Жалғыз көзден шыққан жас

0
834

Шолпан шоқтай қызарған кез. Жарық дүниенің жанары оянған шақ. Іңә-іңә-іңә… Құдай Қадырға шекесі торсықтай сәби сыйлады. Әке болу қуанышына бөленген ол дәрет алып, жүзін құбылаға бұрып, азан шақырды. Аллаға шексіз шүкір айтты. Нәрестеге Нұрбол деген есім берді. Үйге шақалақпен бірге шаттық енген еді.

 

Үміті күпті

 

«Баласы атқа отырса, үйінде тақымын қысып отыратын» анадан асқан мейірім иесі бар ма? «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірген Бибісара Нұрболды күнде мектепке қолынан жетектеп апарды. Өзі сонда аспазшы. Оқушылардың ішіп-жемін әзірлейді. Баласының талантына тәнті боп, тәтті тағамын күнде береді. Ес біліп, ержеткен Нұрбол бір күні анасымен мектепке бармауды ұйғарды. Себеп – Бибісараның бір көзі жоқ. «Намысын»  ардақты анадан биік қояды. Достарынан ұялады. Құрбыларым сезбесін деп, асханаға кірмеуді де әдетке айналдырады. Жаратушыдан жалбарынып сұраған жалғыз баласы ойлаған нәрсесіне бойламайды. Байыбына бармайды. Бәрібір тентектігін тастамайды. Бойын соқыр намыс кернеген қуыс кеуде анасын осылайша әбден әбігерге салады. Көшеде де бірге жүрмейді. Ақша тауып, баласының асты-үстіне түскен ана байғұстың бұған жүрегі езіле түсті. Ұлының қашқалақтап жүргенін көрген сайын жалғыз жанардан жас парлайды… Амал не? Айтса, зекіп тастайды. Кемшілігін бетіне басады. Себебін білмей, ауыр сөз айтады.

Осылайша әрбір тәулік жаңа парағын ашып, өмір өте береді. Асханаға ағылған балалардың ішінен «ұлымды көріп қалар ма екенмін» деген үмітпен жалғыз көзімен есікке телміре қарайды. Үміті күпті. Тағы жоқ…

Бір күні баласының талабын білмек ниетпен сабағына қатысты.

– Рұқсат па, қарағым? Кіруге бола ма?

– Әрине, болады. Кіріңіз.

– Баламның сабағын білейін деп келіп едім. Мына отырған баланың анасымын.

– Отырыңыз.

Осы кезде әр жерден «мынау кімнің анасы, көзі жоқ екен» деген сұмдық, суық сөздер еміс-еміс естілді. Нұрболдың қабағы түсіп кетті. Екі бету ду ете қалды. Қос көзі анасының жаутаңдаған жалғыз жанарына тіке қадалды.  Атып жіберердей. Ұстазынан ұялған болар. Ләм-мим демеді. Алайда бойын ащы ыза кернеді. Өз терісіне өзі сыймай, қайта-қайта бұрқан-талқан болды. Көп аялдаған жоқ. Есікті қайта кірместей тарс жауып кетті.

 

Өкініш пен өксік

 

Нұрбол ақшам намазынан асқан уақытта үйіне келіп, назалы үнмен назын айтты. Бәйек болған Бибісара күні бойы аш жүрген баласының тамағының қамына кірісті. Артынан қалмай қойған Нұрбол ащы дауыспен назын білдірді.

– Мама, сабаққа неге келесің? Мені масқаралағанша асханаңда жұмысыңды істеп жүре берсең қайтеді? Саған осы не жетпейді? Түсінбей-ақ қойдым сені. Мені енді іздеп келме. «Анасы соқыр екен», – деген сөзді енді естігім келмейді… сенің қасыңда жүруге ұяламын. Маған жоламашы… Айтшы, неге соқырсың? Қайда бір көзің? Сырын білсем бола ма?

Байғұс Бибісара жалғыз жанарымен тағы жылады. Еңіреді, егілді. Көзінен жас төгілді. Көкірегін ащы өкінішті өксік кернеді. Шарасыздық па, әлде қорқыныш па? Оны өзі де білмейді. Белгілісі, жүрегінің түбінде бір құпия бар. Тағы жасырып қалды. Ана жүрегі тентек ұлын бұл жолы да кешірді:

– Кешір, балам. Сен не десең со болады. Енді сені ренжітпеймін. Анаңның қателегін кешір, құлыным… Қоңыр қозым, сен ренжімеші. Сені жақсы көрем ғой. Келші, тамағыңды іше ғой, айналайын.

