«Құл базардағы» бір күн

0
2363

Американың белгілі қаламгері Марк Твеннің «Том Сойер мен Гекльберри Финн» деген романында ағылшын қоғамындағы қара нәсілді адамдардың басындағы құлдық трагедия суреттеледі. Қара нәсілді құл Джим мен ақ нәсілді жас бала Гектің бірін-бірі қалай жақсы көргені айтылады шығармада. Сондай-ақ Джимнің құлдықта жүргендегі ой-арманы, ақ нәсілділердің тұрмыс-тіршілігіне: ішер ас, киер киіміне қызығушылығы жазушы қаламынан шебер өрілген. Ал ақ нәсілді жас бала Гектің көзімен қара нәсілді адамдарды қорлаған қоғамға деген өкпе-реніш тамаша беріледі. Жалпы Америкада сан тарихтан бері жалғасып келе жатқан құлдық түзім талай жазушының қаламына арқау болды. Мәселен, Проспер Мерименің «Таманго»,  Гарриет Бичердің «Том ағаның күркесі» деген кітабында да қара тәнді құлдарды қорлаған, тіпті жаратылысы үшін оларды жазалаған қатыгез ағылшын қоғамы ашық сыналады. Ал бізде ше?..

Құлдық бөлініс біздің елде де бар. Америкадағыдай нәсіліне, ұлтына қарамағанмен, біздегі «құлдардың» дені – қазақтар. Жасыратыны жоқ, әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі ашық қоғам құлдар мен құл иеленушілердің екі тобын қалыптастырды. Алматы мен Астана сияқты алып мегаполистерде құл ұстайтын отбасылар пайда болды, ал құлдар еңбектерін пұлдап қара жолдың бойында тұрады. Осы күні сол қара жолдың бойы – «құл базар» аталып кеткен. Нақтырақ айтсақ, Алматы-Тәшкент күре жолының бойындағы «Алтын орда» базарының алды – қазақ құлдарының мекені.

Журналистік зерттеуіміздің бір күнін осы құл базардағы құлықсыз өмірге арнадық. Сөйтіп, қолымызға киім-кешегіміз салынған түйіншегімізді алып елмен бірге қара жолдың бойына біз де шықтық.

 «Құл базар»: адам саудасы

Қараша келгенімен қара суық құрақ басын ұра қоймаған шақ: күн жылымық шашып тұр. Біз келгенде «Алтын орданың» күнделікті алашапқын тіршілігі басталып кетіпті. Біреуді біреу біліп болмайтын қарбалас қимыл.

Базарға соқпай, қара жолдың бойындағы жұмыскерлерге бұрылдым. Қарашаның қарасы көп. Арасында атасақалы иегін жапқан қарттар да, кәмелетке толмаған ұл-қыздар да жүр. Бәрі – қазақтың қаракөз азаматтары мен азаматшылары. Топ ер мен әйел болып екіге бөлініп алған. Бәрінің жүзін суық сорған, өңі қатулы. «Құл базардың» бір жағы сол маңдағы шағын көшелерге сұғынып жатса, екінші жағы жолдың бір қапталын түгел алған қара нөпір.

Томашадай түйіншек қолтықтағанымызбен, киген киімімізге қарап біздің «құлдыққа» келмегенімізді жазбай таныған болуы керек, бәрі үдірейе қарады. Онысын қауым шетінде тұрған бір жігіт түсіндіргендей болып: «мұндағылар бірін бірі сырттай таниды. Ал жаңа адам келсе қызғанады. Бірақ сіз жұмыс істейтін адам сияқты емессіз, мүмкін соған таңырқап тұрған болар», – дейді. Сөзінің жаны бар сияқты, бізді ешкім жақын тартпады: екі-екіден, бес-оннан топсып гу-гу әңгімелесіп тұрғандары. «Қойға келген қотыр ешкідей» состиып біз тұрмыз. Бір кезде жуан қара «жип» сырғып келіп тоқтай қалды. Қолын қалтасына салып, тоңған аяқтарымен жер теуіп тұрған халық көлікке қарай лап қойды. Сол сәттегі анталаған жұрттың арынын басу мүмкін еместей көрінді көзімізге.

«Қандай жұмыс? Қанша төлейсіз?», – деп даурыққандардың арасынан жұмыс берушінің даусын есту мүмкін емес. Не көлікке жақындай алмадық, не сөзін ести алмадық, амалсыз шеттен тамашаладық. Келген «жип» көп тұрмады, соқталдай-соқталдай екі жігітті салып алды да жылжи берді. Қандай жұмыс екенін, қанша ақшаға келіскендерін білмек болып жиынның ішіне кіріп сұрай бастап едік, «стройка» деп саңқ етті жігіт ағасы. Одан басқа ақпарат болмады.

