Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында жылу жүйесіндегі қордаланған мәселелерді қалай шешу жоспарланып отырғанын баяндады, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«2023 — 2037 жылдар аралығында жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту жүргізілетін болады. Бірінші кезеңде, яғни 2023 жылдан 2030 жылға дейін ұзындығы 1,6 мың шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланып отыр, бұл тозу деңгейі 75 пайыздан асқан желілер.
Екінші кезеңде, 2030-2037 жылдар аралығында тозу деңгейі 50 пайыздан 74 пайызға дейінгі жылу желілерін ауыстыру жоспарлануда. Мұндай желілердің ұзындығы 3,7 мың шақырымды құрайды.
Тозу деңгейі 50 пайыздан төмен желілерді табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде ауыстыру ұсынылады.
Қазіргі таңда ең алдымен жергілікті атқарушы органдар жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, уәкілетті органның қарауына бюджеттік өтінімді енгізе отырып, жылу желілерінің жай-күйіне техникалық тексеру жүргізуі қажет», — деді ведомство басшысы.