Respublica партиясының бірқатар өкілі Парламент депутаты болғаннан кейін ғана ҚР заңды ойын бизнесіне қарсы атышулы науқанды бастады. Бұл ақпараттық науқанның түрі де, стилі де, әдіс-тәсілі мұның артында әлдебір бизнес тұр деп тұжыруға итермелейді.
Жалған ақпаратты құрал қылғандар
Соңғы екі айда жаңадан сайланған депутаттар ойын индустриясы және оның қоғамға кері әсері туралы бірқатар мәлімдеме жасады. Жерден жеті қоян тапқандай «сенсация» жасаған мәлімдемесінде Қазақстанда 700 мың оқушы үнемі бәс тігеді, яғни ойнайды дегенді меңзейді.
Бұл туралы маусым айының басында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәрсенғалиев БАҚ-қа берген сұхбатында «Қазір Қазақстанда 700 мың оқушы онлайн букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтарында кемінде бір рет бәс тіккен» деді. Кейінірек бұл мәлімдеменің өңі өзгеріп, «Қазақстанда 700 мың оқушы құмар ойыншы» деген қисынсыз ақпарат тарай бастады. Respublica партиясының өкілі Берденовтің маусым айындағы сұхбатында ҚР-да букмекерлерге, лотоларға және бәс тігетін басқа да ойын бизнесінің субъектілеріне толық тыйым салу қажеттігін мәлімдеп, бұл дерекке бірнеше рет сілтеме жасайды.
Депутат Сәрсенғалиев «Караван» газетінің 700 мың оқушының құмар ойыншы екені жайлы мәліметтің қайдан алғанын сұрағына ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бергенін айтты. Бір қызығы, аталған комитет бұл ақпараттың қайдан шыққаны туралы біздің редакциялық сауалымызға жақ ашпады. Заң бойынша журналистке ресми жауап беруге 14 жұмыс күні өтсе де, ведомство ләм-мим демеді. Бұл депутат мырзалар Сәрсенғалиев, кейін Берденов сілтеме жасаған статистиканың дереккөзіне заңды күмән тудырады.
«Мұндай болуы мүмкін емес»
Жуырда ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл мәселеге Мәжіліс кулуарында пікір білдіріп, күмән келтірді. «Елде 2,5 миллион оқушы бар, егер соның 700 мыңы бәс тіксе, онда әрбір үшінші оқушы ғой? Бұл қате, шындыққа жанаспайды. Мұндай жағдай болуы мүмкін емес», — деді министр.
Шынында да, бұл деректің дұрыстығына қатысты заңды сұрақтар туады, өйткені елдегі мектеп оқушыларының үштен бір бөлігі (оның ішінде бастауыш сынып оқушылары да) қандай да бір құмар ойынға бәс тігетін болып тұр ғой. Ойын автоматтары заңнамаға сәйкес, тек арнайы ойын аймақтарында болады әрі кәмелетке толмағандарға ойнауға тыйым салынған. Букмекерлік кеңсеге келсек, Қазақстанның ресми тіркелген лицензияланған БК-де кәмелетке толмағандар офлайн да, онлайн да бәс тіге алмайды. Балалардың спортты жақсы білуі күмән тудырады, себебі бұл жерде белгілі бір спорттық сайыстың нәтижесіне болжам жасалады ғой.
Әйтсе де, Берденов, Сәрсенғалиев және олардың әріптестері осы дүдәмал дерекке сілтеме жасай отырып, екінші ай қатарынан Қазақстанда бірінші кезекте букмекерлік кеңселерге (байқадыңыз ба, астыртын онлайн казино емес, заңды лицензияланған букмекерлерге) толық тыйым салу керектігін айтады. Жалған ақпарат (700 мың оқушы лудоманнан басқа да күмәнді деректер жетеді) танымал ақпараттық науқанның құралына айналды.
Оффшордың мүддесін ойлаған лоббизм бе?
Соңғы айларда Respublica партиясынан сайланған депутаттар мен олардың әріптестері таратқан ақылға сыйымсыз популистік ақпараттық науқан қайран қалдырады. Бір қызығы, ҚР-дағы барлық заңды (мемлекет лицензия берген) құмар ойын бизнесіне және оның жарнамасына толық тыйым салуға жаңадан сайланған депутаттар тобы білек сыбана кірісіп отыр. Бірақ неге екені белгісіз, заңсыз, астыртын ойын саласына мән бермейді. Мәдениет және спорт министрлігінің уәкілетті органы мыңдаған заңсыз сайтты бұғаттап, онлайн рулетка, лото және букмекерлік кеңселерді жауып, ашық күрес жүргізіп келеді. Мәселен, 2023 жылдың басынан бері елімізде заңсыз жұмыс істеген 3670 интернет казино бұғатталды.