Екінші бір көлік келіп, әйелдер жаққа тоқтады. Біз де жақындадық. Олар базардан мал талдағандай іріктеп өрімдей бес қызды салды. «Қожайынмен» тілдесіп жатырмыз. Жаңа үй салған екен, соның ішін жуып-шаймақ көрінеді. «Қаншаға келістіңіз?», – деген сұрағымызға көлік тізгінінде отырған қырма сақалды, қабағы түксиген орта жастағы ер адам «әрқайсысына екі мың» деп қысқа қайырды. Әйелдер жағы: «жақсы кетті» десе, жігіттер: «ақшалы сияқты, басында үш мың деп айтулары керек еді», – деп жатты.

«Сауданы» бұзатындар – студенттер

Ұзынсаны екі жүзге жуық адамның қарасы түске шейін біраз сирегендей болғанымен, қара жолдың бойына қалта көтеріп келушілердің аяғы үзілер емес. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген рас екен, қарашаның ызғарында жарты күн қаңтарылсақ та бір «қожайынның» көзіне түсе қоймадық. Ешкім жаратпаған соң, жиынға шынымызды айтуға тура келді. Тілші екенімізді, «құл базардағы» тіршілікті өз көзімізбен көріп жазуға келгенімізді баяндадық. Бәрі ду етіп: «бәсе, жүздеріңнен, киім киістерің мен сөйлеген сөздеріңнен қара жұмыс істейтін адам емес екендеріңді байқағанбыз. Мүмкін, тесік қалта студент шығар деп ойладық», – дейді.

«Студенттер де келе ме?», – деймін тақырыпқа тұздық табылғанына қуанып. Қасқа тістері темекі түтінінен қарайып кеткен мыжырайған кепкелі ұзын жігіт: «Келгенде қандай, сенбі, жексенбі күндері «саудамызды» бұзатын да – солар. Шаруаның жөнін білмейді, пәтшағарлар. Бес жүз теңгеге кете береді», – деп ренішін жасырмады. Асыра айтқан шығар деп, төңірегімдегілерге қарасам, бәрі құптағандай үнсіз бас изеп тұр.

«Құл базардағы» трайбализм

«Құл базардағылар» біздің журналист екенімізді білген соң жан-жағымызға шығып әңгіме сұрай бастады. «Сонда сіз не үшін келдіңіз? Камераңыз жоқ қандай журналиссіз, әлде камераңыз сыртымыздан түсіріп тұр ма? Не деп жазасыз?», – деген сияқты мәнсіз сұрақтармен шаршата бастады. Барынша түсіндірген болып жатырмын, өйтпеске де амал жоқ. Ісім түсіп тұрғанда бәріне көнуге тура келді.

Қара жолдың бойындағылардың дені Оңтүстік Қазақстан облысынан келген қаракөздер екен. Араларында Өзбекстаннан оралған оралмандар мен қарақалпақтың қыз-жігіттері де жүр. «Байдың асын байқұс қызғаныпты» дегендей, кейбіреулері шеттен келгендерді кеудесінен итеріп «өзімізге жұмыс табылмай жатқанда, бұларға не жосық?», – деп ашықтан-ашық қызғаныш білдіреді. Бір байқағанымыз, олар руға, жүзге, тіпті бәрі оңтүстіктен бола тұра, жер-жерге бөлініп, жұмысқа таласып қырықпышақ болып жатқандары.

Жас пен кәрісі, ері мен әйелі араласқан қауымның ішінен 14 жастағы жасөспірімді, 64 жастағы қартты да кездестірдік. Бойжеткен қыз, бозбала да жүр екі қолға бір жұмыс таппай. Бір отбасындағы екі-үш адам түгелімен шығыпты қара жолдың бойынан нәпақа іздеп. Әсіресе, жанымызға батқаны – жасы алпыстан асқан аналарымыздың «құл базар» аталып кеткен құлықсыз мекенде кім көрінгенге жапақтап, көлік көрсе жүгіріп, жанын жалдап жүргендері. Жасының бейнеті кетіп, зейнетін көрер шағында біреуге жалданып, оның қас-қабағына қарап жұмыс істеу оңай ма. Оның үстіне шіліңгір шілде, қақаған қаңтарда қара жолдың бойында ұзынды күн қақиып тұру кімге де болса ауыр. Азап.

