Қостанай облысы Лисаковск қаласында ерекше отбасы тұрады. Ерлі-зайыпты Рустам Шүкіров пен Муззама Мансұрованың 36 баласы бар. Оның үшеуі туған балалары болса, қалғанын асырап алған, деп жазады ARDA-AKPARAT.
Басылымның мәліметінше, Рустам мен Муззама көпбалалы отбасында өскендіктен өздері де үлкен отбасы болуды армандаған. Бала асырап алу туралы шешімді қабылдауға отбасында болған қайғылы жағдай әсер еткен. Олар өз кіндігінен шыққан үш баласын жер қойнына тапсырған. Бірақ, қуанышқа орай, үш баласы аман. Үлкен ұлдары Юлдаш пен Шерзод кәмелетке толған, ал қызы Шакира — 16 жаста, ата-анасымен бірге тұрады.
«Шакира кішкентай кезінде бірге ойнайтын ешкімі жоқ екенін, жалығып кететінін айтатын. Содан өзімізге арман болып жүрген — балалар үйінен бала асырап алуды жөн көрдік. Бір-екі бала асырап аламыз деп бардық. Бардық, кездестік, бірден жеті баланы алдық. Осылай жалғаса берді, — дейді Муззама.
Рустамның сөзінше, балалар тез өсіп кететіндіктен, жұбайы екеуі тағы да бала асырап алуға қарсы емес.
«Біз немере-шөбереміз болса деп армандаймыз. Неліктен көп бала асырып алып жатқанымызды және мұндай қажеттілік қайдан туындағанын өзіміз саралап көрдік: бұрын өзіміздің дүкеніміз болатын, бізді Лисаковскіде жеміс патшасы деп атайтын. Біз 90-шы жылдары көтерме саудамен айналысқанбыз, сондықтан балаларды бір-екіден алмаймыз», — деп езу тартады көпбалалы әке.
Басылымның жазуынша, Муззама мен Рустамның үйіндегі тоңазытқыш жай тоңазытқыш емес, өнеркәсіптік мұздатқыш. Оның іші азық-түлікке толы. Ерлі-зайыптының сөзінше, отбасы тек табиғи өнімдерді тұтынады. Негізінде барлығын Муззама өзі дайындайды екен.
Олардың сөзінше, балаларды тамақтандыру аса қиындық тудырмайды. Отбасы үшін таңғы, түскі және кешкі ас дайындауға арналған тұрмыстық техниканың барлығы дерлік өнеркәсіптік болғандықтан барлығын Муззама өзі жасайды. Ал Рустам оған көмектесетін көрінеді.
Айта кетерлігі, отбасы күніне 30 бөлке нан тұтынады. Үлкен қыздары анасына ас бөлмеде ыдыс-аяқты реттеуге көмектеседі екен.
Отбасында жасы үлкен балалар кіші іні-қарындастарына үй тапсырмасын орындауға көмектеседі, спортта үлгі көрсетеді.
Басылымның хабарлауынша, қазіргі таңда Рустам мен Муззаманың тәрбиесін көрген сегіз бала басқа қалада білім алуда. Патронаттық ата-аналар оларды еш ұмытпайтындарын айтады. Оларға баспана тауып беріп, азық-түлік жіберіп тұрады. Ал мереке күндері балалар үнемі үйлеріне келеді екен. Үйдің кенжесі — алты жаста. Ол келесі оқу жылында бірінші сыныпқа барады.