Заңсыз ойын құрылымдарының (яғни, қазақстандық лицензиясы жоқ ойын саласының операторлары, шетелдік лотереялар, онлайн казинолар, Виргин аралдарының және басқа да оффшорлық аймақтардың букмекерлері) тайраңдағаны соншалық, елімізде өздерін еркін сезініп, тіпті «корпоративтік» кездесулерін ашық өткізіп жүр. Мамыр айының соңында Алматыда өткен «Kinza Kazakhstan 2023» конференциясына құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша 2000-нан астам аффилиат қатысты. Олар Қазақстанның заңына томпақ көптеген заңсыз шетелдік онлайн казинолар, лотереялар және қазақстандық ойыншылардың бәс тігуін лицензиясыз қабылдайтын букмекерлер.
Жақында «Kinza Kazakhstan 2023» кешіне 25 күн қалғанда ҚР Құқық қорғау органдарына Алматыға заңсыз iGaming операторлары және олармен жұмыс істейтін аффилиаттардың келетіні туралы ақпарат түскені хабарланды. 29 маусымда Қазақстанның үш қаласында заңсыз онлайн құмар ойындарға байланысты ресейлік релоканттарды қосқанда, бірқатар «Кинза» қатысушысын тінтіп, қамауға алды. Заң бойынша күдіктілер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленеді.
Бұл жағдай тым болмаса «оффшоршыларға» сабақ болып, айылын жиғыза ма, жоқ па айту қиын, бірақ оларды тезге салудың ауылы әлі алыс сияқты.
Жақында танымал журналист Михаил Козачков Қазақстандағы заңсыз онлайн ойын бизнесі кез келген смартфоннан қолжетімді екенін растайтын қарапайым эксперимент жүргізді. «Google бірден 1win қазақстандық сайтын (айтпақшы, бұл «Kinza Kazakhstan» кешінің басты демеушілерінің бірі болған) табады. Міне сол кезде қазақстандық интернетте компанияның ешқандай заңды онлайн казиносы жоқ екенін анықталады. Әдетімше қайыра тексеріп, дереу тіркеліп, шотқа ақша салдым. Сайт менің жасымды (бәс тігуге 21 жастан бастап рұқсат) да, биометрияны (яғни басты әрі-бері бұру) да сұрамады, жеке куәлікті, ЖСН, тұрақты тіркеу мекенжайын да қажет қылмады. Ал мұның бәрі біздің заңнамада көрсетілген ғой. Мен өз картамнан шотқа 3 мың теңге аударып, бірден тенниске бәс тіктім. Шынымды айтсам, кімнің ойнағанын да білмеймін, бірінші кездескен матчтағы аутсайдерді таңдадым. Ақша бірден аударылды», — деді Козачков. Журналист ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жүгініп, осы сайттың заңды түрде жұмыс істеп жатыр ма деген сауалына вице-министр Ержан Еркінбаев 1win компаниясының Қазақстанда жұмыс істеуіне лицензиясы жоқ екенін айтқан. Заң бойынша рұқсаты жоқ, бірақ емін-еркін, ашықтан-ашық жұмыс істейді!
Бұл қазақстандықтардың жасын да, басқа да деректерін де сұрамай, лицензиясыз тайраңдап, бәс қабылдайтын мыңдаған «көлденең» кеңсенің бірі ғана. Қазір бір жылда мұндай сайттардың бірнешеуі бұғатталады. Бұл ойын саласында шешілуге тиіс негізгі мәселе емес пе?
Айта кетейік, мемлекет Kinza сияқты әртүрлі құрылымның жұмысын шектеуге қатысты ауқымды жұмысты бастады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің араласуымен ойын бизнесі, лотерея қызметі саласындағы заңнамаға, сонымен бірге ілеспе нормативтік-құқықтық актілерге 62 түзетуді көздейтін үш заң жобасы әзірленді. Бұл шаралардың барлығы заңсыз құрылымдардың Қазақстанда жұмыс істеуін шектеуге, заң бұзғаны үшін жауапкершілікті бірнеше есе арттыруға, құмар ойындардың жағымсыз әлеуметтік салдарының алдын алуға бағытталған.
