Боркемік

0
1072

Өткен аптада халық қалаулысы Алдан Смайыл Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, Абайдың бесінші ұрпағы Айдар мен оның жалғыз ұлы Данияр Ақылбаевтың баспанасыздығын айтқан болатын. Іле-шала редакцияға бір оқырманнан қоңырау түсті. «Абайдың ұрпақтары баспанасыз ғана, қараусыз жүр. Алматыдағы әлеуметтік бейімдеу орталығында шөбере қызы тұрады», – дейді телефон тұтқасының аржағындағы әйел.

«Ол кім, сіз қалай танисыз?» деген сұрағымыз жауапсыз қалды. Байланыс үзіліп кетті. Оқырман берген ақпар бойынша, Абайдың баспанасыз ұрпағын іздедік. Баспанасыздардың үйі – «Алматы қалалық белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» деп аталады екен. Бізді орталықтың орынбасар бастығы Бақытнұр Рысбекқызы қарсы алды. Жүзінен әйелге тән жылылық шашып тұратын, қараторы келіншекпен жүре танысып жатырмыз. Баспанасыздардың үйіне жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыпты.

«Мұнда жұмысқа келгеніме екі жыл болды. Бұрын Қарттар үйінде дәрігер болдым. Ол жердің медициналық жағын бірқалыпқа түсірген соң, басшылар мені осында жіберді. Бұл орталық маған бірден ұнады. Өйткені мұқтаж адамға көмектесуді жаным қалайды», – деп түсіндірді Бақытнұр.

Жалғызбасты, қаңғыбастардың үйін қазір 160 адам мекендейді. Түрме тектес қараңғы, аласа жатақ. Адамның көптігі соншалық, ортасынан еркін жүре алмайсыз. Иіс-қоңыс қолқаны қабады. Тұрғындары азған-тозған, боркемік. Мұндағы қызметкерлер аузы-басын тұмшалап жүреді екен.

Ер-әйел, кәрі-жасы аралас тұрақтың тұрғындары арасында жақсы мен жайсаң да, залым мен алаяқ та жүр. Әркімнің маңдайына жазылған тағдыр. Мұнда түсетіндердің дені араққа салынып, бала-шағадан, жұмыстан, абыройдан, денсаулықтан айырылғандар. Арасында мықты қызметтің құлағында отырғандар мен мұғалімдер де кездесті. Тіпті өмірінің жартысын түрмеде өткізіп, бостандыққа сіңісе алмаған, бала-шағаға жат болып кеткен азаматтар да жолықты.

0_wd5fyg_15_

Мұқағалидың қарындасы

Бақытнұр ханым бізге алдымен Ділдә Мұқашеваны таныстырды. Ділда Алматы облысы, Нарынқол ауданының Саржаз деген ауылында туылыпты. «Балалық шағым бақытты болды. Әке-шешем, бауырларым бар еді. Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітіргем. Ол уақыт – менің адам сияқты өмір сүрген жылдарым екен», – дейді. Бұл оның әңгімесінің басы. Жүзін жалғыздықтың азабы қажытқан, кәріліктің емес, тағдырдың тауқыметі талдырған әйел алпысқа толмаған. Сонда да белі еңкіш тартып, жүріп-тұруы ауырлапты. «Жас кезімде Мемлекеттік банкте 2 жыл банкир болдым. Одан кейін біраз уақыт Талғар аудандық әкімшілікте басшылық қызметте істедім. Кейін бір құрылыс фирмасында 8 жыл экономист болдым. Ешқашан жұмысымды ақсатқан емеспін. Тек жолдасым қайтыс болып, әке-шешемнің көзі кеткен соң, бауырларым өмірімді тас-талқан қылды. Әкемізден қалған үйді сатты. Біз далада қалдық. Ұлым үйленді. Некесі баянды болмады». Кейуананың өмірі содан кейін күрт өзгерген. Тағдырдың тосын келген азабына шыдамаған ол, 8 жыл мемлекеттік қызметтен шеттепті. Ауқатты бір кісіні қараған. Ол көз жұмған соң «барар жер, басар тауы болмай», осы тұраққа келіпті. Баласы қара басын қарауға әлі келмеген, қазір бір әйелдің қолына кіріп алыпты. Шымкентте тұрады дейді анасы.