«Құлдықтағы» Ауған батырлары

«Құлдықта» күнелтіп жүргендердің арасынан тараздық Ауған соғысының ардагері Нұрлан Оразәлиев деген азаматты жолықтырдық. Қырықты еңсеріп қалған жігіт сұхбаттасудан қашты, тіпті суретке де түспей қойды. Қасындағылардың айтуына қарағанда, оның «Ауған соғысының ардагері» ретінде алатын тиын-тебені отбасын асырауға, тіршілігіне жетпейтін көрінеді. Сондықтан «құл базарға» келіп қара жұмысқа жегіледі екен. Оразәлиевтен Ауған соғысындағы батырлығы туралы естелік айтып беруін өтініп, отбасы жөнінде де бірнеше сұрақ қойып едік: «Бұл – әскери құпия. Оны кім көрінгенге айтуға болмайды», – деп қысқа қайырды.

Батырдан мардымды жауап ала алмай тұрғанымызда, біреу тағы бір Ауған соғысының ардагері осында келіп жұмыс істеп жүргенін әңгіме қылды. Көпшіліктің ішінен қанша сабылып іздесек те, оны таппадық. Бір кезде сондағылардың бірі оның Ұзынағаш жақта біреудің қыстаулығын тазалауға кеткенін айтып, «ол бір аптадай болмайды» деді. Екінші Ауған батырының кім екенін білетіндерден сұрап едік, ешкім жарытып ешнәрсе айта алмады. Тек сырттай танитын бір кісі оның Қарақалпақстаннан келгенін, Ауған соғысында үш рет тұтқынға түсіп шыққанын әңгіме қылды. Амал қанша, батырдың аты-жөнін ешкім білмейтін болып шықты.

Есектің табысы ерден көп

Қара жолдан кесіп өтіп, біздің тұсымызға келген есек арбаны көрсеткен бір жігіт: «қазір есектің табысы ер-жігіттен көп. Осыларды жазсаңызшы», – деп күлді. «Жақсы тақырып екен» дедім іштей. Сөйтіп, «Алтын ордаға» қарай аңырап бара жатқан көк есектің тізгініне жабыстым. Бет-ауызын таңып алған арбакеш екі қыз шошып кетті. Шаруамның жөнін айтып едім, «хозяйка аузымызға ұрған. Ешнәрсе айта алмаймыз» демесі бар ма. Не керек, қалтамнан 500 теңге шығарып саудаластым. Олар маған есекті жалға беретін адамның үйін, сонымен бірге бір есек арбаны қаншаға жалдайтындарын, күніне қанша ақша табатындарын жайып салды.

«Есектің иесіне күніне мың теңге төлейміз. Бірақ оны екі-ақ сағатта шығарып аламыз. Кіріскөзіміз – бос бөтелке. Жаздыгүні 6 мың теңгеге шейін табыс табуға болады, ал қазір сыра ішетіндер азайған маусым. Сондықтан бөтелке табыла бермейді. Темір-терсек болса, өте аз», – дейді арбакеш бойжеткеннің біреуі.

«16-есек үй» деп аталып кеткен үй «құл базардан» қашық емес екен. Бірақ қорада бірде-бір есек қалмапты, бәрін таң бозынан жұмыссыздар жалдап кеткен. Сынған, дөңгелегі жарылған арбалар тұр аулада. Біздің суретке түсіріп жүргенімізді байқаған үй иесі Перизат есімді жас әйел сәлемімізді алмастан көшені басына көтерді.

«Журналиссің бе, осы сендерден шаршадым! Не керек бәріңе? Неге менің есектерімді аңдып қалдыңдар? Абай атам айтпады ма «есектің артын жусаң да ақша тап» деп. Басқа жазатын дүние таппадыңдар ма, неге менің есектерімді қайта-қайта жазасыңдар? Өткенде біреуің жаздыңдар «есегім-ай, есегім» деп. Қазір бүкіл Тараз естіпті, менің есек бағатынымды», – деп шаптықты. Перизатқа істің жөнін түсіндірмек болып едік, сөзімізді тыңдамады. Тіпті есек бизнесі туралы сұрағымыз да жайында қалды. Содан амалсыз кері қайттық. Оның үстіне есек қораның аузындағы тайыншадай сары төбет те біздің келгенімізді жақтырмағандай шынжырын шайнап, арсылдап кетті.

 Жарас Кемелжан

«Жас қазақ» газеті 2012 жыл

 

 

Алдыңғы ақпаратКүй аңызы
Келесі ақпаратСібір сергелдеңі

ПІКІР ЖАЗУ