Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Парламент регламентіне енгізілген өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«Бүгін қарастырған мәселеге тоқталсақ, биыл 5 маусымда өткен референдум аясындағы конституциялық реформаны жүзеге асыру бағыты талқыланды. Біріншіден, биылғы күзде барлық конституциялық және өзге де заңдар Конституцияның жаңа редакциясына сәйкестендірілді. Енді бұл өзгерістер Парламенттің өзінің қызметіне қатысты бірқатар заңға және Үкімет туралы заңдарға қатысты болғандықтан, біз оларды сәйкестендіріп жатырмыз», — деді А.Перуашев Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, түзетулер аясында фракция депутаттарының құқықтарының кепілдіктеріне қатысты бірнеше нормалар бекітілді.
«Енді регламентте парламенттік партиялардың фракция өкілдерінің сөз сөйлеу құқығына кепілдік берілгені тікелей көрсетілген. Сонымен қатар, олар мәлімдеме жасаған кезде қосымша уақыт беріледі», — деді депутат.