Бойжетпеген қалыңдық

0
524

–Өмір-өзенде осылайша өксіп өтермін деп әсте ойламаппын.

Балалығым бал татыды деп тағы айта алмаймын. Аузымның уызы кеппей тұрған кезімде көрші ауылдың менен сегіз жас үлкен зіңгіттей жігіті алып қашып кетті. Біздің жақта «босағаны аттадың ба, өлігің сол үйден шығатын болсын!» деген қатып қалған қағида бар. Қаласам да, қаламасам да сол үйдің есігінен кері аттамай, отымен кіріп, күлімен шығуды құдай пешенеме жазған екен. Амалым нешік?! Қалдым, көндім, көп нәрсені көрдім, көкейіме түйдім.

Небәрі 13 жастағы мен осылайша бір үйдің отанасы болып шыға келдім. Өзім бала бола тұрып жүкті болдым. Бірақ,  жүктілік елдердікіндей жүктілік сияқты емес, күптілік болды. Ауырмаған, сыздамаған жерім жоқ. Ақыры бала өлі туылды. Бұл Жаратқанның мені бірінші және соңғы рет сынауы емес екен. Одан кейін де бірнеше рет аяғым ауырлады. Бірақ, дүниеге дені сау ұрпақ әкелу мен бейбақтың маңдайына жазылмаған іспетті. Аңсағанның әңгімесін тыңдап отырып, айдан-күннен жаңылып, айдалаға безіп кеткім келді.

– Ерте өскен гүлден қорқамын

Аязға ұрынады-ау деп,

Мезгілсіз жұлынады-ау деп, – деп басталатын Ақұштап Бақтыгерееваның өлең жолдары еріксіз тілімнің ұшына орала берді. Бірақ та Аңсағанды еріксіз түрде алып қашып кетті ғой. Ал айдың-күннің аманында ойнап жүріп, от басатын қаракөздеріміз ше? Ерте жыныстық қатынасқа түсіп, соңыра тілін тістеп, жасанды түсік жасататын жасөспірімдер ше? Қазақта некесіз туған баланы «арамзада» дейді. Құдай бетін аулақ қылсын, «арамзадалар» арамызда көбеймесе, азаятын түрі байқалмайды. Мұндай толғағы жеткен мәселелердің мән-жайын әр қырынан қарастыруға болады.

№3 қалалық емхананың «Отбасын жоспарлау» кабинетінің дәрігері, акушер-гинеколог Мәдина Жұманова жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің зияны көп, пайдасы жоқ екенін алға тартады. «Қазір жас жеткіншектер 13 жастан ашық жыныстық қатынасқа түседі. «Мына дәрі маған көмектеспей жатыр. Жыныстық қатынасқа тәбетім тартпай қалды. Басқасын айтыңызшы, сатып алайын», – деп келетін жасөспірімдер бар.  Оны айтасыз, қазір қыз балалардың етеккірі де бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ерте, 9-10 жаста келуде. Әрине, мұның барлығының соңы жақсылыққа апармайды. Ерте жыныстық қатынасқа түсе бастаған қыздар көбіне-көп сақтанбайды. Жыныс арқылы таралатын аурулармен жиі ауырады. Ерте аяқ ауырлау олардың денсаулығы үшін өте  зиян. Өйткені, 18 жасқа дейін жыныстық мүше толық дамымайды. Сөйтеді де, гармондық ауытқушылыққа тап болады. Жатыр мойнының обыры, жатыр миомасы, жатырдан тыс жүктілік, т.б. көз көргісіз сырқаттар осындай кезде өршиді. Жүкті болған күннің өзінде баланың түсіп қалу қаупі жиі кездеседі. Мұндай жас қыздардың көпшілігі жоспарсыз жүктіліктен қалай дұрыс сақтануды білмейді. Қытайдан контрабандамен әкелінетін дәрі-дәрмекті қара базардан сатып алады да, кейіннен қан кетіп, ауырады. Мәселенки, маған жуырда ғана 23 жасар Әдина есімді бір қыз келді. Жасанды түсік жасату үшін. Үшіншісі. 13 жасынан бері жыныстық қарым-қатынаста өмір сүріп келген. Көп ойланған жоқ. Екі айлық қызыл шақа шарананы алдыртып тастады. Себебін сұрасаң, серігінің сенімсіз екенін айтады. Міне, дұрыс сақтанбаудың соңы осындай бір адамның өмірін қиюмен аяқталды. Жас қыздарға айтарым, қазір қаланың барлық емханаларында «Отбасын жоспарлау» кабинеттері арнайы жұмыс істейді. Дәрі-дәрмек жеткіншектерден бастап ересек әйелдерге дейін тегін таратылады. Егер тұрғылықты мекенжайы тіркелген жердің емханасына барса, дәрі-дәрмекті бір ауыз сөзге келместен тегін алады. Тегін ақыл-кеңес аламыз десе де, бізде арнайы аудио-бейнероликтер дайын тұр. Оған ешқандай шектеу қойылмайды. Тіпті, болмай бара жатқан жағдайда «Қызыл крестке» қоңырау шалып, тегін ақпарат ала алады. Қалада жасөспірімдер арасындағы жүктілікті азайту үшін барлық шаралар жасалуда. Мысалы, гинекологтар мектеп, колледждерге барып дәріс оқиды. Барынша жеткіншектердің сауатын ашуға тырысады.

