Адам тәрбиесінің жаңа ілімі

0
370

“Адам — әлемнен де күрделі”

Ана құрсағындағы тоғыз ай  адам ғұмырының ең ұзақ та  және ең күрделі кезеңі  болып табылады. Оның ұзақтығын түсіну үшін, ұрықтың жетіліп, даму мерзімін де, жер бетіндегі тіршіліктің барлық сатыларын басып өтетіндіктен, мөлшермен 500 миллион жылмен пара-пар екен. Бұл айтылған ойдың маңызы мен мәніне жету үшін, әуелі тіршілік  құпияларына тереңдеп үңілмей болмайды. Өйткені, адам ғұмырының  физиологиялық осы кезеңі, күллі тіршілік атаулының тылсымға толы  түйіні, тіпті ақыл түгіл, көңіл көзі жетіп болмаған жұмбақ сыры сақталған көмбесі тәрізді. Егер де, ғылыми дәлелдерге сүйенсек, ана құрсағында өсіп жатқан жан иесі  өзіне берілген тоғыз айдың ішінде, табиғат шебердің құдіретімен “он сегіз мың ғаламның” сипаттарын түгелдей қайталап шығатындығы белгілі боп отыр. Былайша айтқанда, бір клеткалық тіршіліктен бастап адамға дейін жетілген, биологиялық түрлерді түгелдей басып өтеді екен. Әрине бұл, күллі табиғат жаратылыстары ішіндегі күрмеуі қиын, аса күрделі құбылыс екені даусыз! Мұндай сипат тек табиғат шебердің құдіретімен ғана жасалмақ. Ендеше, осынау тіршіліктің  сапалық дәрежеде жетілетін жұмбақ кезеңін адам тәрбиесіне кірістіре алмай келгенімізді ойласақ, бүкіл адамзаттың рухани дамуындағы аса ауыр кемшіліктер де, осы кезеңнің еленбей қалған ерсіліктері екені анықталып отыр. Себебі, бұл мәселе өткен-кеткен педагогикалық және психологиялық ілімдер де, ешқашан ғылыми жүйеленіп көрген емес. Адам тәрбиесі тәрізді өте күрделі құбылыстың бастауы болып саналатын, ұрық тазалығы мен Ана құрсағындағы жетілудің сырына терең үңілмей,  ұрпақ тәрбиесінің іргелі мәселелерін дұрыс шешу мүмкін емес. Әсіресе, бүгінгі малекулалық биология мен генетика ғылымдарының қол жеткен табыстары осы ойымызды тапжылтпай дәлелдеп отыр. Себебі, адам жаратылысындағы тек түйістік ақыл мен ішкі бес сезімді былай қойғанда, онда тума қабілеттері мен мінез-құлқы, психикалық жігері  мен тектілік қасиеттерінің  іштен туатындығы, ғылыми әбден дәлелденген құбылыстар екенін ескерген жөн. Жалпы бұл мәселені тікелей адам тәрбиесі хақында болмаса да, адамзаттың не бір алып ойшылдары философиялық пәлсапа түрінде көп талқыланған.Әсіресе, адам бойындағы Жан мен Тәннің өзара үндестіктерімен қоса, жүрек күші және ақыл күші тәрізді қадау-қадау құбылыстарды үнемі ой елегінен өткізіп отырған. Мәселен, адамзаттың Екінші ұстазы атанған данышпан бабамыз Әбунасыр әл-Фараби өзінің – “Екі философтың – қасиетті Платон мен Аристотельдің көзқарастарының ортақтығы” – деп аталынатын еңбегінде, екі алыптың  қайшылықтарын үндестіріп төрелік айтады: “Жан және интелект жайында, “Тимей” атты кітабында Платон – Жанның да интелектінің де, тек өздеріне ғана тән ерекшеліктері бар. Бұл екі дүние бірі мен бірі қабаттас, біреуі – Жоғары, біреуі – Төмен дейтін мағынаға ұқсас ойлар айтады. Біз оның айтқандарын терең талдап ұғынуымыз керек. Интелекті дүниесін де, Жан дүниесін де – ол тек әрекет сферасында ғана айтқан. Бірақ бұлардың әрқайсысының өз орындары бар. Ол – жоғары және төмен дегенді жазықтық пен кеңістік ретінде емес, тек, ізгілік пен қадірлілік мағынасында түсінеді. “Парасат дүниесі” – “надандық дүниесі” – “білім дүниесі” – “о дүние” – деген сөздерді біз қандай мағынада айтатын болсақ, ол мұны сол мағынада түсіну керек деп есептейді. Сондай-ақ ол – жанның  жаратылысқа эманациясы туралы және интелектінің – жанға эманациясы туралы да айтады. Платон философтың мұндай нәзік ұғымдарын, оның жолын ұстаушылардың позициясынан басқа деп түсінуге болмайды. Өзінің “Жан туралы” кітабында Аристотель философ  интелектіні жанның ең асыл актуальды бөлшегі деп түсіндірген. Осы интелектінің жәрдемімен жұрт – Жаратушыны таниды және Метафизиканы біледі. Олай болса, интелекті өзінің орны мен жағдайы жағынан емес, керісінше, әсемдігі мен шынайы тазалығы жағынан Жаратушыға ең жақын тұрған дүние ретінде бағаланады. Мұнан кейін жақын тұлға – Жан  екені айтылады. Жан өзінің табиғи сезімдері  арқылы Интелекті мен Жаратушыға дәнекер тәрізді. Сөйтіп, Жан бір жағынан Интелектімен бірігеді, интелекті тарапынан Жаратушымен бірігеді. Ал Жан екінші жағынан Жаратылыспен бірігеді. Тұрған орны бойынша емес, болмысы бойынша Жаратылыс Жаннан  кейін тұрады. Айтып жеткізілуі қиын аса күрделі Платонның ой қорытындыларын дұрыс түсініп, осылайша ұғыну қажет болады. Егер де осылай түсінетін болсақ, онда Платон мен Аристотельдың арасында ешқандай қайшылық та, алауыздық та жоқ”, – деп уақытынан озған, телегей теңіз ғұламалығын танытады. Жалпы шығыс әлемінде Платон мен Аристотель, көбіне Фарабидің түсіндірмесінен кейін ғана, терең ұғына алған ойшылдар көп. Солардың ішінде мәселенің бұл жағын ашық жазып қалдырған, ұлы ойшыл-ғұлама Әбу Әли ибн Сина екенін жақсы білеміз. Бұл деректі ол өз қолымен жазған өмірбаянының ішінде айтады.

