Қазақтың тері илеу технологиясы

0
1616

Шешеміз тері илейді тон болсын деп,

Кереді пұшпақтарын мол болсын деп.

Өлеңді ақындықпен біз айтамыз,

Айтамыз кейінгіге жол болсын деп.

2_1

– Осы бір шумақ өлең жадымнан ешқашан өшпейтін шығар. Өйткені әжем марқұм алаша үйдің ортасына ағаштан жасалған станокқа қойдың терісін керіп тастап, айран-қатығын жағып, осы өлеңді жағымды бір әннің мақамына салып айтатын-ды. Біз баламыз, әжеміздің әр қимылын көзбен бағып отырушы едік. Кейін түсіндік, әжем бізге және әкемізге өз қолынан тон, шекпен, жеңсіз бешпет тігіп беретін.

Көшпелі өмір сүрген қазақтың тұрмысын мал шаруашылығынан бөліп қарауға болмайды. Төрт түліктің терісі мен жүнінен, сүйегі мен мүйізінен, тіпті тұяғынан, құйырық-жалынан да тұрмысқа қажетті бұйым жасаған.

Тері илеу, одан киім тігу технологиясы қазақта ерте қалыптасқан. Қазірге дейін қолдан тері өңдеп, оны кәдеге жарататын қаракөздеріміз баршылық. Әсіресе, бұл кәсіппен Қытай жеріндегі қазақтар, Моңғолиядағы ағайындарымыз жаппай айналысады. Ішінара Өскемен, Семей, Нарынқол, Кеген сияқты қазақы тұрмыс-салт сақталған өңірдегі қандастарымыз да төрт түліктің терісін әлі күнге дейін пайдаланып отыр.

Қазақ мал терісінен бәрін жасаған. Киім-кешектен тартып, арқан-жіп, жүген-ноқта, тулақ, төсенішке дейін мал терісін пайдаланған. Әжеміз бен аталарымыздан көрген тері илеудің қарапайым технологиясы әрі санамда сайрап жатыр.

40c05d3f0626fd40bf2e1798a5eb034e_big

 

Теріні илеу.  Қазақ  халқы  теріні көбіне илеп пайдаланған.  Иленбеген ірі қара малдың терісін шылғи тері, шылғи қайыс деп атайды. Шылғи қайысты ұқсатудың  екі  түрлі жолы бар.  Бірі – оның жүнін сылып тастап пайдалану, екіншісі –теріні жүнімен бірге пайдалану.  Иленбеген жүнді терілерден тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, қауға, мес, дорба, шарқай, т.б. заттар жасаған. Жүнін алып тастаған терілерден  көк, өкше сірі, көн, дабыл жасалады.  Құрымға салынып,  ысқа ұсталып, құмға қатырылған  теріден саба, торсық, көнек,  шанақ жасалады.  Мал терісін малма әдісімен илеген. Малма дегеніміз — үлкен ыдысқа ашытқы ашытып, теріні соған салып илеу.

Терінің ішкі жағына айран немесе сарысуға ұн қосып (қара бидайдың ұны )  жағып, бір – екі тәулік жылы жерде ұстайды. Қоян, түлкі, қарсақ, бұлғын, т.б аң терілері өте жұқа болғандықтан иді жылдам қабады. Әбден иі қанған теріні тазартып, уқалап, созғылап жұмсартқан жөн. Иі қанып жұмсарған тері ақ түсті әрі жұмсақ болады. Олардан бас киім, жаға т.б тігуге болады.

151522

Теріні бояу тәсілі.  Иі қанып, керіліп, талқымен созғыдан өтіп, сүргіленген тері аппақ әрі  жұмсақ болады. Бірақ  ақ тері кіршең келеді. Сондықтан, теріні табиғи бояулармен бояуды халық шеберлері өте ерте замандарда-ақ  меңгерген. Семіз малдың терісі майлы болады. Майлы теріні бояу қиынға түседі. Сондықтан терінің майын сорғыту үшін бор, сор, күл, т. б. сеуіп бірнеше тәулік ұстаған жөн.

Тері бояу үшін көп қолданылатын шикізат –ағаштың қабығы. Ол үшін тал, емен, сарыағаш т. б. қабығы қолайлы. Ағаш қабығын жуып, көлеңкеде кептіреді. Кепкен  соң темір келіге түйіп, немесе қол диірменге тартып, ұнтақтап  істетеді.

Тері бояу үшін рауғаштың тамыры, томар бояу, қына т. б. көптеген  өсімдіктердің тамыры мен бүрі қажет. Өсімдік  тамыры мен жапырағын күз айларында  жинап, жуып, тазалап кептіреді де ұнтақтап алған соң әрқайсысын жеке-жеке  ыдысқа  салып қояды. Әр өсімдік әртүрлі реңді  береді. Қына – қызыл болса, еменнің қабығы қоңыр,  сарыағаштың тамыры – сары болса, ермен жусанның бүрі мен рауғаш тамырынан жасыл түс шығады.

ПІКІР ЖАЗУ