ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева зорлық-зомбылық заңнамасындағы өзгерістерді айтып берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
2022 жылдың қыркүйегінде Президент Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берген еді.
1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер заңды күшіне енді.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жәбірленушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнгенде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгенде агрессорларға арыз жазудан бас тартады. Көбінесе полиция кеткен соң отбасындағы жанжал әрі қарай ушығып, кейде бұл ауыр зардаптарға әкеліп соғады. Осыған байланысты, енді тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түскенде полицейлер сол жерде болған оқиғаға құқықтық баға береді. Хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен полицейлердің өздерінің бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды», — деді А. Серікбаева министрлікте өткен онлайн брифингіде.
Мысалы, әйел отбасылық жанжал бойынша қоңырау шалса, полиция келгенде шиеленіс шешіліп, ер адам өзінің заңсыз әрекетін тоқтата қояды. Өз кезегінде, әйел арыз жазудан бас тартады, бірақ өзіне қатысты құқықбұзушылық жасалғанын түсіндіріп айтады. Оның айғақтарына сүйене отырып, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары қабылданатын болады (ӘҚБтК 785-бабы). Олар: барлық айғақтарды қарап тексеру, бөлімшеге жеткізу, әкімшілік ұстау, медициналық куәландыру және тағы басқалар.
«Сотта құқық бұзушының жәбірленушімен татуласу мүмкіндігі бар, бірақ соңғы өзгертулер бойынша тек бір рет қана татуласа алады. Яғни отбасылық жанжал жасаушы бірінші рет сотта жәбірленушімен татуласса, бұл әрекеттері келесі қайталанғанда оларды татуластыруға соттың заң бойынша құқығы жоқ. Отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады.
Қайта жасалған жағдайда – 10 тәулік қамауға алу, ұрып-соғу фактісі үшін – 10 тәулік қамауға алу, қайталанса – 20 тәулікке қамау көзделген», — деді спикер.
Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін – 15 тәулік, ал қайталанса 25 тәулікке қамау жазасы бар.
«Сонымен қатар қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактілері үшін қоғамдық жұмыстарды тағайындау мәселесі пысықталуда. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымды азайтуға мүмкіндік береді», — деді А. Серікбаева.