«Сені журналист деген соң айтып отырғаным, бұл жердің тамағы жайсыз. Етсіз, шөп-шаламның сорпасын, каша-маша береді», – дейді ол.

–Еті қайда?

–Анау семіз аспаздар үйіне алып кетеді. Етті сағындым. Сіздер бешбармақ деп жүрсіздер ғой. (Кейуана кеңк-кеңк күлді. Күлкісі жылаған адамға ұқсайды екен).

–Өзіңіз арақ ішіп түскен жоқсыз ба? Мұндағылардың көбі ащы суға әуестенгендер дейді.

–Жоқ, қарағым, арақты ауызыма алған емеспін. Мені адастырған – Алланың жазуы. Басқа түк жоқ.

Алпысқа келмей әлі тайған анамен қоштасып жатқанымызда: «Балам, газетке жазасың ба? Бір қайырымды кісілер болыпты ғой. Осындағы мен сияқты бір пақырға үй берген екен. Маған да біреу баспана беріп, мына тозақтан құтқарса ғой!», – деп жәутең-жәутең етеді. Көзіне қарауға дәтім жетпеді. Қоштасуға асығып: «Жарайды апа, біз жазамыз, басқасын өкімет біледі», – деп жатырмын. «Жақсы, аман жүр, қарағым! Мен Мұқағалидың туысы, қарындасымын. Алжанның қызымын. Сол кісінің жазғыштық пірі қолдасын сені», – деп батаға бейім тілегін айтып, орнынан әрең тұрды.

39-жыл. Түрмеден кейінгі тұрақ

Бұл баспананың негізгі тұрғындары – үйінен айырылып, далада қалған, қаңғыбастар. Басшылық бізді есінен айырылып, өзін жоғалтқан ондай бейбақтармен кездестірген жоқ. Өйткені ондай жандардан біздің қаламға іленетін бірдеме шығатынына біз де, ол кісілер күмәнданды-ау деймін. Сонан соң ақыл-ойы толық, жөні түзу деген кісілермен сұхбаттастырды. Мұқағали ақынның қарындасы соның бірі.

Екінші кейіпкерімізді есік көзінен кездестірдік. Үстінде тап-таза, әппақ спорт кәстөмі. Басында тақия. Балуан денелі, домалақ жүзді азамат бізбен жылы амандасты. Журналист екенмізді білген соң, ол бізді өз орнына шақырды. Басқаларға қарағанда Амантайдың орын-көрпесі жинақы, таза екен. «Менен жиіркенбеңіз. Мен аналар сияқты қаңғыбас емеспін», – деп бастады әңгімесін ол. «Сіз кімсіз?» дедім мен де оның сөзінің соңын күтпей.

–«Бомж» емеспін, отырып шыққан адаммын.

–Қайда? – деппін. Отырғанын түсінсем де, аңғалақтап.

–Түрмеге. 38 жыл отырдым. 8 рет сотталдым. Былтыр шығарды.

Оның «отырып шықтым» дегенін естіген соң ба, сұрағымның берекесі қашты.

–Неге 8 рет отырып жүрсіз? – дедім. Қисынсыз сұрақ қойғанымды өзім де сезіп отырмын.

–Неге дерің бар ма? Адам баласы азам десе, бір-ақ сәт екен. Жамандық істеп түстік пе, жақсылық қыламын деп арандадық па, бүкіл өмірім тас түрмеде өтті – дейді Амантай.

0_wd5fyg_26_

63 жасқа келген ол әлі ширақ. Ойы да, ісі де тастай. «Түрмеде не көрмедік? Жақсыны да, жаманды да көрдік. Түрме мен мына үйдің айырмасы – мұнда бостандық бар. Базар іздесең, тиіп тұр» – дейді ол қабырғаны нұсқап.

–Базарға баратын ақшаңыз бар ма?

–Неге болмасын? Түрмеде тегін отырған жоқпын ғой. Ол жақта да ақшалы болдық. Түрмеде де өмір бар. Қазір көшеге шығам десем, ақша табыла қалады. Сенбесеңіз қараңыз, міне қазірдің өзінде 50 мың теңгем бар.

Ол мені сенбей отыр деді ме, төсегінің басынан 50 мың теңгені суырып алып көрсетті. Оң қолының сұқ саусағы түпбуынынан сынған екен, шор болып бітіпті. Ақшаны әлгі шор саусағымен санады да, қайтадан орнына тығып қойды.