Ана осылайша уәде берді. Сөзін амалға асырды. Баласына артық уайым-қайғы туғызбауды көздеген еді. Ұлын енді қайта іздеп бармауды ұйғарды. Сыртынан дұға етіп, аналық ақ тілегін Аллаға жолдады.

Сағат сырғып, уақыт жылжып, Нұрбол оқуын аяқтады. Мектепті үздік бітірді. Ендігі асыл арманы – «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу. Сөйтіп, бір көзі жоқ анасынан біржола құтылуды көздеді. Алла пендеге мейірімді ғой. Тілегін қабыл алыпты. Оқуға түсті. Мұхит асып, Англияға тартып кетті. Ауылда қалған жалғыз анасына бұрынғыдан да бетер суық қарайды. Айтқандай-ақ, ақ сүт беріп асыраған анасын мүлдем ұмытты. Білікті маман болды. Жұмыс тапты. Үйленді. Бала сүйді. Бірақ анасын есіне де алмады. Немересінің бетін әжесіне бір сүйдірту ойына да келмеді. Тас жүрек одан сайын қатып қалған екен. Анаға деген мейірім жоқ. Жылу жоқ.

 

Күңіренген көк аспан  

 

Англия. Күз. Жаңбыр сіркіреп тұр. Жігіт үйі мәз-мәйрам. Бүгін оның туған күні. Отбасымен тойлап жатыр. Бір кезде есікті біреу қаққандай болды. Туған күнді тойлаған топ аңтарылып қалды. Бұрын-соңды есікті ешкім қақпаған. Бұл кім болды екен? Бәрінің көкейінде осы сауал. Әйелі есікті ашып қараса… егде жастағы әйел тұр. Бір көзі жоқ. Шошып кетті.

– Ойбай, Нұрбол келші. Бір қаңғыбас, адасқан әйел келіп тұр. Нан сұрап келгенге ұқсайды. Нанын беріп жіберші. Қайтып бұл үйге келмесін.

Жігіт бала-шағасымен есікке қарай аяңдады. Балалары да соқыр әйелді көріп, жылап жіберді. Шошып кеткен екен. Әйелі де баласы да қорықты. Сол баяғы байғұс соқыр ана Англияға баласын іздеп келіпті. Нұрбол оған тағы да қабағын түйді. Жақтырмады. Жалғыз көзді анаға жақындап, сыртқа алып кетті. Жеке сөйлесті.

– Мама, түу сонау жер түбіндегі Англияда не істеп жүрсің? Неге келдің? Не керек саған өзі? Әйелім мен баламды шошыттың ғой. Артымнан іздеп келме деп ем ғой? Сен маған «енді іздеп келмеймін» деп уәде бергенсің. Неге сөзіңде тұрмайсың? Үйге кірмейсің. Балаларымды тағы шошытасың. Қазір-ақ кет. Қайда қонатыныңды өзің шеш.

– Құлыным, балапаным, сонау жерден өзің деп келдім. Мен бұған өкінбеймін. Хабарласпай кеттің ғой. Еш болмаса, телефон шалсаң нетті?! Өздеріңді уайымдаумен шашым да ағарды. Күндіз күлкімнен, түнде ұйқымнан айырылдым. Сені үйленіпті деп естідім. Балаң да бар екен. Үйге кіргізші. Немеремнің бетінен бір сүйіп кетейінші еш болмаса.

– Айттым ғой «жоқ» деп. Кірмейсің. Бір көзің жоқ. Балаларымды қорқытасың.

Әңгіме осы жерден үзілді. Екеуі де үнсіз. Көк аспан күңіреніп, ақ жауын анамен бірге жылап тұрғандай. Кейуанаға кеудесін керген баладан енді қайыр жоқ. Ана жүрегі мұны әбден сезді. Үсті-басы малмандай су. Амал жоқ, келген жолымен кері кетті.

