Күй аңызы

0
380

 

Екі салт атты адырдың басына желе-жортып шықты да, аттарының басын іркіп, алақан астынан алысты шолды. Төмен қарай көлбеп бара жатқан кең жазықтың шетінде мұнартып оқшау тұрған жалаңаш тау көрінді.

– Анау Ипан тауы ғой, – деді жас жігіт қамшысымен нұсқап.

Жас жігіттің дауысы аңсағанын көргендей қуанышты шықты. Оның астында жалын өрген қылаң бесті, үстінде өңіріне зер ұстаған кең мақпал қамзол, талдырмаш белін қызыл үдері белбеумен қынай буған, басында төбесін көк мақпалмен тыстаған құндыз бөрік. Тек ер-тұрманы ғана жұпынылау. Бір кезде көк сауырлап жез шегені тізілте қаққан ері басқа біреудің астынан ауысқан сияқты, әбден тозып, бояуы оңып, жарғақтанып кеткен. Ердің артындағы ұзын қызыл қоржыннан шекпен қап кигізген домбыраның мойны шығып тұр. Оның қасындағы күрең атты – жасы елуді алқындырған, әдемі дөңгелек қара сақалды, биік дөңес мұрынды, кішілеу өткір қоңыр көзі биік қабағының астында терең ұялаған, қағылез кісі. Бұл осы өңірге аты кең жайылған Естемес күйші еді. Ол маңдайына тосқан қолын түсіре берді де, етсіз салалы саусағымен қамшысының ұшын қағып алды.

– Бұл маңдағы ауыл көшіп кеткен-ау, – деді Естемес ойланғандай болып.

– Неге? Ауыл ылдида – Ипанның етегіндегі қайнарда болар, – деді жас жігіт.

Қыбыр еткен бір қара көрінбейді. Бұл ауылдың малы әрі Ипан аспай, бергі осы бозда жайылатын еді ғой. Жаңа ғана Ипанды көргенде балапандай талпынып, сергіген жас жігіт енді басылып қалды.

– Иә, мал көрінбейді, – деді ол. Естемес жас жігітке өңі жылып, есіркей қарады.

– Шаршадың білем, ә? Оқасы жоқ, ел болмаса да, қайнарда ат шалдырып, тыңайып алармыз. – Ол сәл күрсінгендей болды…  – Күйшінің өмірі осы. Қамшыны тастай беріп, домбыра ұстайсың. Домбырадан босап кетсе, қолың тағы да тізгінде болады, солай, Оразымбет шырағым. Ал аттың терін басайық. Енді екеуі асықпай, аяңмен келеді. Естемес қайтадан сөз бастады:

– Қарағым Оразымбет, маған ергеніңе жыл болып кал­ды. Құлағың сақ, қолың жүйрік жігітсің. Түбі, жақсы күйші сен боларсың. Бірақ күйімді үлгі етсең де, менің өмірімді үлгі етпе. Жас елуге келді. Менің өмірім тұрлаусыз болып барады. Қанша ел көрсем де, жер көрсем де, қайтып оралар бір қазығым жоқ. Жар сүймей, бала сүймей кетіп барам. Енді бір айналғанша, қарттық келеді. Нағыз от басының жылуын аңсайтын кез сонда болар.

Естемес ауыр күрсініп қойды. Оразымбет ұстазын аяп кетті. Қабағы кірбеңсіз, көңілі ашық көрінген ұстазын іштей кемірген зор уайым бар екен.

–Сізге қарттық қайда, Еске! Әлі де біреуді айттыруға болады ғой. Алпыстағы Түлкібай да былтыр қыз алған жоқ па? – деді ол ұстазының көңілін аулап.

Естемес ащы мырс етті:

–Аңғыртсың-ау әлі. Немді көріп құда түсем?! Күйге қыз берген қазақты әлі көргенім жоқ.

Осы әңгімеден екеуінің де көңілі жүдеп, үнсіз келе жатты. Кенет суалып қалған жырада жалғыз нар көрінді. Жолаушылар үйреншікті мал емес, жапанда жалғыз қалған адам көргендей әлденеден тітіркеніп, аттарының басын тежеп, іркіліп қалды.

Нардың түрі жүдеу, бүйірі солып, өркеші қамшылар жағына қисая бастаған. Тамыры қураған ағаштай семіп, кішірейіп бара жатқан ірі тұлғасы, күйіс қайырмай, қыбыр етпей тұрған мүсәпір бейнесі, әсіресе телміре қараған жасқа толы үлкен мөлдір көзі екі күйшіге қатты әсер етті. Ора­зымбет үрпиіп қадалып қалған Естемеске бұрылды:

–Еске, дұға оқып жіберіңізші. Елсіз далада мал кейпінде жын-шайтан жүреді деуші еді.