Тікелей Жан тәрбиесіне байланысты Халық педагогикасы мен психологиясының 2-ші негізі, немесе адам дамуының физиологиялық екінші кезеңі, бүгінгі таңға дейін ұрпақ тәрбиесінен тыс қалып отыр. Тіпті, жан тәрбиесі   дегенді түсіне де алмай отыр. Ол жайындағы методологиялық ізденістің жоқтығы, адам тәрбиесінің қаншалықты ойсырап жатқандығын аңғартса керек. Сондықтан да, жоғарыда аз-кем айтылған Жанның он екі мүшесі, яғни 12 арнасының жабылуға жақын жағдайы – жыл өткен сайын адамдар азып барады деген тұжырымды жиі айтқызып жүр.Оны айтып қана қоюмен еш мағына шықпайды. Өйткені, бұл мәселенің өзіне тән тәрбие әдістерін жүргізбесе, жан дүниенің арналары сол жабылған бойы көресіңді көрсете бермек. Ендеше, тоғыз торқаның ішінде өсіп келе жатқан Жан иесі тек биология мен физиология заңдылықтарына бағынып қана дамитынын ескерсек, ананың түйсігі мен ішкі бес сезімдері арқылы  тәрбиеленетін Жанның мүшелеріне тиісті деңгейде көңіл аударатын мезгіл жетті.

