3 дүркін Олимпиада және 11 дүркін әлем чеммионы Тедди Ринер Қазақстанда оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Оған шара кезінде ұйымдастырушылар шапан жапты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT..
Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, Тедди Ринер Қазақстан құрамасының ауыр салмақтағы спортшыларымен жаттығу жасады.
Осылайша, Алматы қаласындағы дзюдо Академиясындағы оқу-жаттығу жиынының алғашқы кезеңі мəресіне жетіп отыр.
Бұл жиын Франция дзюдо федерациясымен бірлесіп өткізілген. Еліміздің дзюдо федерациясының басшылары, бапкерлер мен Ұлттық құрама спортшыларынан бөлек, жиында көруге Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев пен Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов арнайы барды.
Франциядан келген мәртебелі қонақ – Тедди Ринер мен оның жеке бапкері Фрэнк Чамбилиге ұйымдастырушылар шапан жауып, қамшы тарту етті.
Айта кетейік, 2022 жылғы ел чемпионатының нәтижесі бойынша жасақталған Қазақстан құрамасының дзюдошылары 2 топқа бөлінді. Алматы қаласында дзюдо академиясында ауыр салмақтағы татами шеберлері жаттығу өткізіп жатыр. Ал Алматы облысындағы «Жаңашар» Олимпиадалық даярлау орталығында Қазақстан құрамасының 100-ге жуық спортшысы шеберлігін шыңдап жатыр.
Аталған жаттығу жиыны Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов, әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев, франциялық жаттықтыпушы-кеңесшілер Ксавье Монденкс және Стефан Трайно жетекшілігімен өтеді.
Жалпы жиыны 22 қаңтарға дейін жалғасады.