Петропавлда жолаушы автобус жүргізушісін тұншықтырып өлтіре жаздады. Әлеуметтік желіде оқиғаның видеосы тарады, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Кадрдан ер адам аялдамаға жетпей қалғаны үшін жүргізушіге шабуыл жасаған.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 8 сәуірде сағат 19:30 шамасында Петропавл қаласында 5 «М» бағытындағы автобуста жолаушы қажетті аялдаманы өткізіп алып, жол ақысын төлеместен автобустың ортасындағы есіктен шықпақ болған. Автобус Қизатов көшесіндегі аялдамада тоқтап тұрған кезде ер адам жүргізушімен және басқа жолаушымен жанжалдасып, бұзақылық әрекеттерін жасаған.
Осы факт бойынша облыс орталығының 67 жастағы тұрғыны ұсталды.
ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша соталды тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазір тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.