Сібір сергелдеңі

0
694

Ол Алматының шетіндегі «құл базарынан» ары өтсе де, бері өтсе де денесі түршігіп, жанын бір мұң жегідей жейді. Өз-өзін қаншама қайрап, бойын тік ұстағысы келсе де, жігері жасып, бойын қорқыныш билейтін. Шілденің аптап ыстығы мен қаңтардың сары аязында тікесінен тік тұратын осы қалың «құлды» көрсе, өзін елестетеді. Өзінің де дәл осылардай жан азабына түскені, біреудің қабағын бағып қара жұмысқа жегілгені, ыстық ас ішпей ісініп кеткен кезі, ұйқысыз, күлкісіз азаптары түндері көз алдына келе қалады. Сол сәт ол жанын қоярға жер таппай қатты қиналады. Сол үшін де осы базардың маңына жолағысы келмейді, бірақ қала шетіне шығатын басқа жол жоқ.

«Құл базарында»

Болат бүгін де «құл базарынан» өтіп барады, бірақ бұл жолы айналасындағы анталаған аш-арық жұртқа қарамай, сұрықсыз көшеден тезірек алыстағысы келген. Алайда көлік тізгініндегі ағасы ұлардай шулап, олардың машинасына жабысқан кәрі-жасы аралас, жанары мұңды топқа тоқтай қалмасы бар ма. Бұл бүйе шаққандай шыр ете түсті. «Жүрші аға, неге кідірдің?». Дауысы әдеттегіден қатты шықты. Ағасы мұның жүзіне таңдана қарады. Бұл сыр білдірмеуге тырысты.

–Болатжан, саған не болды? – деді ағасы.

–Ешнәрсе…

–Ауырып отырсың ба, жүзің неге сұрланып кетті?

–Жоға, кетейікші аға!

–Ана қораны кім салады, мына жерден жарамды төрт жігіт алып алайық – деді ағасы дауысы ширап.

Болат көліктен түскісі, мына кіреуке жанар топтың арасына кіргісі келмеген. Бірақ ағасы қоймады. «Болат, бері шықсаңшы, қайсысы жарамды, талдасып жібер» деп шақырып тұр. Бұл жүзі қу шүберектей бозарып, бойы қорғасындай ауырлап машинадан әрең түсті. Ағасы болса, ер-әйелі, кәрі-жасы аралас топты аралап жүр. Ал жетім қозыдай жәутеңдеген жұпыны жандар оның артынан еріп, өздерін «жарнамалап» әлек. «Мен бір күнде 7 мың кірпіш қалаймын» десе, «Мен сылаған үйге отыз жыл қол тигізбейсіз» дейді тағы біреуі. Ал анау шет жақтағы үш жігіт: «Біз үй де саламыз, шөп те шабамыз…» — деп айғайлап тұр…

Болат қарсы алдына келіп: «Аға, мені алыңызшы, қолымнан бәрі келеді» – деп жыларман болып тұрған жап-жас бозбаланы көргенде, жүрегі су ете қалды. Көз алды тұманданып, өзінің тартқан азабы, көрген құқайы миына сап ете қалғандай болды. Одан кейінгісі мазасыз қалың ой…

Арбалу    

Болат мектепті қашып-пұшып жүріп әрең бітірді. Содан болар, жоғары оқуға түсе алмады. Сонда да бала күнінен бергі арманы Алматыға баруды ұмытқан жоқ. Сөйтіп Қызылорданың құмында ойнап жүрген қара табан ұл 17 жасқа толмай Алматының үлкен базарынан бір-ақ шықты. Бұл – Барахолка деп аталатын жер екенін осында келгенде білді. Ауыл тірлігін жапырып-жайпап өскен бозбалаға базардың «тәшкісі» бұйым болсын ба. Сөйтіп таныстарының көмегімен бір аптаның ішінде Барахолканың білдей бір арбакеші болып шыға келді ол.

Болаттың табысы жаман болған жоқ. Жастықтың буымен күнібойғы ауыр жұмысты да ұмытты. Алматыға да еті үйреніп қалды. Арада 4-5 ай өтті. Бір күні «Алатау» базарының жігіттері екі-екіден күбір-сыбыр болып жүр. Бұл алғашында ешнәрсе сұрамаған. Кейін бір құмарлық пайда болды.

–Жігіттер, сендердікі не әңгіме, не жоспар? – деп қызығушылық танытты. Жәнібек деген Шымкенттің жігіті мұнымен жақын дос болып жүретін, сол бастады әңгімені.

–Біз Мәскеуге кетпекпіз.

–Неге? – деді бұл.

