«Жүрсе – көлік, жүрмесе – өлік»

0
5935

Алматыдағы қан базардың бірі – «Барыс» көлік базары. Қазақтың нан жеп, бақыр тауып жүрген бір жері – осы. Әр аптаның сенбі және жексенбі күндері мұнда елдің түпкір-түпкірінен саудагер жұрт ағылады. Біреу астындағы темір тұлпарын әкеледі, біреу тақымына басатын көлік іздеп келеді. Қысқасы, базаршы жұрттың барын салып, жоғып табатын жері бұл.

Арқа төрінде «Астана күні» тойланып жатқанда, біз Алматы – Ташкент күрежолының бойындағы «Барыс» базарына бардық. Айналасы атшаптырымға созылып жатқан аумақта көлік көп. Ақ-қарасы, қызыл-жасылы аралас темір тұлпарлар көздің жауын алады. Аспан астындағы ашық базар көліктің бағасына қарай бірнеше қораға бөлінген. Қала жақтан келгенде бірінші қорада бағасы ең арзан, тозығы жетіп, төрт дөңгелегі ғана қалған ескі көліктер. Одан ары екінші, үшінші қорықта тақымға толатын, бағасы да қомақты темір тұлпарлар сірескен.

Біз де төрт дөңгелегі қиқылдап-шиқылдаған ескі бір көлік кіргіздік. Кіреберістегі кассаға 1500 теңге төлеп, ішке ендік. Ортасына жалғыз аяқ жол қалдырылған ашық алаңқайда он-он бес қатар тізіліпті. Ең шетінде Ресейдің «Лада» маркалы «жигулиі» мен «нивасы» толып тұр.

Делдалдардың қолынан өткен ескі машиналарға май жағылып, күнмен жылтырайды. Ескі көлікке мүлде ұқсамайды. Алып-сатарлар да жылтыраған темірге «аспандағы» баға қойған. Зауыттан шыққанына он жылға жуық уақыт болған орыс машиналары 5-7 мың доллар. Бағаны бірінен бірі асырып қойған жұрт у-шу, өзеуреген халық.

Одан арғы қатарда жапон мен неміс машиналары иін тіреседі. Бәрі көне. Темірі шіріп, маторы сынған, бояуы өшіп, боры шыққан бір кездегі темір арғымақтардың қазіргі сиқына жаның ащиды. Бірақ әлі жүріп тұр. «Сүйегі асыл ғой, бұл жарықтықтардың», — дейді көлік сатып жанын бағып жүрген Болат Базарбаев деген кісі. Біз машинамызды Бөкеңнің көлігінің қасына қаңтардық. Ол 1992 жылы шыққан «mitsubishi» маркалы көк арғымақты майлап-сылап әкеліпті. «Сендердікінің дені дұрыс екен. Бірақ базарға бұлай шығаруға болмайды. Тым болмағанда іші-сыртын бір рет жуып әкелмедіңдер ме», — деп базар «саясатын» соғып тұр. «Неге, машина керек адам кір-қоңына қараушы ма еді?», — деп жатырмын. Ол менің бұл базардан ешқандай ақпаратымның жоқтығын, көлік саудасынан бейхабар екенімді сезді-ау деймін, әңгімені арыдан қозғады.

«…Бауырым, бұл базар біреудің көзжасын, біреудің еңбегін жеген, қайырымыз жер. Мұнда алаяқтар да, аңқаулар да бар. Сен сияқты көлік саудасынан хабары жоқтар да, жаманды жасқап сататын делдалдар да көп. Абайламасаң, алданып қаласың», — деп әңгімесінің соңын қысқа қайырды.

Ұры бала

Бөкеңнің айтқанындай біздің шаң-топырақ басқан арғымағымызды жуып, тазартып береміз деп бірнеше қара домалақ келді. Қолдарында шелек толы суы, сүберегі бар мектеп жасындағы балалардың жазғы нәпақасы осы базар екен. «Аға, көлікті бұлай сатуға болмайды. Жуып берейік» — деп жабысты. «Алатын адам шаңына қараушы ма еді?» деп жуғызған жоқпыз. Олар бір емес, үш-төрт рет келіп, біздің көлікті айналып жүрген. Күн ыстық болған соң, есік-терезесін ашып қойғанбыз. Бір кезде бір жас жігіт келіп, біздің топырақтан тұншығып тұрған машинамызға жабысты. Оталдырайық десек, кілт жоқ. Ары-бері іздеп таба алмай қалдық. «Көршімізден» сұрадық. Базарда он жылы өткен сақа саудагер күлді де: «Жаңағы «жүгермектердің» бетін бекерге қайтардыңдар. 2 мың теңгесін беріп машиналарыңыды жудыра салғанда, бұлай болмас еді», – деп қасқайып тұр.

