Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова шетелде еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Сыртқы істер министрлігінің деректеріне жүгінсек, биылғы бірінші тоқсандағы есеп бойынша Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Біз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания және басқа да елдермен ондағы Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдерге бастамашылық ету үшін қосымша шаралар қабылдадық», — деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.
Оның сөзінше, азаматтарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заңды түрде орналасуы үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment permit System – EPS) қосу мәселесі пысықталып жатыр.
«Бұл ретте migration.enbek.kz сайтына тіркеле отырып, осы жүйе арқылы жұмысқа орналасуға болады. Оны еңбек ұтқырлығы орталықтары жүзеге асырады. Шетелде жұмыс істегісі келген адам алдымен тіл үйренеді, міндетті медициналық тексеруден өтеді, сосын шетелге шығатын құжаттарын рәсімдейді», — деді Тамара Дүйсенова.