-150, Францияда-108, Германияда-90, Италияда-57, Мысырда-35, Израильде-26, Швейцарияда-3, Түркияда-2, Мәскеу, Варшава, Афины және Вена қалаларындағы елшіліктерде 1 баладан тіркелген.

 

2/ Қазақстанның шет елдегі мекемелерінде консулдық есепте 7247 бала тіркелген. Олардың басым бөлігі, яғни 5925 бала АҚШ-та өмір сүреді.

 

3/ Тек былтыр бір ғана қазақ елінен төрт жүзден астам бала американдық отбасыларына берілген.

Жанар Байсемізова,

(арнайы «Жас қазақ» үшін)

«Жас қазақ» газеті 2009 жыл

 

Алдыңғы ақпаратТүлкі заманның тазылары
Келесі ақпаратҚарындашпен жазған қаламгер

ПІКІР ЖАЗУ