Әлемнің 180 елінің мемлекеттік туын жатқа білетін Астана қаласындағы мектептердің бірінің оқушысы 6 жасар Ерген Дүйсенбек Оқу-ағарту министрлігінде еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаевпен кездесті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми Telegram-арнасының жазуынша, кездесуге Ерген тулар жинағын әкеліп, білімін көрсетті. Кішкентай білімпасздың арманы осы елдердің бәрін аралап, көзбен көру екен.
Ерген әлемнің барлық мемлекетінің туын білгенмен, соның ішіндегі ең әдемісі біздің елдің туы деп есептейді.
«Мен есейгенде атақты адам болып, көк байрағымызды бүкіл әлемге танытып, көкке көтергім келеді», – деді Ерген Дүйсенбек.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бірінші сынып оқушысы Ерген Дүйсенбекпен әңгімелесіп, оған грамота мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Министр Ергеннің ата-анасына ақылды және тәрбиелі ұрпақ тәрбиелегендері үшін алғыс айтты.