Алданған ару

0
1469

(Болған оқиғаның ізімен)

26 наурыз, 2014 жыл

 

Бұл құжыра тергеу қапасы деп аталады. Ал құмырсқаның илеуіндей қайнаған мына қала – Гуаң Жу. «Гуаң Жу» қытай тілінде тоғыз жолдың торабы деген мағынаны береді. Үйлері көк тіреген, теңіз бен құрлық кіндіктескен шаһар. Қазақ қызы осында қамауда.

 

Көп жыл бұрын…

Ол Шымкент өңіріне қарасты Мақтарал ауданындағы Асықата кентінде дүниеге келген. Сәби шағы, бойжете бастаған жастық дәурен сол мекенде өтті. Мектепте үздік оқыды. Осындағы «Қайнар» гимназиясын бітірді. 2011 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің филология факультетіне түсті. Оқуға қабылданған мыңдаған замандастарының қатарында мұның да есімі тұрды. Бірақ ақылы бөлімге…

 

2011 жыл

Небары он жеті жасында арман қала — Алматыға табаны тиген қыздың өмір жолы да, өзі де өзгере бастады. Алматы мен Асықатадағы тіршіліктің мүлде ұқсамайтынын қыз жүрегі сол күні-ақ сезді. Ару қаланың қызығы мол, кенттегідей емес, аттап бассаң кафе, ресторан. Таяқ тастам жерде базар, қолсозым жерде зәулім-зәулім сауда сарайы. Ойын-сауық отауы қол бұлғайды. Түнгі клуб пен ресторан дегенің есігін айқара ашады. Ол осыны көргенде жұмаққа кіргендей күй кешті. Әу баста «жұмақтың» бәрі ақшаға сатылатынын қыз жүрегі сезген жоқ. Ата-анасының арқасында тиын-тебеннен тарықпай өсті. Бірақ Алматы аялайтын ананың, мәпелейтін әкенің алақаны емес. Қатал, суық. Мұндағы тіршілік ақшаға байланған.

 

2014 жыл

Үшінші курстың қызына қазір Алматы да, оның түнгі өмірі де таңсық болудан қалған. Өйткені, ол құрбысы екеуі нәпақа тауып жүрген түнгі мейрамханада Жони есімді Нигерия азаматы бар еді. Жатжұрттық жігіт оң-солын танып үлгермеген қыздарды таңғажайып елдермен тәнті ететін. Әсіресе, жас қыздарға Қытайдың сан мың ғасырлық тарихи орындары мен бүгінгі жарқын өмірін көп суреттейтін.

Жонидың ұсынысымен құрбысы ақпан айында Қытай асып келді. Сол сапарда Гуаң Жуға барып, одан ары Малайзияға өтіп қайтыпты. Алматыға мыс-мыс ақшамен, әлем-жәлем киім-кешекпен оралды. Жалдамалы пәтерде бірге тұрып, қимас құрбы болып кеткен бұған базарлық ретінде қымбат күрте әкеліпті. Өзі көлік сатып алмақшы…

photo_7842

3 наурыз

Қытайға барам деп дайындалған Ақжарқын Асықатадағы әкесіне қоңырау шалды.

– Әке, мен визамды аштырып қойдым. Ертең таңғы сағат 4-те ұшамын.

– Қайда ұшасың, қызым?

– Мамам сізге айтпады ма, мен Гуаң Жуға ұшып барамын. Малайзияға өтіп, қайтып келемін.

– Қызым-оу, сен түгілі, ата-бабаң көрмеген Қытайға қалай жалғыз-жарым бармақсың? Бұл не әңгіме?

– Әке, Гуаң Жудан Малайзияға қымбат киім-кешек алып өтем. Бары сол ғана.

Одан арғы әңгіменің берекесі болмады…

 

9 наурыз

Гуаң Жу әуежайы. Аспан сұрланып тұр. Әуе кемелері бірі қонып, бірі ұшады. Куала-Лумпур сапарын орындайтын ұшаққа тіркеу басталған. Қыз үлкен қара сөмкесін сүйреп топқа кірді. Жүзінен қуаныш лебі еседі. Кезек оған да жетті. Қол жүгін тексеретін қондырғы Ақжарқынның сөмкесіне келгенде шыңғырып қоя берді. Жан-жақтан қалың жасауыл, сақшы жетіп келді. «Бұл кімдікі?» — дейді бір шенді. Қазақ қызы ағылшын тілінде: «Менікі» деп жауап берді. Қаптың аузы ашылды. Ішінде киім-кешекке оралған әппақ ұнтақ. Мұны көрген қыздың көзі  болды. Одан арғысы түсініксіз…

 

27 наурыз

Қаңыраған төрт қабырғада екі орындық, бір үстел ғана. Тағы да тергеу басталды.

– Саған есірткіні Малайзияға жеткізіп бер деген адаммен қарым-қатынасың қандай дәрежеде еді?

– Мен оны бірінші рет көрдім.

– Қытай заңы бойынша шындықты бұрмаласаң жазаң ауырлай түсетінін  білесің бе?

– Ескерткенсіз.

– …

– Есірткі тасымалдау мен адам өлтіргендерге біздің елде ату жазасы бар.

– Мен біреулердің арандатуына түстім ғой. Сіздің елдегі заң мұны ескермей ме?

– Дәлел-дәйегің болмаса, жағдайың қиын.

– Мен Қазақстан азаматымын. Маған ату жазасы кесілмейтін шығар?

– Ол қылмысыңның ауыр-жеңіліне байланысты.

 

Ана жүрегі ауырады

Тұтқында жатқан қыздың анасы Зуһраның жүрегі мына тәлейсіз тағдырды ойлағанда, езіліп кетеді. Ол қызғалдақтай құлпырып тұрған қызының мезгілсіз солатынына күйеді. Қытайдан қорғаушы жалдау үшін қыздың ата-анасы 10 мың АҚШ долларын жинап беріпті. Бірақ ол қорғаушы сұраған ақшаның жартысы ғана. Қызын мына тас түнектен құтқару үшін енді олар туыстарының үйін кепілге қойып, банктен қомақты ақша алмақшы.

 

Сол күні

Гуаң Жудың аспаны бұлтты ма, әлде биік-биік үйлерден көктің жүзі көрінбей ме, көзталмадан күн нұры әлсіз жарық шашады. Ақжарқынның бойы тоңып, қалтырап бара жатқандай…

 

Жарас Кемелжан

Алдыңғы ақпаратШөген доп
Келесі ақпаратӨМІР. ӨРТ. АРПАЛЫС

ПІКІР ЖАЗУ