Шөген доп

0
470

Қазақ тарихы жылқы түлігімен тығыз байланысты. Сондықтан ат үсті спортының саналуан түрі бар. Көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, теңге ату – бәрі болат тұяқ, қылқұйырық пырақтың күші мен дітіне тәуелді. Ат құлағында ойнаған қазақ ұландары ертеректе тобық доп ойнаған. Тобық доп кей өңірлерде шөген доп немесе шоқпар доп те аталған.

ask_5318 Тобық доп – ат үстінде шоқпармен ойнайтын дала ұландарының, нағыз шабандоздың ойыны. Тобық доп ірі қараның тобығынан жасалады. Ойынды үлкен-кіші аралас ойнаған. Жүйесі, ережесі болды. Бүгінгі поло (POLO) ойынына ұқсайды. Тобық доптың жалғасы болу керек, қазақта «тобық тығу» деп аталатын ойын қазірге дейін бар.

Белгілі жазушы-тарихшы, марқұм Зейнолла Сәнік «Мұралар не айтады?» деген көлемді зерттеу кітабында археологиялық қазбалар мен қытай жазбаларын пайдалана отырып, жыл санауымыздан бұрынғы жетінші ғасырда арнаға түскен кемелді ережесі бар ат үсті доп ойыны бар екендігін жазған. Түрік эциклопедиясында «бүгінгі ат үстінде ойналатын тобық доп ойыны Орта Азиядағы түркі тайпаларының қадым заманда ат үстінде ойнайтын ойындарының бірі. Бұл доп ойыны Орта Азиядан Үндістанға тараған. Ол жерден ағылшындар Еуропаға апарды. Поло деген атпен дүниеге танылды» деген сөйлем де сөзімізді айқындайтындай.

Қазақтың ұлы ғалымы, ойшыл ақын Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» шөген ойнына қатысты өлең жолдары кездеседі. Баласағұн шығармасының Асқар Егеубай аудармасы мен Шинжаңдағы қазіргі ұйғыр тіліндегі аудармасында едәуір айырмашылық бар. Алайда бұл басқа тақырып. Ұйғыр тіліндегі «Құтты біліктің» 2635-шумағында:

Ыұ білсүн чеугенні, атар болсұн ыұқ,

Иене құшчы уе ыоуда теңдіші иоқ.

Мұндағы «чеуген» – шөген доптың атауы. Өлең мазмұнынан ақын бабамыздың шөген допқа жетік болуымызды армандағаны, доп ойнайтын ұландардың жігерлі болуын үміт еткені баяндалады. Бұл туралы Бейжіңде шығатын «Ұлттар ынтымағы» журналының 1999 жыл 1 санында тарихшы-зерттеуші, журналист Мәдениет Мұқатайұлы деген азамат жазыпты.

 

Ережесі мен қағидасы

ask_5314

Тобық доп, яғни шөген ойыны – қазіргі ат үсті доп ойынының арғы тегі. Шөген ойынын ойнау үшін ең әуелі он неше метірлік алаң құрылып, оның екі жағынан екі қақпа жасалған. Доп ірі қараның тобығынан жасалып, жарғақпен қапталады. Ал допты ырғай немесе қатты ағаштан істелген шоқпар бас сырықпен ойнайды. Ойыншылар екі топқа бөлініп, атпен шауып келе жатып допты қарсы жақтың қақпасына қарата ұрады. Ұпай қақпадан кірген доптың санына қарай білгіленген.

 

Өлең мен аңыз

11-638

Шөген допқа қатысты ауыз әдебиетімізде өлең жолдары мен аңыз-әңгімелер де кездеседі. Мәселен, Қытайда тұратын жазушы-тарихшы ағамыз Сұлтан Жанболатовтың «Үйсін күнби» деген романында осы ұлттық ойынға қатысты бір дерек бар. Онда үйсін жігіттерінің жылқы күзетте тұрып, зеріккенде ойнайтын тобық доп ойыны туралы жазылған: «Сүттей әппақ айлы түнде жылқышы жігіттер екі топқа бөлініп алып, ұшқыр аттармен тобық доп ойнайды. Қолындағы ұзын, қатты шоқпармен малдың тобығынан жасалған, түйе жарғағымен қапталған қатты допты ат құлағында ойнаған ұлдар керіліп келіп соғады. Жарғаққа тиген шоқпар үні түнгі даланы шыр ұйқыдан оятады».

Таңжарық ақынды зерттеген Оразанбай Егеубаев ағамыздың «Қазақтың аңыз-ертегілері» деген топтама жинағында:

Қозы-лақты көгендеп,

Қуамыз кеп шөген доп.

Тай-құнанмен тепеңдеп,

Шөген допқа жетем деп – деген тармақ бар.

Демек, қазақ ат үсті спорт ойындарында тобық немесе шөген доп деп аталатын ежелден бері сақталған ұлттық ойын бар. Ол – бүгінгі POLO ойыны.

Алдыңғы ақпаратКелі мен келсап
Келесі ақпаратАлданған ару

ПІКІР ЖАЗУ