Шынын айтсақ, соңғы жылдардағы ұрпағымыздың маңдайына тиіп жүрген      күйелі көсеу де осы екенін несіне жасырамыз. Оның жауапкершілігі – тікелей ата-ананың  мойнында екенін де ашып айтқан жөн. Олай болса, келер ұрпақтың бақыты мен саулығы тікелей алдыңғы буынның ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы тәрбиені түсінуіне байланысты. Қалай десек те, бұл мәселені ары қарай назардан тыс қалдыра беру бүкіл адамзат қауымын апатқа ұшыратуы да мүмкін.

Заманының түзу кезінде дәстүрі бұзылмаған Қазақ елінің “Алып – анадан туады” дейтін өсиетінің Үлгісі мен Халық педагогикасы мен психо-логиясының 2-ші негізі, немесе Ана құрсағындағы физиологиялық кезеңінің үндесіп жатқанын байқау қиын емес сияқты. Өзінің ұрпақ тәрбиесінде бұл өсиетті инстинкті түрде пайдаланғанын көптеген тәлімдік ұғымдардан аңғаруға болады. Халқымыздың ата дәстүрі болып саналатын “Жеті атаға дейін қыз алыспау” салты да біраз нәрседен хабардар етеді. Бірақ бодандықтың бұғауымен маталған соңғы үш ғасыр, бұрынғы  ата-баба даналықтарынан қол үздіріп кете жаздады. Тіпті, қазір “алып-анадан – туадының” мағынасы түгіл, бұл сөздің мәніне де көңіл аударып жүргендер аз. Сондықтан да ол алма-кезек ауысып жатқан ұрпақ тәрбиесіне әсер етуден қалғалы қашан?! Сонда, бұл тәріздес асыл сөздердің қадірі өз қалпына келмесе, Дулат-жырау айтатын “Өнер алды – қызыл тілдің” жағдайы қалай болмақ? Мұндай қуаты мол тұжырымдар сұлу сөйленетін, сөз тәрізді қызмет етсе, сөз өнері арқылы жетілетін жас ұрпақтың зейіні мен зердесі нендей күйге түспек?

Енді осынау, “Алып – анадан туады” дейтін өсиет сөздің мәні неде екен? Ұрпақ тәрбиесіндегі орны қайсы? Ол нені меңзеп тұр? Қысқаша осы сауалдардың жауабын іздеп көрелік. Ол үшін тіршілік құпияларына үңілмей болмайды. Адам тәрбиесінің ана құрсағындағы кезеңі аса күрделі де, тылсым сырларының мол екендігі жайында жоғарыда азды-көпті айтылған еді. Оның тоғыз айдың ішінде “он сегіз мың ғаламның” жүріп өткен жолы мен даму сатыларын қайталайтындығы, ғылымда да дәлелденіп зерттелген мәселе?!

В.А.Мезенцевтің “Ғажайып энциклопедиясын” /185-бет/ қайталап еске түсірсек: “Адам ұрығы өзінің жетілу сәтінің 18-20-шы күндері, ол балыққа ұқсайтындығы соншама, тіпті желбезек саңылаулары мен аяқ-қолдарының орнында жүзу қанатшалары да болады. Содан сәл уақыттан соң, ол қосмекенді бақаның түріне еніп, біраздан кейін бауырымен жорғалайтын кесірткеге ұқсайды. Шамамен бір жарым айда ананың құрсағындағы жан иесі тұп-тура маймылдан айнымайды. Тек ақырғы айларда ғана адам бейнесіне енеді. Сөйтіп ол жер бетіндегі эволюциялық даму сатыларын түгелдей басып өтеді”, – деп егжей-тегжей жазады.