Өз сөзінің соңын көміп нар боздап қоя бергенде, Ора­зымбет «астағыпыралла» деп күбірлеп, кеудесін ұстады. Ішінен дұға оқып тұр ма, әлде айуанмен үнсіз тілдесіп тұр ма – Естемес бұған бұрылған жоқ. Нар аяғы жерге кіріп кеткендей ырғала ауыр қозғалып бұрылды да, теңселе аяңдап кете берді. Төбе құйқаны шымырлатып, зарлап боздап барады.

–Ботасы өлген боз інген, – деп күбірледі Естемес атын тебініп қозғала беріп. Ойынан енді ғана сергіп, Ора­зымбетке бұрылды. – Көрмейсің бе, ботасы өлген ғой аруананың. Зары қандай ащы еді. Түйе деген жануар баласын адамнан артық жоқтайды.

– Мен қорқып қалдым, – деп Оразымбет шынын айтты. – Киелі шығар жануар.

Естемес тағы да үндемей қалды; көзі өткір жылтырап, өңі қуқыл тартып, алысқа қарайды. Желе жортып кеткісі келген Оразымбет те оның өңіндегі құбылысты танып, атының тізгінін тартты.

Естемес аз уақыт үн шығармай іштей ыңылдап, толқып келе жатты. Кенет атының шылбырын Оразымбетке тастай беріп, қолын кейін созып, қызыл қоржындағы домбырасын суырып алды.

Естемес домбыраның құлағын бұрап күйге келтіріп алып, машықты әуенмен қағып-қағып жіберді. Епті ұзын саусақтар пернені жоғарыдан төмен бірнеше қайтара жүгіріп өтті. Бірақ мұның бәрі жаттанды сарын еді. Аздан кейін күйші қолы күрмеліп қалғандай бір пернені басып, жалғыз ішекті шерте берді. Белгісіз тың әуен дүниесінің табалдырығынан аттап өте алмай, қиналған түрі бар. Ора­зымбет те демін ішіне тартып, ұстазының дидарына ынтыға қарап қалған; жаңа бір күй сарайының есігін ашқанша асыққан сабырсыздық бар өңінде. Ат жалына еңкейіңкіреп барып Естемес ырғалып, кеудесін көтере беріп, тың күйді бастап кетті. Майда ырғақты, жұмсақ әуен бояуы оңып кеткен шүберектей күзгі қуқыл даланың үстінде қалықтай берді. Сәл бәсеңдеп барып домбыраның кеудесінен екі-үш ырғалып, әрең суырылып көтерілді де, ар жағы мұңды сазға, майда ырғаққа ауысты. Көңілі жүдеу бишараны жұмсақ алақанымен маңдайдан сипап, алыстағы бір болмашы үмітті нұсқағандай елес береді. Күй шым-шымдап ішке кіріп, көңілді босатып, қабақ астында қатып қалған жасты жібітіп, енді бір кез майда рахат самалымен желпіп сергіткендей болады.

Оразымбет тарамыс денелі, қатқыл өңді, егде кісіден дәл осындай жүрек қылын шертетін нәзік күй шығады деп ойламап еді. Ол ұстазының бетіне қарап, оны жаңа көрген­дей болды. Терең әжімді, ашаң жүзіне жастық балғын нұр жүгіріп, кішілеу өткір көзі дымқыл тартып, Естемес балқып тұр екен. Салалы ұзын саусағы буынсыз болып кет­кендей, жібектей майысып, жыпылдап барады. Жаңағы бір  сезімтал майда әуенді қайталап келіп, енді көтеріле бергенде, өрге шыға алмағандай тайғанақтап, күй сазы қайта шегінді. Тағы да бір-екі рет талпынып барып, булығып қалды. Естемес ыза болғандай домбыраны қатты бір қақты да, бұрылып артындағы қоржынға салып қойды. Күйге еліккен Оразымбет ұстазының қолынан ұстай алып:

– Еске, ар жағын!.. – деді дауыстап. Естемес иіліп атының тізгінін қолына алды.