–Жұмысқа. Мол ақша тауып келеміз. Түкке жетпейтін мына тіршіліктен шаршадық – деген досы жоспарға тастүйін дайындалып алған адамның кейпін танытты. Болат өзге ешнәрсе сұраған жоқ. Тағы да бір апта сырғып өтті. Бір күні арбакештер жатқан ұйғырдың жатаған там үйіне аюдай екі жігіт келді. Жәнібек оларды Мәскеуден келген ірі кәсіпкер деп таныстырды. Бұларды Ресейге алып баратын, жақсы жұмыс тауып беретін, мол ақшаға кенелтетін осы екі шешен жігіті екен. Бұл күнгі әңгіме қысқа болды. Өйткені Жәнібек арбакештердің бәрімен жеке-жеке сөйлесіп, әңгімені пісіріп қойыпты. Екі шешен жігіті бұлардың төлқұжаттарын жинап алып шығып кетті. Болат та «көппен көрген ұлы той» деп құжатын өз қолымен ұсынды.

Қорқыныш

Бұлар орыс жеріне өтісімен әлгі екі шешен жігіті ғайып болды. Олардың орнына жуан сары мен бір шикіқызыл, қисық көз келіншек пайда болды. Сөйтіп Алматыдан шыққан зіңгіттей он жігіт әлгі әйелдің қас-қабағына қарап, пойызбен бірнеше күн жүріп Мәскеу түбіне жетті.

Болат бұл жердің Мәскеу екенін, әлде басқа қала екенін анық білмейді. Зәулім ғимараты жоқ, аласа, ескі үйлер. Бұл сол ескі үйлердің біріне достарымен бірге орналасты. Еденіндегі тақтайы шіріген, төбесі әр жерінен тамшы өтіп сарғайып, тозған үй бұларға атқорадай көрінді. Амал жоқ, жол соғып шаршап келгендер бұрыш-бұрышқа қисая кетті.

Жігіттердің қанша ұйықтағаны белгісіз, жарты түнде әлгі қыли келіншектің ащы дауысынан бәрі оянып кетті. Есік көзінде балтыры сиырдың сирағындай әлгі әйел тұр. Әмірі қатты. Болаттың жүрегі бір пәлені сезетіндей. Бірақ артын бағады. Арбакештер әйелдің әмірімен сыртқа шықты. Аудала үш-төрт адам қараңдайды. Жігіттер сапқа тұрғандай тізіле қалған, әмірші әйел бұларды екіден-үштен бөле бастады. Болат қасында егде тартқан екі кісімен бірге бөлінді. Сөйткенше болған жоқ, әлгі қараңдағандардың бірі үшеуіне иек қақты. Сол сәтте ол басқа достарынан осылай тез айырылып қаламын деп еш ойламаған шығар.

Бұл түн бір қызық болды: шолақ бұйрық, қысқа сөз. Одан арғысы қап-қара түн, ұзақ жол…

Қорлау

Болат Сібірдің қалың орманынан бір-ақ шықты. Күздің басы. Бірақ мұнда күн салқын тартып кетіпті. Ауа дымқыл. 17 жасқа енді ғана толған ол Сібір орманының ортасындағы ағаш дайындайтын үлкен зауыттың қара жұмысына тұрды. Айына қанша ақша алады, қайда жатып, қайдан тамақтанады? Бәрі белгісіз. Тіпті бұл үш қазақ қайдан келіп, қайда түскендерін де білмей аң-таң болды да қалды. Сөйтсе, мұндағы жұмысшылардың дені іздеусіз, сұраусыз босқындар екен. Жүздері суықтан ісінген, жүдеу жұрт.

Жұмысшылар бір жерден тамақтанып, бір жерге ұйықтайды. Асхана деген аты ғана, тамақты тышқан аралап, құрт-құмырсқа кеміріп жүр. Үш уақыт берілетін ас – үлкен қазанда қайнатылып жатқан қара ботқа. Күнде солай. Ал жатын орын ағаштан салынған, биік төбелі үлкен зал. Онда жүздей адам жатады. Ағаш шатырдың қуыс-қуысынан суық аңырап тұр. Жамылшы деген атымен жоқ. Әркім тапқанын оранып, бүрсеңдеп жатқаны.

Болат өзінің мол ақшаға емес, молаға айналған тозақ отына келгенін сол күні-ақ сезді. Түскі ас кезі еді. Ағаш кесеге салынған ботқадан ауыз тие бергені сол, бір есерсоқ мұның тамағына тірі тышқанды тастай салғаны. Ыстық ботқаға күйіп жанұшырған мақұлықты көрген Болат тіршіліктен баз кешіп кеткендей болды. Жаға жыртысайын десе, қарсы алдында еңгезердей дәу біреу тұр. Амал жоқ, ішінен тынды.

Болаттың бұдан кейінгі өмірі тіпті тозаққа айналды. Оның орысша білмейтінін, жастығын пайдаланған бастықсымақтар бозбаланы қайда болса сонда жұмсайды. Бармаймын десе, бас салып талап тастайды. Осылай кім көрінгенге қор болып жүргенінде, өзімен бірге келген екі қазақ аяқ астынан жоғалып кеткені. Бұл оларды іздеп бастықтарынан сұрап еді, балаң жігіттің өзін мазақтап, итін шығарды.