Руслан Берденов пен әріптестерінің ұстанымы Қазақстандағы басқа да жаңадан пайда болған күрескерлердің заңсыз ойын құрылымдары туралы тіс жармайтынымен біртүрлі көрінеді. Тіпті, бір рет те айтқан емес. Есесіне құмар ойын бизнесінің заңды субъектілеріне қарсы шараларды қозғағанда алдарына жан салмайды. Бұл әрқашан «халық мүддесін қорғау» деген дәстүрлі популистік әдіс арқылы астыртын жүретін әлдебір сыртқы мүдденің лоббизмі туралы болжам жасауға итермелейді.
Астыртын казино идеясы депутаттар қалтасын қампайтады
Қоғамдағы мыңдаған астыртын онлайн рулетка, сайт құмар ойыншыларды өзіне тартатыны белгілі. Смартфонда жылтыңдап шыға беретін «1win» және т.б. жер жарған жарнамасы дәл қазір тез және оңай байып кетуге үндейді. Кез келген жасөспірімнен ешбір шектеусіз бәс қабылдайды. Қазақстан заңын елемейді, салық төлемейді. Адамды көпе-көрінеу алдайды (әлеуметтік желілерде ұтыстың берілмегені жайлы мысалдар жетіп артылады). Неліктен Берденов мырза және басқа да ойын бизнесіне қарсы шығып жүрген партияластары бұл туралы тіс жармайды?
Бұл ретте, ҚР-да салық төлейтін (бір букмекерлік компания жылына 110 млрд.теңгеден астам салық төлейді) және жауапты ойын қағидасымен жұмыс істейтін заңды ойын құрылымдарына тыйым салу екені айдан анық. Ал осы жағдайда нарықты заңсыз ойын бизнесі жаулап алады. Яғни, Руслан Берденов пен оның әріптестері құмар ойын мен бәс тігушілерді шектеу емес, керісінше көктемгі көктей қаулап өсуіне жол ашады.
«Заңды букмекерлік кеңселер мен заңсыз оффшорлық онлайн сайттардың айырмашылығын білген жөн. Заңды букмекерлік кеңселер мен құмар ойын операторлары жауапты ойынның барлық қажетті шарасын қолдана отырып, өз қызметін әлеуметтік жауапкершілікпен ұсынады. Заңсыз оффшорлық онлайн сайттарға келсек, оларда рұқсат етілген бәстің түріне де, клиенттің жасына да шектеу жоқ. Заңсыз онлайн казинода кәмелетке толмағандардың ойнауы бүкіл әлемдегі мәселе. ЕО-тың заңсыз бәс тігумен күрес жөніндегі кеңесінің деректеріне сәйкес, әлемде оффшорлық онлайн ойын құрылымындағы бәс тігудің жалпы сомасы жылына 1,7 триллион АҚШ долларына жетеді», — дейді 4H Agency халықаралық консалтингтік компаниясының CEO Илья Мачавариани.
Бұл жаһандық жүйенің Қазақстан сияқты елдерде лоббизмге жеткілікті ресурсы бар екені түсінікті, бұған «қазіргі таңда цифрлық клиенттік сервисті дамытудың болашағы зор» («Kinza Kazakhstan 2023» спикерлердің бірінің баяндамасынан алынған) деген мәлімдемеден соң көзіміз жете түсті. Осы тұрғыдан алғанда, лоббистердің заңсыз бизнес мәселесін көрмей, барлық тиісті заң мен норманы сақтайтын заңды бизнеске неліктен соншалықты шүйліккенін бағамдау қиын емес.
Шын мәнінде, жекелеген депутаттар шімірікпестен жалған сөйлеп, нақты кімнің мүддесін жоғары мінберден қорғайтыны қызық. Жақында Алматыда өткен «Kinza Kazakhstan» кездесуін ұйымдастырған жаһандық көлеңкелі құмар ойын бизнесінің мүддесі осы ма? Әлде басқа біреу (желіде блогерлердің осыған қатысты нұсқасы желдей еседі) ма? Қалай десек те, қанша жерден ақтасақ та, бұл «халықтың мүддесін» қорғауға әсте ұқсамайды.
Олжабек Байқуатов