– Ай, шырағым-ай, мені қинайтыны да сол ар жағы ғой. Бұл өзі көптен көңілді тербеп жүрген бір күй еді. Дәл осы арадан аса алмай-ақ қойдым. Қашан кемеліне келтіргенше күйді көп алдына салмаған жөн. Халықтың құлағын қажаған күйші күйден садаға кетсін. Қашаннан әдетім: күйімді әбден нақыштап алғанша, жанға есіттірмеуші едім. Ең аяғы, қасымдағы жолдасым сенен де бүгіп, осы күйді оңаша толғап жүрдім. Жаңағы бір оқиғаның қозғап жібергені ғой. Ар жағын алып кетем бе деп едім… Әлі де бір түрткі жетпей жатыр-ау. – Естемес көңіл толқуын баса алмай аз бөгеліп, қайтадан сөйлеп кетті. – Күй деген де ойдан туады. Қолың қанша жыпылдағанмен, көңілің қуыс болса, күй шықпайды. Жаңағы жарты күй осы жасқа келгенше ойланып-толғанып, түйгенім сияқты көрінеді өзіме. Қам көңілді жұбатсам деген бір арман еді. – Естемес ауыр бір күрсініп, ойынан қалт сергіді. – Нарымыз ұзап кетті ғой. Кәне, сол ойсылқараның соңынан ерелік, бір қараға жеткізер, – күйші атын тебінді.

Нар соңынан «әудем» жер еріп отырған екі атты Ипан тауынан бергі ылдидағы қайнарда жұпыны ғана жалғыз қараша үйді көрді. Нар үйге жеткенде басына үкілі тақия киген, талдырмаш денелі қыз шығып, бұйдасын шешіп, есік алдындағы қазыққа байлады. Екі атты да cay етіп келіп, «қарбалас-ау» деп аттан түсті. Қыз бала қаймықпай жолаушылардың қасына келіп, ізетпен үйге шақырып, Естеместің тізгінін алып, белдеуге өзі байлады.

–Әкемнің ұлы жоқ, айып етпеңіздер, – деді дауысы сыңғырлап.

«Дауысының әсемін-ай, құлақты қытықтап барады. Әрі еркін, әрі ибалы, мінезі де оңды екен», – деді Естеміс ішінен.

Түндігі бүркеулі қара көлеңке үйдің ішінде жалғыз шалдан басқа адам жоқ екен. Ол орнынан түрып қонақтардың сәлемін алып, екі күйшіні төрге отырғызды.

– Жаңыл-ай, қалқам, түндік ашшы, – деп дауыстады.

– Ал жол болсын, шырақтарым?

– Әлей болсын! Біз ел аралап жүрген күйші боламыз. Менің есімім – Естемес. Мына жігіт – Оразымбет күйші.

– Өзім де шырамытып отыр едім. Ана жылы ел осы қайнарда отырғанда екі күн күй тартып, құлақ құрышын бір қандырып кетіп ең-ау.

Осы кезде үйге Жаңыл кіріп, төменгі жаққа келіп отыр-ды. Естемес қабақ астынан қыздың тұлғасын шолып өтті. Жасы он алты-он жетілер шамасында болар. Қою қара қасты, мөлдіреген қара көзді, дөңгелек жүзді, қара торының сұлуы екен. Үстіндегі жалаң көк көйлегі тозған. Шынтағындағы білдіртпей салған жамауын да күйші көзі шалып қалды. «Әттең, үлде мен бүлдеге ораса, жанып-ақ кетер едің-ау», – деп қойды Естемес ішінен. Шал арғы ел, бергі елдің хабарын сұрастырып отырғанда да, күйші пейілі түсіп, сөз арасында қызға қарай берді. Тіпті бұл үйдің жолаушыларға сусын ұсынып, қазан астына от жағуды ұмытып кеткені де есіне келмеді.

Шал аз уақыт тұйықталып, төмен қарап отырды да, бір кезде басын көтеріп алып:

– Естемес шырағым, –  деді. – Өлімнен үят күшті. Сен келгенде бір тостаған сусын тауып бере алмай, жерге қарап отырмыз.

–Жоқ, ақсақал, сіз қиналмаңыз.