фото работа

Адасу

Дәл осы азаппен күн артынан күн, ай артынан ай сырғып жатты. Сібірдің аязы да кәріне мініп алған. Бір күні кешқұрым бұлардың тобына өзімен құралыптас өзбек жігіті келіп қосылды. Жөн сұрасты. Тәшкеннің маңынан екен. Ол да Болат сияқты көл-көсір ақшаның астында қалмақ. Бұл суық жымиды. Ал тәшкендік жігіт болса, мұның салқын күлкісін түсіне алмай тұр. Сол түні ол әлгі жігітке өзінің бұл жерге қалай тап болғанын басынан бастап баяндап берді. Ертесі өзбек жігіт мұны оңаша шақырып алып: «Қашып кетейік» деп ұсыныс тастады. Әбден қорлық көріп жүрген ол ойланбастан келісті. Бірақ қайда қашады, қайда барады, оны ойлауға шама қайда?

Ақпанның басы болатын. Аяз темірдей қарып тұр. Сібірдің сүркейлі орманы аш қасқырдай ұлиды. Бұлар кешкі астан кейін кішкене жер шана сүйретіп, оған тамақ, киім-кешек артып, қарғыс атқан жерден қашып шықты. Мұнда күзетші де болмайды. Өйткені иттұмсығы өтпейтін қалың жыныстан бұған дейін тірі жан құтылған емес. Әсіресе мынадай қалың қыс ішінде далада қалу адам түгіл аңға да қауіпті.

Бұлар өлімнен қорықпады, тек артқа қайтуға жүрек дауамайды. Қалың қарға малтақтап қанша жүргендерін білмеді. Бір жерге келгенде Болаттың әлі құрыды. Оны қолтығынан сүйеген тәшкендік бір түп жуан самырсынның астына кіріп, сонда демалмақ болды.

Мұнда түн ұзақ, күн қысқа болады екен. Өзбек жігіт ағаш бұталарын жинап от жақты. Қашқындар ұйықтап, үсініп қалмауға тырысқан. Бірақ ауыр жүріс шыдатпады. Кірпіктері ілініп кетіпті. Олар сол жатқаннан жерге жарық түскенде, қарғаның дауысынан бір-ақ оянды. Бейтеніс орман. Суық дала. Қарғаның жағымсыз дауысы. Бұлардың денесі түршігіп кетті.

Үміт

Қашқындардың екінші күнгі жүрісі тіпті мандымады. Бірақ қар үрлеп тастаған сүрлеу жолықты бұларға. Болат көрер жарығының таусылмағанына сол сәт қабат қуанды. Алайда сүрлеуді қуып жете алмады. Тағы да бойды қажытқан бір кеш батты… Тағы да қорқынышты бір түн орнады… Тағы да үміттің бір таңы атты…

Екі жігіт үшінші күні түс әлетінде әлгі сүрлеумен жүріп отырып ағаштан саланған шағын үйдің үстінен түсті. Қора-жайы бар тіршілік белгісі бұларды жылы қарсы алды. Қи мен түтін исі ауыл балаларын еріксіз тартып әкетті. Иттің абалаған дауысымен бірге үйден тапалдау біреу шықты. Қолында мылтығы бар екен. Бұлар қаққан қазықтай қатып қалған. Үй иесі екі қашқындарды ары-бері қарап шықты да, орысша шала-шарпы жөн сұрады. Өзбек жігіті онымен тіл табысып, сөйлесіп жатыр. Бұл сол орманды ұзақ жылдардан бері мекендеп келе жатқан түркі халқының бір тармағынан тарайтын ұлт екен. Онысын кейін білді ғой.

Құтылу  

Олар бүл күйде көктемге дейін тұрды. Жер аяғы кеңігенде үй иесі екі жігітті Мәскеуге аман-сау жеткізіп, сақшыларға табыстады. Мәскеуден қап-қап ақша арқалап қайтамыз деген арманы Сібірдің қалың қарының астына көміліп қалған сияқты. Ол орыс жерінен Алматыға қашан жеткенше жанын қоярға жер таппай әлек. Дегенмен көрер жарығы, татар дәмі бар екен, соған риза.

Арылу  

Болат әлі мелшиіп тұр. Қарсы алдындағы балаң жігіт «мені алыңызшы аға, ақысын жақсы төлесеңіз, бар шаруаңызды тындырып беремін» деп іші-бауырына кіреді. Ал бұл болса, өз-өзінен қалшылдап барады. Қалың нөпірдің ішінде жігіттердің білегін ұстап, иығын басып, бір-бірден көріп жүрген ағасы мұны байқар емес. Ағасының мал базарында жүргендей әркімді бір айналып қарағаны оған ерсі көрінді.

Көз алды тұманданып бара жатқан соң, ол көлікке қарай жүгіре жөнелді. Жүрегі айнып, көңілі мазасызданғандай күй кешті. «Құл базардағылар» соқталдай жігіттің өксіп, жылап бара жатқанын көрді.

 

Жарас КЕМЕЛЖАН

«Жас қазақ» газеті 2013 жыл  

 

Алдыңғы ақпарат«Құл базардағы» бір күн
Келесі ақпаратБоркемік

ПІКІР ЖАЗУ