 

Хат пен хақ

 

Уақыт зымырап өтіп жатты. Нұрболдың мектеп бітіргеніне 20 жыл. Достары оны ауылға шақырды. 20 жылдықты бірге тойлау үшін. Жігіт жол ұзақ деп қиналды. Әрі ойланды, бері ойланды, ақыры ұшаққа билет алды. Сөйтіп, отбасымен ауылға аттанды. Ауылға кеп, достарын көрді. Сағынышын басты. 20 жылдықты дүркіретіп өткізді. Нұрболдың құрбылары арасында беделі жоғары. Себебі, мектепті жақсы оқыды. Шетелде білім алу оның абыройын асырмаса, титтей де төмендеткен жоқ. Түлектердің басқосуы есте қалардай деңгейде өтті. Алайда Нұрболға бір нәрсе жетіспейтіндей көрінді де тұрды. Ол – ауылдағы өз үйін көріп, мауқын басу еді. Балалықты еске алсам деген оймен жаяулатып, үйіне қарай беттеді. Ақырын аяңдап, өзі тұрған ескі үйге де жетті. Үйде бөтен егде әйел бар екен.

– Нұрболжан, бұл сен бе? Өзгермепсің ғой. Бірден таныдым. Кіре ғой.

– Бұл жерде кім тұрып жатыр өзі?

– А-а-а, балам, анаңның қайтыс болғанына біраз уақыт өтті. Мұнда біз тұрып жатырмыз. Бибісараның саған бер деп, аманат етіп кеткен бір хаты бар еді. Мен ашпадым. Өзің оқырсың, жарығым. Қазір. Күте тұр. Алып шығайын.

Әлгі әйел төрт бұрыштап бүктелген ақ қағазды Нұрболдың қолына ұстатты. Жігіт ештеңе түсінбеді. Аң-таң. Оңаша оқиын деп өзімен бірге алып кетті. Ашып қараса анасының хаты:

«Балам, ботам, айым, күнім, асылым! Қарт кеудемді бір күні ажал аларына көзім жетті. Алланың маған осындай өмір бергеніне шүкір етемін. Ешқашан өміріме өкінген емеспін. Мың тәуба. Саған айтпай келген кеудемде бір жасырын сыр бар еді. Өзегімді өртеп барады. Ақыры өзіңе айтуға бел будым. Ендеше, тыңда, жаным, балам. Сен ол кезде нәресте едің. Әкең марқұм сені қатты жақсы көруші еді. Екеуміз күн демей, түн демей өзіңе қарайтынбыз. Сені әрқашан еркелетуші еді ол. Қайда барса да өзімен бірге алып жүретін. Бір күні сені қалаға қыдырып қайтайық деп жолға шықтық. Ажал адамның жанын бірде ерте алса, бірде кеш алады екен. Жол апаты әкеңнің жанын жалмады. Тағдырымызда бар екен. Мен жесір қалдым. Сені сол кезде өмірімнің соңына дейін аялап өтем деп өзіме сөз бергенмін. Жол апатынан мен де жеңіл-желпі жарақат алдым. Алайда сенің оң жақ көзіңе қатты зақым келіпті. Дәрігерлер көзіңді көрді. Қандай шешім айтар екен деп қатты үрейлендім. «Балаңыз басынан қатты жарақат алыпты. Оң жақ көзі көрмейді. Балам бақытты өмір сүрсін десеңіз, тезірек сау көз табыңыз. Орнына соны салып береміз», – деді сол кезде дәрігерлер. Менің есім шығып, ет жүрегім дүрсілдеп кетті. Өзімді қоярға жер таппай кеттім. «Балам бақытты өмір сүрсін, көзі соқыр боп қалмасын, менің сау көзімді алып, салып беріңіздерші», – деп дәрігерлерге жалындым. Міне, балам, содан бері соқырмын. Содан бері таңым – қайғы, кешім – мұң. Өзіңді осы көзбен көп ұялтсам кешір мені, ботам. Кешіргін».

Хатты оқып, жігіттің жүрегі аттай тулады. Көкірегін, кермек өксік, өкініш биледі. Іші удай ашыды. Қолындағы ақ парақ жасқа шыланыпты. Жалғыз көзімен жылап тұрған бұл Нұрбол еді…

Өмірде мұндай оқиғалар көп. Себебін, білмей қате қадам басқандар арамызда жоқ дей алмаймыз. Ата-анамыздың көңілін тірі кезінде таппасақ, қайтқан соң қайғырудың несі пайда?!

Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарында кәрілікке жетсе: «Тұһ», – демеңдер (кейіс білдірмеңдер). Сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, сыпайы сөз сөйле («Ісра» сүресі, 23-24-аяттар).

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

«Жас қазақ» газеті 2010 жыл 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Алдыңғы ақпаратСаксафон сазы немесе үзілмеген үміт
Келесі ақпаратСужұқпас

ПІКІР ЖАЗУ