«Көршінің» сөзін ести сала шелек көтерген балаларды іздедім. «Бардамдардың» қатарынан таптым. Базар жағалап өскен, жасы 10-12 жастағы  өспірімдер ақшаға әбден құнығып алыпты. Базаршылармен жағаласып, айқайласып, бермесін тартып алардай. «Балалар, ақшаларыңды берейін, менің көлігімнің кілтін қайсысың алдың?», – деп сұрақты төтесінен қойдым. Бір-біріне жалтақтап қалған оқушылар: «біз алған жоқпыз, сіз кімсіз?» — жеп жалтарды. Ақыл тоқтатқан жігіт емес, жап-жас балалар болған соң, жылы-жұмсақтауға келмейтінін сезіп, қорқыта сөйледім. «Егер, осыдан кілтті қайтармасаңдар, мен сақшы шақырам. Екеуіңді де соттатам» — дедім де, кетіп қалдым. Арада жарты сағат өткен. Шелек көтерген бір бала келіп, біз тұрған жерді айналсоқтап жүрді де жоқ болып кетті. Көліктің көлеңкесінде отырған ағам: «Кілт мұнда жатыр ғой» — деп машинаның астынан бір уыс кілтті алып жатыр. Сөйтсек, әлгі балақайлар менің сесімнен қорқып, машина кілтін басқа досынан «беріп» жіберген сияқты.

Боксшы шал    

Ұзақ күн. Сатылып жатқан машина аз. Тақымындағы «жабыдан» жалыққан жұрт айырбас жасап әлек. Соған қарап халықта ақшаның жоқтығын сездік. Біздің де «жабыны» біреулер айырбасқа сұрады. Тозығы жеткен темір. «Көршім» айтады: «базарға» қандай көлік шығады дейсің? Мұнда жетіскен машина жоқ, бәрі тозған». Сауда болмаған соң әңгіме қызады екен. «Көршім» көпті көріпті. Бірақ қызықтың бетін ашты.

«Осы базарда бір боксшы бар. Оны біз сияқты бұрыннан келе жатқан кісілер ғана таниды. Ал жаңадан келгендер кейуананы байқамайды. Ол қазақтың қарапайым қара шалы. Боксшы дейтіндей не дене, не күш жоқ: қаусаған, арық кісі. Бұрын боксшы болыпты. Сол қария осы базарда он жылдан бері жүреді. Ең алғаш бұл қалай жан бағады дейтінбіз, сөйтсек, ол кісілерді тонайды екен», — дегенде біз мырс етіп күліп жібердік. «Сенгілерің келмейді-ау… Ол тонайтын кісісін әбден бақылап, аңдып күні бойы артынан ереді екен де, бір қалтарысқа барғанда бір ұрып есінен тандырып, барын сырыпып алады екен. Сосын бір-екі ай жоғалып кетеді. Шалдың бір жігітті сеспей құлатқанын өз көзімізбен көрдік. Шал осында біреуді аңдып жүріпті, оны ақшалы жігіт сезіп қалып, қақтығысты. Әлгі шал үндемей, сүмірейіп тұрды. Ал анау оны кеудесінен итеріп, мазақтап, итін шығарды. Жас жігіттің мазағына шыдамаған шал қас пен көздің арасында қарсы алдындағы еңгезердей адамды бір-ақ ұрып құлатты. Көз ілеспес жылдамдық, тура соққыдан әлгі жігіт кескен теректей құлап түсті. Содан кейін шалды танитындар онымен түс шайыспайтын болды. Бірақ оның нәпақасының қайдан түсетінін бәрі біледі», — деп ойын жиды.

Боксшы шалды біз де кездестірдік. Жүзі күнге күйіп, тотыққан, қайыстай қара шалдың қол-аяғы тарамыстай көрінді. Кісінің көзіне тура қарамайтын кейуана бір бұрышта мүлгіп отыр.

Алаяқ ару

Базаршылардың әңгімесі – алаяқтар туралы. Көршіміздің досы – Нұрлан деген жігіт бір алаяқ қыз туралы әңгіменің майын тамызды. Бұл да болған оқиға.

Былтыр күзде осы базарда бір әппақ қыз пайда болыпты. Сұңғақ бойлы, тік бақай ару апта сайын бір қырғыз нөмірлі көлікпен келеді екен. Машинасына қымбат баға қойып осында алармандарды да, сатармандарды да сандалтатын көрінеді. «Ол өте сұлу қыз. Көрген адамның көзі сүрінеді. Бір құдіретті күш арбайды. Талай дөкейлер сол қызға арбалып, тоналып қалды», — деп таңданысып жасыра алмады Нұрлан.

Біз әңгімешілердің сөзінен мынаны ұқтық. Әлгі қыз ақшалы кісілерді арбап, өз көлігіне отырғызып, базар тарағанда өзімен бірге алып кетеді екен. Одан арғысы белгілі. Талай кісі айпарадай болыпты. Бірақ бір қызға алданып қалдым деп ешкімге айта алмайтын көрінеді. Тек бұл шындықты күйеуі тоналған бір келіншек жайып салған. Содан кейін мұндағылар алаяқ аруды базарға жолатпапты.

Түйін

Базарға кім келіп, кім кетпейді? Жақсы да, жаман да, аңқау да, алаяқ та келеді. Бірақ біздің назарды ала-құла саудагер халықтан гөрі, қазақтың қара жолын тоздырған көне көліктер бұрды. Шетелдің шіріп, тозған темір тұлпарлары – қазақтың қалтасы таяз қарапайым тұрғындарын шаршатқан. Біздің көзіміз соған жетті. Зауыттан шыққан су жаңа «саңлақты» әркім мінуге құмар-ақ. Бірақ қалта жұқа. Ал ескіні жаңалап, жасқау онсыз да арық елге ауыр. Базаршы жұрт тозығы жеткен машина туралы мынандай мақал шығарыпты: «Жүрсе – көлік, жүрмесе – өлік» — деген. 

Жарас КЕМЕЛЖАН

«Жас қазақ» газеті 2014 жыл

ПІКІР ЖАЗУ