Ата-бабамыз осы жағдайларды жоғарыда келтірілген өсиет сөздерімен ұрпағына тек тән құрылысының жетілуін ғана емес, “алып” деген сөзінің астарында тәннен де күрделі, жандүниесінің де ана құрсағында қалыптасатынын меңзеп отыр. Оны қалыптастыратын да және тәрбиелеп жетілдіретін де, тек ананың ғана парасаты екенін айтып тұр. Бұл жайында да электроника ілімімен салыстыра отырып, адам жанының 12 мүшесі, яки арналары – түйсік, ұят, сүю, зерде, мінез, жігер, қабылет, ішкі бес сезімдері бар  жан дүниесі де, тәннің мүшелері – жүрек, ми, бауыр, өкпе, бүйрек, тағы басқалары тәрізді, тек ана құрсағында ғана жетіліп  тәрбиеленетініне жете мән берілмей келді.

Бүгінгі ғылым құдіреттерімен дәлелденіп отырған күрделі құбылыстардың сырлары, қазақтың Халық педагогикасы мен психологиясында да  үндестік табатындығына тұшынған сайын, ата-бабаларымыздың қалдырған рухани  мұраларына шынайы ризашылық сезімдер билейді. Ол  көкірек көзімен аңғара білген: “Он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйдырған”, – дейтін өсиет сөзінде, тіпті тереңнен маржан теріп отырғанын жоғарыда келтірген ғылыми дәлелден, барынша анық байқалып тұрғанын көрмеу мүмкін емес. Шынында да осыншама құдіреті мол күрделі құбылыстарды жетілдіретін адам ұрығы тарының қауызынан да кіші болмаса, тіпті де үлкен емесіне таңданбасқа болар ма?! Осыншама күрделі құбылыстарды сөз өнеріне сыйдыра білген  жұрт “Алып – анадан туады” дейтін  өсиет сөзін де ұрпағына қалдыруға құқылы еді.

Сөйтіп, Халық педагогикасы мен психологиясының 2-ші негізгі кезеңінде адамның тән құрылыстары дамудың қандай күрделі жолдарынан өтсе, жан дүниесі де қарапайым  түйсіктен санаға дейін жетілетінімен, бұл кезеңнің адам тәрбиесіндегі орнының өлшеусіз екенін айқындап тұр. Олай болса, адамның жаны мен тәнінің аса күрделі даму кезеңін де тәрбие тәсілдерінің қажеті жоқ деп кім айта алар екен?! Тіпті, керек десеңіз, жүрек тәрбиесінің жүйесіне енетін, жанның тума қасиеттерін ұштап тәрбиелеуші – тек  ана ғана екенін түсінсек екен. Егер адам тәрбиесінің 1-ші және 2-ші кезеңдерін салалай жіктеп ашып айтсақ, ұрық тазалығы – еркектің  аталық парызы болған да, ана құрсағындағы тәрбие – әйелдің  аналық парасаты екенін тіршіліктің бұлжымайтын заңындай етіп өмірге енгізу қажет. Сондықтан да, ананы да, атаны да, өзінің мінәжат етер қағбасына бетін түзеп, бұл кезеңдегі тәрбие тәсілдерінің қыры мен сырына саналы түрде үйретудің міндеті мен қажеттілігі, ұлттық идеологиямыздың негізгі арқауы болуға тиіс. Ана атаулы жүкті кездерінде, жаратылыстың өзі бейімдеген қасиеттеріне ауысатындықтан, оның сыртқы бес сезімдері ғана емес, сондай-ақ ішкі бес сезімдері де, аса сезімтал қозғалмалы көңіл-күйде болатыны белгілі. Ана атаулы міне осы күйлерін  сәтті пайдаланып, құрсағындағы  жан иесіне жеткізу тәсілдерін білмейтіндіктен, осы кезеңнің өзіне ғана тән тәрбиелері тас қараңғы қалпында қалып отыр. Соның салдарындай, қазіргі дүниеге келіп жатқан нәрестелер түгелге жуық жүрек  тәрбиелері оянбай, былайша айтқанда, жан дүниелерінің арналары ашылмаған күйлері өмірге келіп жатыр. Сондықтан да, олардың зердесі таяз, жігерлері құм, мінездері дөкір, ұяттан безген, ешкімді де сүймейді, қабілеті әлсіз, түйсігі жоқ, көкірек көздері оянбаған, денсаулықтарының да ақаулары мол, адамдар тобырын көбейтіп отыр. Осының барлығы да бұған дейін ескерілмей келген адам тәрбиесіндегі аса ауыр қателіктер болып есептелінеді.

