2023 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 56 адамнан тұратын екінші эшелоны қажетті іздестіру-құтқару құралдарымен Түркияның Газиантеп провинциясына келді. Дәл осы арнайы ұшақ Түркиядан Қазақстанға 64 адамды жеткізді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге қосымша көмек көрсету үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің екінші эшелоны қажетті іздестіру-құтқару құрал-жабдықтары тиелген ұшақпен 8 ақпанда Газиантеп қаласына келіп жетті.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен кері рейспен ИЛ-76 ұшағымен 64 адам — Қазақстанның 42 азаматы және Қырғызстанның 22 азаматы Астанаға қайтарылды. Елге оралған азаматтар Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан келген», — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Түркияда 75 мыңға жуық қазақстандық болуы мүмкін.