Четверг, 28 ноября, 2024

2029 жылға дейін Қазақстанда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

2023 жылы 15,3 млн шаршы метр баспана тапсырылады. Бұл туралы елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2029 жылға қарай барлық көздер есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның ішінде 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр баспана тапсырылады», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ 5 мың шақырым инженерлік желілер жаңғыртылып, жаңа Құрылыс кодексі Мәжіліске енгізілмек.

Көлік инфрақұрылымы саласында 2025 жылға дейін республикалық жолдардың барлығын жаңғырту және жергілікті жолдардың 95%-ін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Биыл елімізде 3,6 мың шақырым жол құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылып, жыл соңына дейін 856 шақырымы пайдалануға беріледі.

Премьер-Министр былтыр қараша айында «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолының құрылысы басталғанын еске салды. Биыл маусым айының соңына дейін «Дарбаза-Мақтаарал», «Алматы станциясының айналма теміржол желісі» және «Бақты-Аягөз» жобалары бойынша техникалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған