«Қымбат-ау қыздың ар-мұңы…»

0
2606

 

 Сессияны аяқтап, демалысқа шықтық. Ақылы бөлімде оқитындықтан, демалыста жұмыс істегім келді. Жұмыс іздеп Алматының кафе-мейрамханаларын араладым. Табаным тозып бармаған жерім қалмады. Сонда байқағаным, қаладағы керемет мейрамханалардың қожайындары әзірбайжан, түрік, кәріс пен ұйғыр ұлтының өкілдері екен. Ал қазақтар бірен-саран ғана. Әзер дегенде жұмыс та табылды-ау. Райымбек батыр көшесінің бойындағы «Алтын айдаһар» атты қытай мейрамханасына даяшы болып қабылдандым.

Көзбояусыз көрініс

Жұмысқа толық орналасуым үшін 3 күн тәжірибеден өтуге тура келді. Ертесі күні кешкі сағат 5-те жаңа жұмысыма бардым. Мейрамхананың даяшысы маған барлық ережені түсіндірді. Қонақтар алдында қалай жүріп-тұруды үйретті. Сағат кешкі 10-нан асқанда мейрамханаға небір сұлулар мен сылқымдар ағыла бастады. Барлығы әлем-жәлем болып боянып алған. Кигендері – қып-қысқа көйлек. Бойжеткендер саны алпыстан асып кетті. Бастапқыда мен оларды қонақтар екен деп қалғам. Бірақ ешқайсысы тапсырыс берген жоқ. Сусын ішіп, темекі тартып қана отырды.

Сағат түнгі 11-ден асқанда мейрамханаға орта жастағы бес-алты ер адам кірді. Олар арнайы бөлмеге жайғасты. Администратор Диля қыздарды солар отырған бөлмеге кіргізді. Қолыма мәзірді алып, сырттай соларды бақыладым. Қыздар құдды базардағы көйлектей қаз-қатар тізіліп тұр. Қонақтарымыз оларға сүзе қарап, өзара күбірлесе бастады. Аз уақыттан соң өздеріне бір-бір қыздан таңдап алды да, тапсырыс берді. Түкке түсінбеген мен аузым ашыла аңтарылып қалыппын. Ал қалған қыздар көк түтінге көмілген күймелеріне қайта кіріп кетті.

Қонақтар берген тапсырыстың дені ішімдік пен темекі болды. Ал қыздар олармен бірге арақты суша сіміріп отырды. Сағат 12-ге таяғанда тағы да қонақтар келді. Оларға да қыздарды кіргізіп, тағы да тұрғыза бастады. Шырттай киініп алған әлгілер таңдап алған қыздарын құшақтап отырып, тамаққа тапсырыс берді. Қыздардың да қымсынатын түрі жоқ. Мойындарына жыланша иіріліп асылып алған. «Мне пиво», «Мне водку», «Я виски пить буду» деп тапсырысты үйіп-төкті.

Сағат 12-ден асқанда қонақтар қаптай бастады. Көпшілігі – өзге ұлт өкілдері. Жастары – 40-50 шамасында. Олар келген сайын қыздар да, даяшылар да мәз болды. Мән-жайды жақынырақ білгім келіп жанымдағы даяшы қызды сөзге тарттым. «Қонақтар әр қызға 7 мыңнан төлейді. Ал егер қыздар солардың үйлеріне барса, бір түнге 20 мың алады», – деп даяшы қыз маған шынын айтты.

Жайқалған гүл еді…

Әлгі қыздармен танысып, әңгімелескім келді. Алдымен қонақтарға жақын барып, тапсырысын жеткіздім. Содан кейін оларға білдірмей, қыздар отырған бөлмеге кіріп кеттім. Ондағы ойым – қыздардан мұндай жағдайға қалай тап болғанын білу. Тырнағын бояп отырған қызды ептеп әңгімеге тарттым. Басында аса ұнатпағанмен, біраз уақыттан кейін әңгіме желісін ағытты.

– Есімім – Жазира. Бірақ мұндағылар мені Женя деп атайды. Қызылорда жақтың қызымын. Жасым – 20-да. Мұнда жүргеніме екі жылға жуықтады. Бұған жетіскеннен келді дейсің бе? Ата-анам – ауылда. Тұрмысы төмен. Өзім шаңырақтың тұңғышымын. Менен кейін 1 інім, 2 сіңлім бар.

– Басқа жұмыс іздемедің бе, бұл жерге неге келіп жүрсің?

– Тесттен жинаған балым оқуға түсуге жетпей қалды. Сосын жұмыс істеуіме тура келді. Алғашқы кезде бір дүкенде еден жуушы болып істедім. Күніне 800 теңге төлейді, онысы түкке жетпейді. Оның үстіне туысымның үйінде тұрдым. Олар бірде жақтырады, бірде жақтырмайды. Кейін өзіме пәтер іздеуге тура келді. Қаладағы бір мейрамханада өзің сияқты даяшы болып істедім. Содан кейін бір дәулетті кісінің үйіне үй қызметкері болып жұмысқа тұрдым. Тамақ, жататын жер – тегін. Айына 25 мың теңге ақша алып жүрдім. Бірақ, бәленің бәрі осы үйден басталды.

– Қалай сонда?

– Қожайынның достары қонаққа келді. Үйде тек мен ғана едім. Қожайынның әйелі Түркияға кеткен. Сол күні әбден мас болып алған біреуі маған тиісе бастады. Ағатайлап жылағаныма қарамастан, мені қонақ бөлмеге сүйреді. «Ақшаңды берем, саған керегі де сол емес пе? Неменеңе қылымси қалдың?» – деп күшпен төсекке тартты. Ал араққа сылқыя тойған қожайыным қарқ-қарқ күліп қарап тұрды. Сол түн мен үшін қарғыс атқан түн болды.