– Неге қиналмаймын, қарағым. Биылғы жұт елді титықтатып кетті ғой. Арқалайтын да, асырайтын да жалғыз нарымыз анау жатқан. Ауыл көшерде бошалап кетіп, ботасыз қайтты. Суалып қалды. Қаңсытып, таңдайды кептіріп отыр, – деп шал ауыр күрсінді. Содан кейін қызына бұрылды. – Жаңыл қалқам, қайнардан су әкеліп бер. Қонақтар шөлдеген шығар. Жаңыл иіліп тостағанмен су ұсынғанда, Естемес тағы да ұзағырақ қарады. Қыз көзіне көзі түсіп кеткенде, жүрегі бүлк ете қалды. «Сақалды басыммен сабырдан айырылғаным қалай», – деп кейіді өзіне. Бірақ көңілі құрғыр әлденеге талпынып алып барады. Сонау бір жастық шағы қайтып оралғандай еліге құмартады. Талайдан аңсағанын көргендей көз жазғысы келмейді. «Атастырған адамы болмас, өйтсе шалды жұртқа тастап кетпейді ғой. Және ұзатылатын уақыты да жеткен ғой», – деп ойлады ішінен. Күйші осы күнге дейін аумалы-төкпелі халге түсіп, қыл үстінде тұрғандай қалтырайды. «Кім біледі, жер ортасынан асқанда тәңірінің сарғайтып барып бұйыртқаны осы болар», – деген де ойға тіреліп, қайта ауытқиды. Көңіл аптығын басу үшін Есте­мес домбырасын алып, ақырын шерте берді.

Ойланып қалған шал басын көтеріп алып, тағы да тіл қатты:

– Апырым-ай, осы мал жарықтықтың күйге елігетіні болады деуші еді. Естемес шырағым, өнеріңді салып көрсең қайтеді?! Хақ тағала көз жасымызды көрсе, кім біледі, нарымыз иіп кетер. Салшы өнеріңді, қарағым. Қолымнан келсе, не сұрасаң да берейін.

– Не сұрасам да бересіз бе? – деп Естемес жалт етіп Жаңылға көз тастады.

–Беремін, қарағым.

Жаңыл сытылып үйден шығып кетті.

–Ақсақал, сіз де елде жоқ қолқа салып отырсыз. Мен де елде жоқ қолқа салайын. Осы күнге дейін жар сүймей келе жатыр едім…

Шал Естеместің қолқасын түсініп төмен қарап, ойла­нып қалды.

– Апырым-ай, мынауың шынында да елде жоқ қолқа екен, –  деді ол сәлден кейін. – Ай, бірақ сен де бір азаматсың ғой. Баламды қор қылмассың. Сөзім сөз. Өнерің жетсе, тілегіңді бердім, қарағым.

Осы кезде Жаңыл есіктен қарап:

–Екі күйші өнерлеріңді бірдей салыңдар, – деді.

–Мейлі, болсын. Кәне, Жаңыл қарағым, нарыңды тұрғызып, шелегіңді тоса бер, – деп Естемес домбырасын ұстап орнынан тұрды.

Жаңыл нарды үйге жақынырақ әкеліп байлады. Шал тулақ алып шығып, нардың алдына төседі. Естемес «кепкен шандырыңды жібіте алар ма екем» деп сынағандай нарды шолып өтті. Түйенің ендігі түрі манағы көргенінен бөлек. Балшықтан кұйғандай денесінде қыбыр еткен тірлік белгісі жоқ. Басын манағы келген жағына бұрып, сонау алыс адырға құрғақ, жансыз көзін қадап қатып қалған. «Апырым-ай, мына жануарды жібіту қиын болар», – деп секем алып қалды Естемес. Осы кезде Жаңыл келіп түйенің мойнынан құшақтап, басынан сипады. Нар сонда ғана селт еткендей болды. Естемес көзі тағы да Жаңылға түсті. «Мал баласына осылай пейілің түскені… жас та болсаң, аса мейірбан боларсың», – деп ойлап, күйшінің іші жылып кетті. Жаңыл қарындағы шелегін алып, түйенің желініне тосып, саууға ыңғайланды. Күйшінің жіті көзі қыздың әр қимылын қапысыз бағады. Бай ауылда күң, сауыншы аталатын еңбек әйелінің әр қимылында жарасымды ширақтық, әсем ептілік барына сүйсіне қарайды. Жаңыл бұрылғанда байқады, қыз жүзін ай бетіндегі мұнардай бір мұң шалып тұр екен. Естемес ішінен: «Қасымда тұрсаң да, алыстағы арманым екенсің, күй қанатымен қуып көрейін», – деп Жаңылға телміре қарап сәл тұрды.

Күйші жүгіне беріп, «я сәт!» деп домбыраны қағып-қағып жіберді.

