Биыл ел Парламенті қабылдаған бірқатар заң 2023 жылы 1 қаңтарда күшіне енеді. Олардың арасында Салық кодексі, Әлеуметтік кодекс, Конституциялық сот, базалық көрсеткіштер, банкроттық сынды маңызды тақырыптар қамтылған. Осы орайда Arda-ақпарат тілшісі келер жылы ең заңнамасында болатын басты өзгерістерге шолу ұсынады.
2023 жылғы айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі жалақы мөлшері
Жыл басында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң өз жұмысын бастайды.
Бұл құжатта бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, ортақ зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-дан 55 АЕК-ге дейін арттыру, сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін өсіру бойынша түзетулер қамтылған.
Осылайша, 2023 жылға ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) – 70 мың теңге; айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге болып бекітілді.
Сонымен бірге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 21 907 теңге, ал зейнетақының ең төменгі мөлшері – 53 076 теңге болып жазылған.
Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс көлемі 40 567 теңге мөлшерінде айқындалған.
Конституциялық cот 1 қаңтарда іске қосылады
БиылПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2022 жылғы маусымда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша бірқатар маңызды заңдарға қол қойды.
Атап айтқанда, конституциялық реформа аясында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде Конституциялық Сот жұмыс істейді.
Енді қазақстандықтар Конституциялық сотқа тікелей жүгініп, өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғай алады. Бұл ретте азаматтармен бірдей құқық Бас прокурорға және адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі. Бас прокурордың құқық қорғау функциясы күшейтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бұл субъектілердің Конституциялық Кеңеске жүгінуге құқығы жоқ екенін атап өтті.
Сонымен бірге, Конституциялық Сотта өтініштерді қарау рәсімі жалпы соттардағы іс жүргізу тәртібінен түбегейлі ерекшеленеді.
Конституциялық Соттың өтініштерді қарау тәртібі жалпы алғанда бес кезеңнен тұрады. Біріншіден, Конституциялық Сот Аппаратының өтініштерді алдын ала қарауы ескерілген. Екіншіден, конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау жүргізіледі. Үшіншіден, Конституциялық Сот отырысында өтінішті қарау үшін материалдар дайындалады. Төртіншіден, өтінішті қарау бойынша отырыс өткізіледі. Ал соңғы кезеңде өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылданады.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Заң күшіне енеді
12 желтоқсан күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық несиелер жарты триллион теңгеге жеткенін, миллионнан астам адам берешегін төлей алмай отырғанын баса айтты. Олардың көбі үмітсіздіктен ескі несиені өтеу үшін жаңасын алуға мәжбүр. Сондықтан, Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Жеке тұлғаларды оңалту және олардың банкроттығы туралы» Заң іске қосылуға тиістігін айтты.
Қазір аталған заң жобасы Парламентте талқыланып жатыр. Оған сәйкес, Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерінің үш түрі қолданылады: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі.
«Банкрот» деп жарияланған соң азаматтар:
— 5 жыл бойы қарыздар мен несиелер ала алмайды;
— банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдана алады.
Сондай-ақ банкроттықтан кейінгі 3 жылда банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделген.
2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдында 7,8 млн адам 14,3 трлн теңгеден астам сомаға қарыз болған.
Одан бөлек, Үкімет пен Парламентте жеке адамдарды банкрот деп жариялау кезінде жалғыз баспананы қалдыру мәселесі тағы талқыланады.
Салық кодексіне қандай түзетулер енді
Бұған дейін Парламентте «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданған еді. Мұнда айтарлықтай маңызды өзгерістер қамтылған.
Мәселен, 2023 жылдан бастап кейбір қызмет түрлеріне бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) қолдануға рұқсат етілмейді.
Ұлттық экономика министрлігі Президент тапсырмасына сәйкес, жиынтық жүктемені азайтып, микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Қазіргі уақытта жалақы қорынан әртүрлі мөлшерлемемен, есептеу базаларымен бірнеше төлемдер жасалады. Бұл төлемдердің бәрін бір төлемге біріктіру ұсынылды. Жеке табыс салығы есебінен де жүктемені азайту көзделеді, өйткені әлеуметтік төлемдердің мөлшері қызметкерлердің келешектегі жалақысына әсер етеді.