Негізі «Отбасын жоспарлау» кабинетінде түсік тегін жасатылады. 18 жасқа дейінгі қыздарға анасының қатысуымен ғана. Мұны айтып отырғандағы мақсатым, жас қыздарды түсік жасатуға шақыру емес, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік» дегім келеді. Қалада қазір бұрынғыдай емес. Қылмыстық түсік кездеспейді.

Әр баланың арасы кемі 2 жыл болуы тиіс. Ал көп келіншектер жылма-жыл сақтанбай, бірінің артынан екіншісін көтереді.

Алматы қаласы бойынша, ерте жыныстық қатынасқа түсіп, бізге келетіндердің ішінде заңды түрде некелескендері өте аз. Бұл да ұзақ әңгіме», – дейді Мәдина Жаппарқызы.

Ал Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығының акушер-гинекологы Аида Өтемұратованың айтуынша, соңғы бесжылдықтың қорытындысы бойынша, Алматы қаласында жасөспірімдер арасындағы жүктілік көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді.

– Қазіргі жасөспірімдердің бала босануға денсаулығы да жарамсыз. Жүктілікті көтеруі өте қиын. Сол үшін жасанды түсікке барады. Осы жасанды түсікті азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Біз отбасын жоспарлаумен айналысамыз. Елімізде әйел жүктілігін жоспарласын деп барлық жағдай қарастырылған. Бұл – тек гинекологтың ғана емес, жалпы қоғамның мәселесі. Бұлай дейтінім, көп жеткіншек гинекологқа баруға ыңғайсызданады, ұялады. Әсіресе, қазақ қыздары. Сондықтан, ең болмағанда педиатр, терапевтерге барғанда қымсынбай айтса, тексеруші дәрігер гинекологқа тегін жөнеме жібереді. Яғни, қоғам болып жұмылып, жас қыздарымызға тығырықтан шығар жол көрсетуіміз қажет. Бір жағынан, қыздарды да кінәлай беруге болмас. Замана ағысы ма екен, әлде табиғаттың түлеуі дейміз бе, бүгінде жасөспірім қыздар ерте жетілуде. Қай қырынан болсын. Іштегі гармондар пісіп, жетіліп тұрса, қайтсін?! Экологияның кереғар көрінісінің бірі, – деп Аида Мақсетқызы жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің экологиялық қарама-қайшылығын көрсетті.

18 бен 25

 Нәзира Садықова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университетінің аға оқытушысы, психология ғылымдарының кандидаты:

