Семей полигонының жабылғанына биыл – 25 жыл

0
968

Осыдан 25 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет төндірген Семей полигоны жабылды. Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі бұл.

Семей сынақ полигоны – әлемдік қарулану бәсекесінің салдары.  Жапонияда алғаш рет атом бомбасын жарған АҚШ-тың күштілігін мойындағысы келмеген КСРО өз бомбасын жасап, оны сынау үшін қазақ жерінде полигон ашады. Сынақ алаңы бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданы, сонымен қатар Павлодар және Қарағанды облыстарының біраз жерін қамтыды.

Алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар көлемі 300 шаршы шақырым «тәжірибе алаңын» дайындады. Алаңның қақ ортасындағы 30 метрлік темір мұнараның төбесіне қуаты 20 килотонн ядролық заряд орнатылды. Орталықтан әр түрлі қашықтықта әскери техника, артиллерия қаруы, танктер, ұшақтар, автомобильдер, бронемашиналар орналастырылды. Салынған пана-жайлардың көпшілігіне тәжірибе жасалатын хайуанаттар – қойлар, шошқалар, иттер кіргізілді. Одан сәл қашықтау тұтас бір қалашық – үш қабатты тұрғын үйлер, өнеркәсіп орындары, жер асты жолы, теміржол және автомобиль көпірлері салынып, оларда жанармай құйылған вагондар мен цистерналар тұрды. Мұның бәрі ядролық жарылыстың алапат күшінің, қуатын зерттеу үшін дайындалды.

Сонымен, 1949 жылы 29 тамызда таңғы сағат 6.30-да Абай және Абыралы аудандарында халыққа алдын ала ескертілместен қуаттылығы 30 килотонна болатын алғашқы жарылыс жасалды. Мұнда 1951 жылы 18 қазанда атом бомбасын ұшақтан тастап жару, ал 1953 жылғы 12 тамызда термоядролық құрылғы сыналды. 1955 жылы 22 қарашада сутегі бомбасы жарылды. 1961-1962 жылдары әуеде және жер үстінде 50-дей ядролық бомба сыналды, 1963–1988 жылдары жыл сайын 14–18 сынақ өткізіліп, жер астында барлығы 343 ядролық жарылыс жасалды. Жалпы, 1949 жыл мен 1989 жыл арасында 456 ядролық сынақ (616 жарылыс) жүргізілген. Осылайша, Семей аймағында 40 жыл бойы сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түседі екен. Сондағы зардабын ойлана беріңіз…

Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Ядролық сынақтардың салдары сол жерде тұратын адамдарға үлкен қайғы-қасірет әкелді. Жарылыстан радиация алған мыңдаған адам қатерлі ісік, иммунды жүйе мен қан құрамының бұзылуына байланысты  ауруға шалдығып, көптеген сәби дүниеге жарымжан болып келді.  Жалпы, бұл радиациядан зардап шеккендердің саны 2 млн адамнан асады.

Қазаққа орасан қайғы-қасірет әкелген полигон Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 1991 жылы жабылды. Осылайша полигонда 40 жылдан астам жүргізілген жарылыстың үні мәңгіге өшті.

«29 тамыз күні адамзаттың игілігі үшін Қазақстан әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигондарының бірін жапты. Бұл, әрине, ең алдымен Қазақстан халқы мен оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі әрі ерлігі. Осы күн — ең алғаш рет бейбіт атомды дамытуға негіз салынған күн», — дейді Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков сұхбаттарының бірінде.

Туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ойлаған Мемлекет басшысы АҚШ, Ресей, Франция елдерінің басшыларымен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, ядролық қаруды Қазақстаннан аластауға 1994 жылы келісті. Ядролық державалар (АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Франция) Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы күш көрсетпеу жауапкершілігін мойнына алып, экономикалық қысым жасамайтынына сендірді. 1995 жылы соңғы ядролық қару қазақ жерінен шығарылды. Осылайша, Қазақстан адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет ретінде белгілі болды.

1992 жылы мамырда Семей полигонының базасында Курчатов қаласында ұлттық ядролық орталық құрылды. Орталық мамандары бейбіт атомды дамытуды, ал ядролық қаруды таратпауды насихаттап келеді.

bnews.kz

 

 

 

 

Алдыңғы ақпаратАдам тәрбиесінің жаңа ілімі
Келесі ақпаратБаспана һәм тәнсауда

ПІКІР ЖАЗУ