– Содан кейін не болды?

– Ой, құрсын, содан кейін бір әзірбайжанның кафесіне ыдыс жуушы болып жұмысқа кірдім. Таңның атысынан кештің батысына дейін тік тұрып ыдыс жудым. Сол жерде жұмыс істейтін Фатима деген өзбек қыз: «Сен сұлусың ғой, бұл жерде қор болма. Саған лайық бір жұмыс бар, сен сонда бар», – деп мекен-жайын жазып берді.

– Демек, өзбек қыз ұсынған жұмысың осы болды ғой?

– Иә, осы жұмыс. Мұнда мені администратор қыз Диля қабылдады. «Әдемі көйлек киіп, боянып кел», – деп, жұмысты түсіндірді. Алғаш болып кәрістермен бірге отырдым. Өмірі ішімдік ішпеген мен ес-түсімді білмей әзер шықтым. Маған жаны ашыған кәріс қолыма 20 мың теңге ұстатып үйге жеткізіп салды. Бір күнде осынша ақша алған соң бұл жұмысқа күнде шығатын болдым. Боянып, әп-әдемі болып келсең, қонақтармен бірге отырып, көңіл көтерсең болды. Бірге түн өткізуің міндет емес. Отырғандар 7 мың, ал шығатын қыздар 20 мың алады.

Әңгіме барысында Жазира қазақ жігіттерінен әбден көңілін қалғанын байқатып қойды. Себебі сөз арасында ол: «Біз қазақ жігіттерінің сорлылығынан осындай күйге түстік», – деп қалды. Алпыс-жетпісті алқымдаған шалдардың немересіндей қызға қылжақтағанына қамықты. Қарындасты қорғаудан қалған «ағалардың» тірлігіне ашынды. Антында тұра алмай, сүйгенін бір сәтте-ақ тастап кеткен желөкпе жігіттерге реніш білдірді. Жазирамен сөйлесе отырып, мұндағы қыздардың тағдырымен аз-кем таныс болдым. Көпшілігі күйеуінен ажырасып, балаларын бағып, ата-анасына қарайласып жүрген қыздар екен.

Бірінің есімі – Карла. Шын аты – Құралай. Шымкенттен. Жасы 17-де. Жігіті алдап, аяғы ауыр болғанда тастап, басқа қызға үйленіп кеткен. Әкесі жоқ. Шешесі – ауру. Былтырдан бері осында жұмыс істеп жүр. Ал мына қыздың жасы – 18-де. Бір қызы бар. Өзі – Тараздан. Оны да жігіті алдап кеткен. Ал тағы біреуінің есімі – Асия. Шын аты – Толғанай. Бөлменің бір бұрышында күбірлесіп үш қыз отыр. Үшеуі де күйеулерінен ажырасып кетіпті. Екеуінің – екі, біреуінің – бір ұлы бар көрінеді. Жұмыс таба алмаған соң осында келіпті. Тағы бір байқағанымыз, мұндағы қыздардың бәрінің де лақап есімі бар. Сандуғаш – Сюззи, Айдана – Айса, Ләйлә – Лана, Еңлік – Эрика т.б болып кете береді. Барлығы да – жан бағу үшін жүрген қыздар.

Құралайды да сөзге тартып, «мейрамханаға қандай адамдар келеді» деп сұрадық. «Көбіне қытайлар мен ағылшындар келеді. Небір мықты бастықтар мен байлар келіп отырады. Қазақтар аз келеді. Келген күнде де ақшаларын төлемей, ауыздарына келгенді айтады. Ал басқа ұлт өкілдері ақшаңды артығымен тастап кетеді. Кейбір қыздар солармен АҚШ-қа, Кореяға барып келді. Осында жұмыс істеп жүріп, небір байлармен бірге тұрып жатқан қыздар бар. Бастарында – зәулім үй. Астарында – инфинити», – деді. Сөйтіп тұрғанда қыздарды тағы да қонақтарға алып кетті. Сағат түнгі 2 шамасында қонақ бөлмеден аяғын әзер басып, әбден мас болған екі қыз шықты. Тәлтіректегеніне қарамастан ақшаларын санап отыр. Біреуі жылап, қалғандары оған басу айтып жатыр. Бөлмеде ауа жоқ. Көк түтін, даңғаза музыка… Жылаған, күлген қыздар… Тәлтіректеп бірін-бірі сүйреп жүр…

Мұндай көрініске шыдай алмай жүгіріп далаға шықтым. Басым айналып, көзім жасқа толып кеткен. Ол ортадан тезірек құтылуды ойладым. Таксиге отыра сала, үйге жеткенше жыладым. Бұрын жеңіл жүрісті қыздарға жиіркенішпен қарайтынмын. «Қазақтың қызы» деген атын кірлеуге ұялмайды ма екен деп намыстанатынмын. Енді қазір не ойларымды да білмей отырмын. Кім көрінгеннің қуыршағына айналған қаракөздеріміздің тағдырына шын жаным ашыды. Қор болған қуыршақ қыздар-ай!..

 

Айжан ҚАЛИЕВА

«Жас қазақ» газеті 2012 жыл

Алдыңғы ақпаратБойжетпеген қалыңдық
Келесі ақпаратКүй аңызы

ПІКІР ЖАЗУ