Бұл мәселені Ел болып мемлекеттік деңгейде түзетуге кіріскен жағдайда Халық педагогикасы мен психологиясының 1-ші және 2-ші негіздеріндегі тәрбие тәсілдерінің әсері көп тостырмай-ақ жетістіктері бірден көрінетіндігінің айғағы –  жоғарыда айтылатын аз-кем тәжірибелердің нәтижелері, аса үлкен үміттерге жетелейді. Мұндай арман орындалған кезде кешегі ұлы Абай көксеген – “нұрлы ақыл мен толық адам” мәселесі ойдағыдай шешілер еді. Әуелден-ақ, анасынан  жүректері оянып жан-дүниелері ашылып туған жандар, адамшылық пен арды да, тіпті болашақ ұрпақ қамына да, ерекше сергектікпен қарайтыны анық.

Жүрек культі ілімнің негізін салушы әл-Фараби Түркі халықтарының тағылымдарынан алып, адам тәрбиесі жайында үш түрлі ғылымның жүйелерін  жасап, біріншісі – түйсік, сыртқы және ішкі бес сезімді – Хауас ілімі, екіншісін – үш сүюді – Имани гүл, үшіншісі – ақыл әділет, рахымды – Жәуанмәртлік деп атандырғаны белгілі. Бірақ бұл ілімдер өз топырағына түспеген  дән  тәрізді араб елдерінде өркендей дамып кете алған жоқ. Әйтсе де, Түркі халықтарынан шыққан ғұламалар – Дауани, Баласағұн, Қарабағи, Науаи бұл жайында аса құнды еңбектер қалдырды. Мәселен, Ж.Баласағұн осы үш ілімнің негіздерінде бүкіл дүниежүзін тамсандырған, атақты “Құтты білігін” поэзия тілінде өмірге әкелді. А.Науаидың Бес хамсасы да, осы идеяларды дамыта жырлайды. Ал жоғарыда айтылған үш ілімді ары қарай жетілдіріп, ерекше биіктікке көтерген – ұлы Абайдың орны жеке дара бөлек. Бұл мәселе әлі зерттеушісін күтіп тұр. Абайдай данышпанның: “Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла”, – деуінің мәні де, өз еңбектерінің осы үш іліммен сабақтасып жатқанын меңзесе керек. Егер адам тәрбиесінің 2-ші негізі жайында Абай: “Ұйықтап жатқан  жүректі – ән оятар, Үннің тәтті оралған – мәні оятар… Жүрек тербеп, оятар – баста миды”, – деп тұжырымдауында телегей теңіз ғұламалық жатыр емес пе?! Ұлы Абайдың бұл еңбектерін барынша ашып бағдарлап берген кемеңгер жазушымыз М.О.Әуезов болса, оның  шәкірттері – К.Бейсенбаев, Қ.Өміралиев, М.Мырзахметовтер хал-қадірлерінше жалғастырған еді. Абайдың педагогикалық еңбектеріндегі құнары мол қасиеттерді игеру мәселесі, тіпті әлі жүйелі түрде басталған да жоқ.

 

Совет‑Хан  Ғаббасов

Медицина және Педагогика ғылымдарының докторы, профессор

«Жас қазақ» газеті 2010 жыл

 

 

Алдыңғы ақпаратСужұқпас
Келесі ақпаратСемей полигонының жабылғанына биыл – 25 жыл

ПІКІР ЖАЗУ