Келі мен келсап

0
825

%d0%ba%d0%b5%d0%bb%d1%96

Қазіргі балалар «келі, келсап» десең, «ол не?» дейді. Алдына талқан мен жент қойсаң, соғып алады. Мұндай жеңсік тағамды әзірлеуге келі мен келсап керек екендігінен хабарсыз.   

Келі мен келсап – тары мен бидай сияқты дәнді дақылды ұнтақтайтын құрал.

Келіні биіктігі 50-60 см жуан бөрене ағаштың ортасын 30-35 см тереңдікте ойып жасайды. Ағаш келінің екі түрі болады: тақта келі және шұңғыл келі. Шұңғыл келі тарыны қаралау, ақтауға пайдаланса, тақта келі түбі тегістеу болғандықтан жармалап, ұнтақтауға ыңғайлы.

Қазақта «Келін емес, келсап болды» деген сөз бар. Міне, сол келсап — келінің түйгіш ағашы. Ұзындығы 1,2-1,3 метр. Келсаптың келіні түйгіштейтін басы салмақты етіп жасалып, қолға ұстайтын жерінен қолайлы тұтқа шығарылады.

Халық тұрмысында жер келі  (уақытша айдаланылатын шұңқыр), тас келі (келісі тастан, келсабы ағаштан жасалған), ағаш келі (жуан ағаштан ойып жасалған) сияқты түрлері көп кездескен. Қазақ ұсталары келіні тұтас ағаш кесіндісінен жасайтын. Көбіне ағаштың қатты түрлерін – қарағашты, қайыңды қолданған.

Келі мен келсап еліміздің бүкіл өңірінде біркелкі етіп жасалатын. Тек Ертіс бойындағы келі биіктеу келеді. Ал оңтүстік өңірде құрама келі жиі кездеседі. Ол үшін екі не үш ағаш кесіндісін қиюластырып, түйе терісімен тартып қаптайды.

Шеберлер келіні мықты, жарылмай,  көп жылға шыдас берсін деп қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап алып, оның іші-сыртына қойдың құйрық майын сіңіреді. Келі жарылып кетпес үшін, әдетте, оның иіні мен тағанын түйенің иленбеген шикі терісімен қаптайды. Шикі тері кепкен кезде тартылады да, келіні қатты қысып қалады. Келінің сыртын қайыспен жылтыратып қояды.

Бертінге дейін ауылды жерде келіге тары мен бидай түюге бірнеше күнді арнап, кәдімгідей «науқанға» айналатын. Әже-апаларымыз тарыны жуып, кептірген соң, балаларды жинап келі түюге отырғызушы еді. Кейін кофе уақтайтын құрал шыққанда,  келі мен келсаптан қадір кете бастады. Ал шындығында келіге түйген тары мен талқаннан тәтті тағам жоқ.

Алдыңғы ақпаратҚазақтың тері илеу технологиясы
Келесі ақпаратШөген доп

ПІКІР ЖАЗУ