2023 жылдан бастап Қазақстанда темекі өнімдеріне акциздер мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру басталады. Бұл үшін Салық кодексінің 463-бабы 4-тармағы 1) тармақшасының 14, 15, 16, 18, 21 және 22-жолдары өзгертілген.
Фильтрі бар темекі үшін:
— 2023 жылы – 14 100 теңге/1 000 дана;
— 2024 жылы – 15 900 теңге/1 000 дана;
— 2025 жылы – 15 900 теңге/1000 дана.
Сондай-ақ, сигариллаларға акциз ставкалары темекіге акциздің ставкаларына теңестіріледі. Қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың өлшем бірлігі килограмнан данаға өзгертіліп, оларға акциз темекіге акциз мөлшерінің 70 пайызы деңгейінде бекітілді:
— 2023 жылы – 9 870 теңге/1000 дана;
— 2024 жылы – 11 130 теңге/1000 дана;
— 2025 жылы – 11 130 теңге/1000 дана.
Кодекстегі өзгерістерге сәйкес, электронды темекіде қолдануға арналған картридждерде, резервуарларда және басқа контейнерлердегі никотині бар сұйықтық мөлшерлемесі жоғарылайды:
— 2023 жылы – 53 теңге/миллилитр сұйықтық;
— 2024 жылы – 55 теңге/миллилитр сұйықтық;
— 2025 жылы – 55 теңге/миллилитр сұйықтық.
Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап зергерлік бұйымдарды өндірушілер қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатылады.
Бұл құжатқа сәйкес, балық аулау кәсіпорындарына да балықты өңдеу кезінде ҚҚС-ты 70%-ға төмендету бойынша норма ұсынылған. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіретін шаруашылықтар қолданып отыр. Қант өндірісін ынталандыру үшін құрақ қант шикізатының импортын ҚҚС-тан босату, қант өндірушілерге ҚҚС жеңілдіктерінің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылады.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық майнинг төлемінің ставкалары өзгереді.
2023 жылы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда цифрлық майнинг үшін төлемақы мөлшерлемесінің прогрессивті шкаласы қолданылады.
Арзан электр энергиясын пайдалану кезінде жоғарғы шкаласы 25 теңгеге жететін жоғары төлем ставкасы қолданылатын болады. Құны 1 киловатт-сағат үшін 24 теңгеден және одан қымбат электр энергиясын пайдаланған жағдайда 1 теңге мөлшерінде ең төменгі төлемақы мөлшерлемесі қолданылмақ.
2023 жылы шілде айында Әлеуметтік кодекс қабылданады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды әлеуметтік қолдауды жақсартуға бағытталған Әлеуметтік кодекс жобасын әзірледі. Бұл кодекс әлеуметтік сын-қатер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз етеді, азаматтарға өмір бойы қолдау көрсетеді.
Әлеуметтік кодекс жобасында отбасының Цифрлық картасы арқылы әлеуметтік-мемлекеттік кепілдіктер проактивті форматта беріледі, осы арқылы отбасылардың әлеуметтік сын-қатерінің алдын алу жүйесін қалыптастыру көзделген.
Жұмыспен қамту саласында да еңбек күшінің кәсіби дағдыларын күшейтуді, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту мен реттеуді, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тартуды, ішкі көші-қонды реттеуді, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға айналдыруды және қызметтерді ауқымды цифрландыруды көздейтін жаңа саясат құрылуда.
Осы құжат шеңберінде бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту, мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің қатысуымен көпдеңгейлі зейнетақы жүйесін құру арқылы азаматтарды зейнетақымен қамту жетілдіріліп келеді.
Әлеуметтік кодекс жобасында балалы отбасыларға мемлекеттік қолдауды кеңейту көзделеді. Президент тапсырмасымен отбасыларға Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын бөлу жолымен 18 жасқа дейінгі балалар үшін бастапқы капитал жинау түрінде қосымша қолдау енгізілуде.
Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтімі бойынша жәрдемақы және әлеуметтік төлем төлеу мерзімдері бір жарым жылға дейін ұлғайтылады.
Әлеуметтік әділет орнату үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері сараланады. Мәселен, «Алтын алқа» алған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға жәрдемақы 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.