Астанада парашютпен секірген ер адам жерге қонарда жамбасын сындырып, ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бұл хабарды марқұмның келіні әлеуметтік желіде жазған еді. Парашютпен секіруді ұйымдастырған компания болған оқиғаны растады.
«Расында да кеше ер адам жерге дұрыс қонбай, жамбасын сындырып алды. Оны жедел жәрдем алып кетті. Өкінішке қарай, бізбен ешкім байланысқан жоқ, бұл хабарды әлеуметтік желілердегі адамдардан біліп отырмыз. Бізде көп жылдық тәжірибесі бар білікті нұсқаушылар бар, нұсқаулық өте мазмұнды, қауіпсіздік ережелерінің барлық нюанстары қамтылған. Бізде кезекші дәрігер жоқ, бірақ қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажет нәрсенің бәрі бар. Жамбастың сынуы кезінде біз тек қана адамды қозғалыссыз қалдырып, жедел жәрдемді күте аламыз», — деп жазды ұйымдастырушы компания.
Бұл ақпаратты елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі де растады.
«Биыл 31 шілде күні Алматы ауданы ПБ кезекші бөліміне көпсалалы қалалық ауруханадан хабар түсті. Онда реанимацияда жатқан науқастың қайтыс болғаны айтылған. 58 жастағы ауыр жарақаты бар ер адамды жедел жәрдем бригадасы Астана-Көкшетау тасжолында орналасқан парашют клубынан осында жеткізген», — деп хабарлады ведомство.
Полиция басқармасы атап өткендей, осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.
Олардың нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы негізінде өзге деректер жария етілмейді.