–Мен «ана жақта» да жақсы отырдым. Мұнда да абыройлымын. Ешкім алдымызды кесіп өтпейді. Бес уақыт намазымды қаза қылмаймын.

–38 жыл өміріңіз түрмеде өтіпті. Өкінішіңіз көп шығар?

–Қайсысын айтамын? Қолыммен істедім, мойныммен көтердім.

–Бала-шағаңыз бар ма?

–Бар шығар, кім біліпті оны? Жас күнімізде, бостандықта жүргенде ұл да, қыз да болған болуы мүмкін. Бірақ енді олардың қажеті қанша? Көрмеген, еміреніп сүймеген бала түгілі, бірге туған ағайынның үйіне барып, қатарынан үш күн қона алмайсың. Бәрі жат. Одан да осы жер тыныш маған.

 

Батырдың өкініші

Әңгімеміздің соңын психолог Мәншүк бөлді. Ол арықша келген, аққұба мұртты кісіні ертіп келіпті. «Рысбек ағаның өмірі жазуға тұрады» – дейді Мәншүк қыз.

Рысбек аға да Амантай сияқты түрмеден шығып келген. «Бауырым, түрмеде отырғандардан қорықпа! Түрмеге жақсы да, жаман да түседі. Бірақ солар өзі істеген ісінің жазасын алады. Ал бостандықта жазасын алмай жүрген қанша алаяқ бар», – деді алғашқы сөзінде-ақ. Тізе бүктік. Ол ақтарылды. Мен тыңдап отырмын.

–22 жыл отырып шықтым. Ұзынағашта қазақтар мен шешендер соғысы болып еді ғой. Сонда екі шешен жігітін жайратқам. Соның жазасын тарттым.

–Реке, әлі де жас екенсіз. Мына жерден шыққан соң жұмыс істейтін шығарсыз?

–Соны осы орталықтың орынбасар бастығы Бақытнұр Рысбекқызы іздестіріп жатыр. Негізі менің қолымнан көп нәрсе келеді. Ертоқым шабамын. Түрмеге түсуден бұрын жасаған бір ертоқымым республикалық шеберлер байқауында 2-ші орын алған. Құрылыс жұмыстарына да ебім бар.

–Бала-шағаңыз бар ма?

–Қызым бар. Қызылордаға тұрмысқа шығыпты. Бірақ 22 жыл түрмеде отырған адамда туыс-туған, бауыр-қарындас болушы ма еді. Жақының жаттай, сыртын береді. Бала-шаға танымайды. Үрке қарайды. Қайтесің, ол өмірдің заңы.

–Мына жердің түрмеден артықшылығы жоқ сияқты ғой?

Түрменің аты – түрме. Бұл – бостандық қой. Бірақ түрмеде абыройсыз болған жоқпын. Бәрі сыйлады. Батыр дейтін. Ол жақтың да өз заңы бар емес пе. Жастай түстік. Жарты өмірім қапаста өтті. Еркіндікке шыққанда жаңа туған сәбидей болады екенсің. Адамдар да, қоғам да жаңа. Ағымға ілесе алмайтындай жасқанамын.

 

P.S.

Айтпақшы, біз Абайдың ұрпағын іздеп келіп едік қой. Ол кісі мұнда болмай шықты. Жаңа келген басшылық ондай адамды білмейді екен. Мүмкін, бұрын бірер жыл тұрақтап кеткен болар. Алайда Мұқағалидың туысқан қарындасы осында паналап жүр.

Біздің тағы бір байқағанымыз, мұнда талантты жастар бар. Бірнеше тіл білетін, компютер мен заңды жілікше шағатын азаматтар көп екен. Адасқан. Күйреуік. Боркемік. Оларға қоғамның қолдауы керек. Жұмыс беріп, қатарға тартсақ, адам болып кететін сияқты. Ал біздің қаламға ілінген үш кейіпкердің еті тірі, боркемік деуге келмейді.

Жарас Кемелжан

«Жас қазақ» газеті 2014 жыл

Алдыңғы ақпаратСібір сергелдеңі
Келесі ақпарат«Жүрсе – көлік, жүрмесе – өлік»

ПІКІР ЖАЗУ