– Қазіргі кезде қоғамда толық және толық емес отбасы деген ұғымдар пайда болған. Қай-қайсысында да отбасылық қарым-қатынас дұрыс болмаса, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кететін жағдайлар жиі кездеседі. Үйінде отағасы жоқ болған соң шешесі басқа біреуді ертіп келуі мүмкін. Мұндайды көріп өскен бала ерте пісіп, жетіледі. Ата-ана өзінің жауапкершілігін дұрыс меңгере алмаса, сол қорлық. Әкенің жылуы, ананың ыстық алақанын толықтай көрмеген қыз көше өміріне бейімделіп, ойына келгенін істейді. Отбасында иненің жасуындай болса да, жылулық сезінбеген қыз ертерек тұрмысқа шықсам, мына қарғыс атқан үйден құтылсам деп, кері әрекетке барып, от басып, алданып қалып жатады. Қоғам болғаннан кейін толық отбасы, толық емес отбасы дегендерді қолмен жасай алмаймыз. Нарықтық заман, отбасындағы әлеуметтік жетіспеушілік, әйелдердің ішкілікке салынуы қыз балаға кері әсер етуі түсінікті.

Ал енді төрт құбыласы түгел, әке-шешесі шылқыған бай, не ішем, не жеймін деместен күн кешетін отбасының қыздары да мұндайға жол беріп жатады. Адам қарны тоқ болғаннан кейін әр нәрсеге құмартып  тұрады. Алайда, мұндай отбасында да жетіспеушіліктер мен кемшіліктер болуы мүмкін. «Бір ауыз жылы сөздің жеткізу қиын бағасын». Дұрыс көңіл бөлінбегендіктен, бала басқа жақтан қызық іздейді.

Сосын қазір біреудің қызы ит басына іркіті төгілген, бақуатты жерге келін болып түссе: «Ой, бай жерге барыпты, құдалары ат басындай алтын әкеліпті», – деп үйдегі енді өсіп, бой түзеп келе жатқан қыздарымыздың құлағын көтереміз.  Ал ол істің түбіне бойламаймыз. Қаншалықты жауапкершілікті сезіну керек екенін ұғына бермейміз. Көп қыздарымыз осындай қазақшылық үшін өз тағдырларын құрбан етіп жатады. «Күйеуге шықсам, барлығын күйеуім шешіп береді» деп ойлайды. Ал шынтуайтында, жас қыз тек психологиялық жағынан емес, физиологиялық жағынан дұрыс жетілмеген. Оның ағзасы да дайын емес. Ал күйбең тіршіліктің күйгелеңі таусылған ба?! Жас қыз ең бірінші соққыны келін болып түскеннен біраз күннен кейін алады. Қанша жақсы ене болса да, жас келіннің басынан сипамайды. «Тірлігіңді істе!» – дейді. Қазан-ошақтың басынан басталған аз-кем әңгіме үлкен отбасылық мәселеге тез-ақ айналып шыға келеді. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген қызға бұл өте ауыр соққы. Ал мұның барлығын жеңу үшін кішкентай жасөсіпірім қыздың қауқары жетпейді.

Кез келген отбасында 5 жылға дейін дағдарыс болады. «Ыдыс-аяқ сылдырламайтын отбасы» болмайды. Ерте некеге түскен қыздардың  ішінде көпшілігі бақытты болып кетеді дегенге сене алмаймын. Психолог ғалымдардың дәлелдеуінше, психологиялық тұрғыдан тұрмысқа шығуға пісіп-жетілген жас – 21. Кейбірі 19-20 жас деп есептейді. Ал біразы: «Оның өзі кеш болып барады. Ерте шыға бергені дұрыс» дейді.

Бұдан шығудың жолдарын қарастырсақ. Бірінші, отбасындағы тәрбие. Кез келген баланың өміріне жауапты – ата-ана, мектеп, айнала қоршаған ортасы. Қазақтар қыздардан көп нәрсені жасырып өсіреміз. Оны алдағы өмірінде болатын табиғи өзгерістерімен, ерекшеліктерімен егжей-тегжейлі таныстырып, түсіндірудің орнына «бет моншағымыз үзіліп қалады». Әке мұндайды жеткізе алмайды. Сондықтан көбіне ана жауапты.Ерте некеге түсіп, соңыра үлкен қиындықтарға тап болған қыздардың ішкі «мені» мықты болуы керек. Өзінің алдына мақсат қойып, талпына білсе, бұдан шығуға болады.

Мөлдір Кенжебай

«Жас қазақ» газеті 2012 жыл

Алдыңғы ақпаратКондуктордың бір күні
Келесі ақпарат«Қымбат-ау қыздың ар-мұңы…»

ПІКІР ЖАЗУ