Қарағанды облысы, Шет ауданында тұратын ақсақал Дәрібай Оспанов пауэрлифтингтен Азия, Океания және Африка чемпионатында ардагерлер арасында екі мәрте жеңіске жетіп, екі рекорд орнатты. Аталмыш додаға әлемнің 80 елінен спортшылар қатысты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Дәрібай Оспанов 74 жаста. Ол 83 кг салмақ дәрежесінде ардагер М-4 (70 жастан асқан) кіші тобында пауэрлифтингтің екі түрінде бақ сынады.
Классикада ол 400 келі жинап, жалпы есепте I орын алды. Экипировкамен өнер көрсетуде 450 келі жинап, мұнда да I орынға ие болды. Осылайша, Д.Оспанов ардагерлер арасында Азияның абсолютті чемпионы атанды. Ол сондай-ақ Азияның екі рекордын орнатты: экипировкамен жатып сығымдап көтеруде – 150 келі және көпсайыста – 450 келі.
«Мен спортқа ойда жоқта келдім. Ауыр жаттығулардың арқасында Азия мен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атандым, 63 жасымда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алдым. Әлемдік рекордты 2021 жылы 72 жасымда Теміртауда өткен Қазақстан чемпионатында қайталадым. Гонконгтағы чемпионатқа төрт ай дайындалдым. Әрине, қиын болды, бірақ жақсы нәтиже көрсеттім. Сегіз медаль жеңіп алдым, қазір он дүркін Азия чемпионы, әлемнің үш дүркін күміс жүлдегерімін», — дейді Дәрібай Оспанов.