Жасы ұлғайып, қимылы ауырлап кеткен ұстазының жас жігіттей құлшынып шыға келгеніне Оразымбет таңырқай қарады. «Бір жылдан бері мен аңдамаған мінезін осы бүгін көрсетті-ау», – деп ойлады. Әншейінде жайғасып малдасын құрып, тіпті шынтағына жастық қойдырып тартатын күйші, қазір бір тізелеп жүгініп отыра кетіп, сілтей жөнелді. Домбыраны қатты қағып, нарды бір елең еткізіп алды да, күйді бастап кетті. Алғашқы ырғағынан-ақ Ора­зымбет бұл жол үстіндегі өзі тыңдаған күй екенін танып: «Еске-ай, манағы тірелген жеріңде тағы да тайып құламасаң не қылсын», –деп сескеніп қалды. Бірақ Оразымбет бұл күдігін тез ұмытты. Ол енді алғашқы рет тосын күй тыңдағандай көз шарасы үлкейіп, ерні түріліп елтіп қал­ған. Күйшінің мына тартысы бөлек еді. Енді манағы мұңды әуеннің мағынасы артып, аяғы арманға ұласып барады. Жібек сазды ырғақтың арасында домбыра ақырын ғана күрсініп алғандай болады да, қайтадан сергіп, балапандай талпынады. Оразымбет лыпылдаған қанат сусылын естігендей де болды. Діріл қаққан күй тарауы майда қоңыр сазды сарынға ауысты да, ақырындап көтеріле берді. Күйшінің саусағы домбыраның сағасына таман келіп безек қағып, күй аз бұлқынып жоғары өрледі де, суырылып барып, асқақтап жүре берді. Күйшінің қиналған жерден өтіп кеткенін сезіп, Оразымбет: «Аһ, сабазың, шыңыраудан суырып шығарды-ау!» – деп сүйсінді. Алдынан кең өріс, алыс қиян ашылғандай оның да бойы сергіп қалды…

Естемес күйге елігіп, өзге дүниені ұмытып кетті. Талайдан бері арқаны құрыстатып, кеудені кернеп, булықтырып жүрген нәрсе түйіні шешіліп, қыртысы таралып, жанын сергітіп, әсем сазды күй болып дүниеге келе жа-тыр. Сарылып іздегені оңай табылып, шиеленісіп қинағаны тез шешіліп, күйші көңілі де күй қанатына ілесіп алысқа самғады. Сәл иіліп, талдырмаш тұлғасы әсем майысқан қыз бұлдырап алыстап, биіктеп кетеді. Сонау көк-жиектен, сағым арасынан сыңғырлап күліп, еліктіре шақырғандай болады. Күйші көңілі соған талпынады.

Естемес қиялынан сергіп, нарға қарады. Нардың тақырдай қатып қалған қайыс жоны жұмсарып, қан жүгіргендей. Денесіне тіршілік дірілі еніп, бір-екі рет қозғалып теңселгендей де болды. Жаңағы қадалған қырқадан басын бері бұрып, үлкен көзі жасқа толып, жаудырап тұр екен. Күйші осы кезде күй ырғағын баяулатып келіп, ақырын дірілдетіп көтерді де, ботадай боздатып жіберді. Анадан айырылған жас ботаның алғашқы зарлы үні үзіліп-үзіліп шығады. Аруана осы тұста бір ыңырай-ды. Естемес оны да домбыраның ішегіне іліп әкетті. Күйші көзі Жаңылға түсті… Қыз нардың емшегін қысып ұстап қатып қалыпты. «Апыр-ау, бұл неге саумай тұр», – деп ойлады Естемес. Нардың желіні тырсиып барады. Естемес қыздың әдейі саумай тұрғанын байқады. Кенет оған бір суық ой келіп, шошынып қалды. «Екі күйші өнерлеріңді бірдей салыңдар» деген қыз сөзінің астары енді ашылып, есіне қайта түсті. Дір етіп, бір шошынып қалған күй әлгі тапқан жайма шуақ биігінен төмендеп, қайтадан мұңды сазға ауысып күңіреніп барады. Сәлден кейін жалт еткен арманынан айырылып қалғандай күй тағы бір талпынды. Естемес Жаңылға енді бір қарағанда, сығымдап қысқан сүйріктей ақ саусақтың арасынан шым-шымдап сүт тамып барады. Күйшінің де көзінен жас тамып кетті. «Заманым өткен екен ғой!» – деп аһ ұрып, жалт бұрылды да:

– Ар жағын сен тарт! – деп саңқ етіп, домбыраны Оразымбетке тастай берді.

Оразымбет домбыраны қағып алып, жалғастырып тарта жөнелгенде, нардың сүті де шелекке сауылдап құйыла берді.

Біз қайдан білейік, ел «Нар идірген» күйі осылай туыпты деседі.

 

Тахауи  АХТАНОВ

«Жас қазақ» газеті 2012 жыл

Алдыңғы ақпарат«Қымбат-ау қыздың ар-мұңы…»
Келесі ақпарат«Құл базардағы» бір күн

ПІКІР ЖАЗУ